Психология спортшылардың эмоциялық хал-ахуалы мен мотивациясында, сондай-ақ спорттық көрсеткіштерде маңызды рөл атқарады.
Жаны саудың жеңісі көп
864
оқылды

Саланың спорттық психология деп аталатын бағыты чемпион-дарды дайындауда қаншалықты маңызды екенін білмек болып, мамандардан жауап алуға тырысқан едік.

Гүлден САТЕМИРОВА, 

спорт психологі:

Спорт психологі – үш тарап арасындағы дәнекер маман

Спорт психологінің басты міндеттерінің бірі – спортшының шынайы мақсаттары мен тілек­терін жүзеге асыруына көмектесу. Балалар көбінесе олардың жоғары жетістіктерін армандайтын ата-аналардың ықпалымен спортпен айналыса бастайды. Алайда уақыт өте келе, жүктелген мақсат ауырт­па­лыққа айналуы мүмкін, бұл әсіресе жасөспірім кезінде, бала өз шекарасын қорғай бастағанда білінеді. Мұндай жағдайларда пси­холог спортшыға оның не үшін спортпен айналысатынын түсінуге және ондағы маңызды­лықты көруге көмектеседі. Терең әңгімелер мен сұрақтар арқылы жеткіншек спорттың жай ғана міндет емес, оның өмірінің бір бөл­шегі екенін, жетістікке жете алатынын түсіне алады.

Мотивациялық қолдау – спорт­­ психологі жұмысының тағы бір маңызды аспектісі. Жаттығу­дың бірқалыптылығы, қиын жарыстар және жеңілістер­ден кейінгі сезімдер тіпті ең мықты спортшыны да алаңдатуы мүмкін. Психолог жүріп өткен жол­ды көруге, жетістіктер мен сәтсіздік­терді талдауға, болашақ­ты көруге көмектеседі. Бұл спорт­шыға өз күш-жігерінің құнды­лығын түсінуге және оның жұ­­­мы­­­сы­­ның маңызды екенін се­зінуге мүмкін­дік береді.

Спортшының ата-анасымен бір кемеде болуы – тағы бір маңыз­ды дүние. Балалардың спорт­қа деген қызығушылығын жоғалтуының басты себептерінің бірі деп отбасының қысымын қарастырамыз. Ата-аналар өзде­рінің амбицияларының жетегінде отырып, кейде баланың сезімін ұмытып кетеді. Ал бұл өз кезегінде жанжалдар мен күйзелістерге әкеледі. Мұндай сәттерде спорт­ психологі өзара түсіністік ор­на­туға көмектесетін жалғау­шыға айналады. Ол ата-аналарға бала­сына қолдау көрсетудің қанша­лықты маңызды екенін түсіндіріп, оның сәтсіздіктерін сынамай, оның жетістіктері мен күш-жігеріне назар аударады.

Осылайша, спорт пси­холог­і- нің рөлі тек спортшымен жұмыс істеуден әлдеқайда жо­ғары. Ол бала, оның ата-анасы және жаттықтырушылар арасын­дағы дәнекерге айналады. Спорттық процеске қатысушылардың барлығына үйлесімділік табуға және ортақ нәтиже үшін жұмыс істеуге көмектеседі. Психологтің қолдауының арқасында көптеген жас спортшы дағдарыстарды же­ңіп, эмоциялық және психо­логиялық салауаттылықты сақтай отырып, жаттығуларын жалғас­тыра­ды және айтарлықтай жетіс­тіктерге жетеді.

Елена РУЗИНА, 

спорт психологі: 

Жеңімпаз психологиясын қалай қалыптастыруға болады?

Жеңімпаз психологиясы бала­ның дамуы кезінде қалыптаса бас­тайды. Бұл таңғажайып про­цесс тек денені ғана емес, соны­мен қатар жас спортшы­ның чем­пион болуына көмектесетін қа­сиет­терді де қалыптастырады. Тәр­тіп, шешім қабылдау, қате­лік­терді талдау және табысқа жету жолдарын табу қабі­леті – бұл ерте бала кез­ден қа­лыптаса бастайтын дағ­ды­лар және болашақ жеңіс­тердің негізіне ай­налады. 

Бастапқы кезеңдерде ата-ана мен жаттықтыру­шы маңызды рөл атқара­ды. Бала үшін олар – не­гіз­гі үлгі тұтар адамдар. Егер ата-ана мен жаттық­тырушы шешім қа­был­дау, жауапкершілікті сезіну және қиын­дықтарды шешу қабі­летін көрсетсе, бала өзінің бірегей қа­сиет­терін қоса отырып, олардан үйренеді. 

Бала дамуының әрбір кезеңі мақсаттар қоюды және оларға жету үшін тактикаларды әзірлеуді талап етеді. Жеңімпаз психоло­гиясын сәтті қалып­тастыру үшін мына аспектілер аса маңызды екенін білген жөн. Оның бірінші-сі – тәртіп. Тәртіпсіз жетістікке жету үшін тұрақты негіз құра алмайсыз. Бала режимді ұстануды, жаттығуларды орындау­ды және өз әрекеттерінде тәртіп­тілікті іздеуді үйренеді. Екіншісі – әуесқойлық. Бастапқы кезеңде спортқа деген қызығушылықты көбіне ата-ана қалыптастырады. Алайда уақыт өте келе баланың өзі спортпен айналыса бастайды, жетістіктер мен процестің қуанышын сезіне­ді. Үшіншісі – мотивация және ар­тықшылықты сезіну. Егде жас­та­ғы спортшы өз спортының ар­тық­шылықтарын түсінгені маңыз­­ды. Бұл оны таңдаған сала­сында тұрақтап қалуға және жоға­ры мақсаттар қоюға ынталан­дырады. Төртінші маңызды дүние – стратегия мен тактика. Үлкен жеңістерге жету үшін тактикалық қадамдарға бөлуге болатын нақты стратегия болуы керек. Бұл қа­дам­­дарды бірізді орындау үлкен же­тіс­тікке әкелетін шағын жеңіс­терге жетуге көмектеседі.

Салтанат МАХАНОВА,

бильярдтан екі дүркін ҚР чемпионы,

 спорт шебері, спорт психологі: 

Заманауи спорт психологиялық қолдаудың маңызын түсініп келеді

Өз тәжірибемде спортшылар ұшырасатын проблемалар кө­біне­се өзіне, өз күшіне сенбеудің, сенім­сіздіктің кесірінен болып жатады. ТМД елдері мен Қытайда спорт көбінесе әлеуметтік саты ретінде қарастырылады. Кейбір жағдайларда жаттықтырушылар тек тәлімгер емес, сонымен қатар психолог ретінде де жұмыс іс­тейді. Алайда олардың осы рөл­дердегі кә­сіби қабілеттері тек жеке тә­жірибе мен мінез-құлыққа байла­нысты. Спорт психологтері ай­мақ­та әлі де кеңінен таныл­маған және олармен жұмыс істеу жиі жаңашылдық ретінде қабыл­дана­ды, әсіресе жаттықтыру­шы­лар­мен қақтығыс туғызуы мүм­кін. 

Спорт психологі командаға қосылғанда, жаттықтырушымен жиі текетірес болады. Бұл әртүрлі тәсілдерге байланысты: жаттық­тырушы нәтиже мен қаталдыққа, ал психолог спортшының ішкі күйі мен мотивациясына назар ау­дарады. Спортшыға тиімді кө­мек­тесу үшін спорт психологы ал­дымен барлық тараптардың мүдделерін ескеретін бірыңғай жұмыс бағытын құрады.

ТМД-ның заманауи спорты біртіндеп психологиялық қолдау­дың маңыздылығын түсініп келе жатыр. Спорт психологтері қа­таң жаттығулар мен эмоцио­нал­дық әл-ауқат арасындағы тепе-теңдікті сақтауға көмек­теседі. 

Табысты даму үшін ескірген тәсілдерді қайта қарап, өз-өзіне сенім мен психологиялық тұрақ­тылықтың спортшы дайындығы­ның аса маңызды элементтері болып табылатынын мойындау қажет, онсыз тұрақты нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес.

Әсет ҚАЛИ