Биыл қазақ театр сахнасында қайталанбас рөлдері арқылы көрермен жүрегінен орын таба білген актер, сәулелі ғұмырын театр мен кино саласына арнаған өнер майталманы Сағызбай Қарабалин жетпістің белесіне шықты.
Сағызбай Қарабалин, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі: Адамның көзі – ішкі жан дүниедегі сезімдерді  жеткізуші
2,999
оқылды

Терең әрі мазмұнды қойылымдарда сомдаған рөлдері арқылы көпшіліктің ықыласына бөленген актер бүгінде Алматы шаһарындағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жемісті еңбек етіп келеді. Таяуда ғана Сағызбай атамыздың мерейтойы аясында актер шығармашылығына арналған «Бекзат болмыс иесі. Масадан корольге дейін...» атты зерттеу кітабы оқырман қауымға жол тартты. Бүгінге дейін Сағызбай ата киноиндустрияда «Алпыстан асып барамын», «Первый отрицательный», «5.32», «Жат бауыр-2», «Жел тоқтаған жер», «Слово офицера», «Күй ғұмыр», «Жезтырнақ», «Сәке 2», «Ва банк», «Слепой эстошник» және тағы басқа фильмдер мен телехикая­ларда сомдаған ерекше рөлдерімен танылды. Біз де айтулы мерейтойына орай театр саңлағы Сағызбай Қарабалинмен кездесіп, сүбелі сұхбат құрып қайтқан едік. 

– Сағызбай ата, биыл саналы ғұмыры­ңызды өнер жолына арнағаныңызға 45 жыл уақыт өтіпті. Осынау жарты ғасырға жуық уақыт ішінде өзін-өзі қалыптастырған Са­ғыз­бай Қарабалиннің өнердегі алғашқы қадамы қалай басталды? Өзіңізді арманы орындалған бақытты актермін деп есептейсіз бе?

– Менің өнердегі алғашқы жолым 1971 жылы Қуыршақ театрынан бастау алған еді. Сол жылдары «Қазақфильмнің» кешкі актерлік курсына оқуға түстім. Ал күндіз күнкөріс қамымен жұмыс істеуге тура келді. Осы уақыт аралығында театр өнеріне деген талпыныс басталды. «Қазақфильмде» оқып жүрген уақытта сол жылдары түсірілген режиссер Болат Мансұровтың «Құлагер» фильміне, кейіннен «Көксерек» фильмінің түсіріліміне қатыстық. Қарап отырсам, екі жылғы өмірім құрылыс немесе өзге салада емес, өнер жолында өтіпті. 1973 жылы елімізге Мәскеуден М. Щепкин атындағы жоғары театр училищесі бір топ қазақ­стандық студентті оқуға қабылдауға келді. Нәтижесінде, сол жылы мен аталған театр училищесіне оқуға түстім. Мәскеуде бес жыл бойы білім алып, оқуды тәмамдаған соң 18 баланы Арқалыққа (Торғай облысы) жіберді. Өнердің нағыз жанашырына айналған Өзбекәлі Жәнібеков бізді театрға апарғаны есімде. Кейін 1988 жылы Торғай облысы таратылған соң театр Жезқазған облысына көшірілді. Ол қазіргі Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры. Мен мұнда 20 жыл бойы қызмет еттім. Арман ешқашан таусыл­майды. Бір арман орындалса, екінші жаңа арман пайда болатыны рас. Әсіресе, театр өнерінде қызмет ететін шығармашыл актер­дің арманы ешқашан таусылмайды деп ой­лаймын. Арман тоқтаса, демек шығарма­шы­лық тоқтады деген сөз. Кезінде 40 жылға жуық уақыт бойы режиссер Жанат Хаджиев­тің қасында болдым. Оның мына­дай бір қа­натты сөзі бар: «Актерді өлтіру үшін рөл бер­мей қойсаңдар болды». Актерге ешқан­дай рөл берілмесе, уақыт өте келе ол өше береді. Сондықтан актердің өмірі – сахна. 

Рөлдерімді халық дұрыс қабылдаса – миссиямның орындалғаны

– Жақында мерейтойыңызға орай Бейбіт Әлкееваның «Бекзат болмыс иесі. Масадан корольге дейін» атты зерттеу кітабы жарық көрді. Әріптестеріңіз сіз туралы «Сағызбай Қарабалин әзірге шығармашылық жолында «тоқтайтын» актер емес. Күн сайын жаңа қойылымдарда көрініп жүр» дейді. Театр саңлағын өнерде «тоқтатпауға» себеп болған өмірлік миссияңыз қандай? Өнердегі жүріп өткен жолыңыз арқылы басты месседжіңізді көрермен санасына жеткізе алдым деп ойлайсыз ба? 

– Бұл тұста көрерменнің қойылымды қабылдауына байланысты деп ойлаймын. Егер көрерменнен кері байланыс болмаса, біз рөлімізді ойдағыдай сомдай алмаға­ны­мыз немесе шығармамызды көрермен жүре­гіне жеткізе алмағанымыз, көңілінен шықпағанымыз деп білемін. 70 жасқа тая­ған шағымда өмірімде жаңа дәуір бастал­ғандай күй кештім. 2020 жылы Ғабит Мүсі­репов театрына қызметке келген режиссер, көркемдік жетекші Фархад Молдағали мені көріп, кейіннен «Лир патшамды таптым» деп айтатын. Бұл кездері Азамат Сатыбалды театрымызға директор қызметіне тағайын­далған еді. Ол Фархад Молдағалиды Сәбит Мұқанов атындағы Петропавл облыстық музыкалық драма театрынан Алматыдағы Ғабит Мүсірепов театрына ауыстырып, көркемдік жетекші ретінде жұмысқа орналастырды. Фархад Мәскеу сахнасында Шекспирдің «Лир патшасын» Константин Райкин сомдағанын көрген екен. Шығар­маны ұнатқан Фархад алдына «Қалай болса да, мен осы қойылымды сахналауым керек» деген мақсат қойды. Осыдан кейін ол маған Лир патшаның рөлін ұсынды. Лир патша­ның рөлін сомдау деген – бақыт. Ал сондай ерекше бақыт маған да бұйырды. Шынында, 2020 жылдан бастап мен үшін бөлек кезең басталғандай. Менің рөлдерімді халық дұрыс қабылдаса, көңіліне қонса – миссиямның орындалғаны. 

Рөлдердің ешбірі болмысыма сай келмейді

– Өнер – актер үшін өзін-өзі танудың құралы бола ала ма? Бүгінге дейін сомдаған рөлдеріңіз арқылы өзіңізді танып, терең болмысыңызды толық аша алдым деп санайсыз ба?

– Мен сомдаған рөлдердің ешбірі бол­мысыма сай келмейді. Театр мен кино сахна­сындағы рөлдерде мен басқа адаммын. Осыған дейін сомдаған бірде-бір рөлімнің өмірім мен жеке болмысыма ешқандай ұқсастығы жоқ. Әрбір рөліме дайындық барысында кейіпкердің табиғатын зерттей­мін, оның ойын, әдет-ғұрпын, қимылын, жүрген жүрісі мен сөйлеген сөзін бойыма қалыптастырамын. Бірақ рөл қалыптасқан кейіпкерден емес, менің бойымнан шығуы тиіс.

– Өзіңізді театр сахнасында ғана емес, кино саласында да бір-біріне ұқсамайтын әрқилы образдарыңыз арқылы жақсы біле­міз...

– Кейінгі кездері кинорежиссерлер мені көбіне мистикалық фильмдерге жиі шақыратынын байқаймын. Мәселен, олардың қатарында «Жезтырнақ», «5.32» және т.б туындылар бар. Шынымды айтсам, бастапқыда «5.32» веб-сериалында қані­шердің рөлін сомдауға қарсылық білдірдім. Себебі әр рөлді ойнау үшін кейіпкердің мінез-құлқын барынша бойыма сіңіруге тиіспін. Сол кейіпкерге айналып, оның ойымен жүруім қажет. Бірақ рөлді сомдап болғаннан кейін кейіпкердің мінез-құлқын бойымнан алып тастаймын. Веб-сериал режиссері Әлішер Утевтің өзі хабарласып: «Аға, сіз Голливудтың туындыларын қара­ңызшы. Әлемге әйгілі актерлер кинода қа­нішердің де рөлін сомдайды. Бұл – маман­дық. Сіз бұл рөліңіз арқылы қані­шерге айналып кетпейсіз», – деді. Осыдан кейін мен веб-сериалға түсуге ұсынысты қабыл алдым. Маған берілген рөл өз жан дүниемнен шынайы шыққанға дейін мен кейіпкердің образын сырттан іздеймін. Осылайша, мен рөлімді әрі қарай дамытамын. 

Ала сөмке арқалап кеткен кездер де бастан өтті

– Осы ретте бүгінгі киноиндустрия тыны­сына тоқталсақ. Сонау 90-жылдардағы қазақ киносының ахуалын да өз көзіңізбен көрдіңіз. Өткенімізбен салыстырсақ, қазіргі кино саласында өрлеу бар. Дей тұрғанмен, саны артқанмен кейде сапасыз дүниелердің шеті көрініп қалатыны жасырын емес…

– 90-жылдары Қазақстан киноиндус­триясы ғана емес, театр саласы да қиын жағдайға тап болды. Театрдағы қызметіміз­ден бөлек күнкөрістің қамын ойлап ала сөмке арқалап кеткен кездер де бастан өтті. Сол жылдары театрда жаңа қойылым қоюға қаражат болмады. Театр әртістерінің айлық жалақысы небәрі 7-8 мың теңге көлемінде еді. Тіпті, осы жалақының өзін тауып бере алмайтын жағдайға жеттік. Ал қолас­тындағы қызметкерінің жалақысын тауып бере алмай отырған театр қалайша жаңа қойылымдарды жарыққа шығармақ? Қо­йылымдарға театрдың бұрынғы декора­цияларын қайта өзгертіп қолдану арқылы күнімізді көрдік. Бір қызығы, сол кезеңде Жанат Хаджиев «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қойылымын, сондай-ақ атақты «Қыз Жібегін» сахналады. Ол 1986-1987 жылдары қазақ театр өнеріне реформа алып келді. 1991 жылы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қо­йылымын басқаша форматта қайта жа­рыққа шығарды. 2004 жылы 50 жасқа қара­ған шағымда Ғабит Мүсірепов театрына қызметке келсем, осы жылдан бастап менің кинодағы өмірім басталды. Өнердегі басты мәселе – сан мен сапа. Расында, алғашқы жылдары экранға шыққан туындылардың сапасы мәз болған жоқ. Әлі күнге дейін ақсап келе жатқан жағдайлар бар екені де жасырын емес. Кез келген кинопродюсер, кинорежиссер болмасын өзі түсіретін фильмге актер шақырғысы келетінін, бірақ оған қалтасы көтермейтінін айтады. Сондықтан кино мен театр саласындағы көптеген мәселенің түпкі шешімі қаражатқа келіп тіреледі. Қазір «шүкір» дейміз, фильмдер мен телехикаялардың сапасы жақсарды. Мен биыл кино саласында төрт бірдей жобаға қатыстым. 

– «5.32» веб-сериалында сомдаған рө­ліңізден кейін халық сізді қалай қабылдады?

– Шынымды айтсам, көшеде жүре алмадым (күлді). Мен қаланың сыртқы бөлігінде, ауылды жерде тұрамын. Бірер аптадан кейін веб-сериалды көрген балалар мені тани бастады. Әлі күнге дейін авто­бус­тың ішінде менен көз алмай қарап тұра­тындар көп. «5.32» веб-сериалы мені елге, әсіресе жас буынның арасында таны­мал етті. Алайда экрандағы рөлімді сомдау мен үшін оңайға соққан жоқ. Адамның көзі – ішкі жан дүниедегі сезімдерді жеткізуші. Кейіпкердің қуанышы мен қайғысын бо­йыңа сіңіріп, өзің арқылы сыртқа шыға­руың – көзің арқылы белгілі болады. Мен сомдаған қанішердің бойында қаніпезерлік, яғни адам қанына құштарлық сезімі бар. Оның жан дүниесі адамды бауыздап, қанның атқылағанын көргеннен ләззат алады. Түсірілім барысында мен сол ішкі күйді өн бойымнан өткізіп, барынша сезінуім қажет болды. Егер мен бұл сезімді сезіне алмасам, көрермен де рөлдің шынайылығына сенбейтіні анық. 

Өзекті мәселені ортаға салғың келсе, мәдениетті ұмытпа

– Қазақта «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген нақыл бар. Алайда қазіргі киноиндустрияның айналасында кәсіби білімі мен тәжірибесі жоқ әнші-блогерлер қаптап кеткен жоқ па?

– Жақында әлеуметтік желіні ашып қалсам, жас қыздар мен жігіттер мәде­ниет­сіздік танытып, әкімді жағасынан алып жатыр. Өкінішке қарай, олар «блогер» деген атына сай келмейді. Тіптен блогер емес, құдды бір нағыз арандатушы, бүлікші секілді. Тырнақ астынан кір іздеп, өзгелерді бір-біріне айдап салады. Егер қоғамдағы өзекті мәселені ортаға салғың келсе, ең бастысы мәдениетті ұмытпауы керек екенін айтқым келеді. Сосын тыңдай білу, дұрыс сөйлей білу маңызды. Елімізде блогерлердің іс-әрекетін заңдық тұрғыда бақылауға алу қажет деп ойлаймын. Олардың қоғамда өзіндік мәртебесі болғаны жөн. Ел ішінде кез келгенінің блогер атанып кетуі құптар­лық емес. Өйткені олар халық арасында шындыққа сәйкес келмейтін, бізге, ұлты­мызға кері әсерін тигізетін жалған ақпарат таратуы мүмкін. Бұл ретте заң органдары осы мәселеге көңіл бөлсе екен деймін. Әрине, көпшілік алдында жүрген блогердің барлығына бірдей күйе жаға алмаймын. Олардың қатарында әдепті, сауатты блогерлер де баршылық. Қазақтың ежелден келе жатқан «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген мақалы бар емес пе?! Бір блогердің іс-әрекетін, сөзін ұнатпаған адам екінші блогердің контентін қарағысы келмеуі мүмкін. Керісінше, екіншісі білімді болар. Сондықтан блогер ең біріншіден, мәдениетті, екіншіден білімді, үшіншіден, заңды жақсы білуге тиіс. Қазіргі киноин­дустриядағы тағы бір назар аударарлық мәселе – білімі мен актерлік шеберлігі жоқ адамдарды рөлге алудың қажеті жоқ. Актер деген мамандықтың атына кір келтіретіндер бар. Осы мәселеге келгенде қарның ашады. Иә, кейде нағыз тума талант, жастайынан өнерге берілген кішкентай талантты балалар кездеседі. Егер баланың білімі жоқ, бірақ кейбір кәсіби актерлерге қарағанда ішкі жан дүниесі экран арқылы көрерменге жетіп тұрса, рөлге неге алмасқа?! 

– Ата, жетпістің белесіне шыққан күллі ғұмырыңызда «әттеген-айлар» көп болды ма? Өкінішпен еске алатын, орындалмай қалған арманыңыз бар ма?

– Өмір «әттеген-айларсыз» болмайды. Жұмыс барысында немесе отбасы мәселе­сінде қиындықтар кездесуі мүмкін. Осы күнге дейін қатты өкінішке берілетін күр­делі жағдайларды бастан өткермеппін. Кейде балаларыңның мамандық таңдауда өз ізіңмен жүргенін қалайсың. Бірақ ба­ланың бойында талпыныс болмаса, «өз мамандығыңды өзің таңда, ол өзің қалап таңдаған сала болсын» деймін. 

– Балаларыңыз жайлы айтып қалдыңыз, білуімізше, сіз үйдің тұңғышысыз. Әулетте өнерге жақын адамдар бар ма?

– Иә, отбасымызда өнерге жақын жандар бар. Отбасымда әкем Махмет Қарабалин мен анам Ағипа Қарабалина 90 жасқа қараған шағында өмірден өтті. От­басымызда бес ұл, бес қыз бар. Мен үйдің тұңғышымын. Менен кейін бес ұл, бес қыз туды. Бес ұлдың бірі Алмас-Болат Қара­балин жол апатына түсіп, кейіннен алған жарақатының әсерінен жас кезінде өмірден өтті. Сол інімді театрдың гастрольдік ісса­парларына өзіммен бірге ертіп жүретінмін. Осының арқасында Алмас-Болат Қара­балин Бексұлтан Жакиевтің «Әке тағдыры» қойылымында Жеңісбектің қасында жүретін балалардың бірінің рөлін сомдады. Расында, ол театрға жастайынан үйір бол­ды. Егер Алмас-Болаттың көзі тірі болса, қазір нағыз өнер майталманы, талантты актер болар ма еді?! Тіпті, менен екі есе асып түсер еді. Себебі ол өнерді менен де артық жақсы көрді. Бірақ қара шаңырақта қалатын ұл болған соң әке-шешеміз оны ешқайда жібермеді. Кейінірек Алмас-Болат ауылда бір емес, екі халық театрын ашты. Бүгінде інімнен туған балалар да музыкаға әуес. Артында қалған балалары інімнің жолын жалғады. Менен кейін өмірге келген Жолдас есімді інімнің ұлы Әсет Қарабалин қазір «Заман» тобының әншісі. Қазір ұлым театрда дыбыс режиссері қызметін атқара­ды. Әзірге әулетімізде актер атанған ешкім жоқ. Шын мәнінде, актерлік өнер – оңай мамандық емес. Актер болу үшін балаларым менің өмір жолымдағы баспалдақтардан өтуі қажет. Сонда ғана өзің ойлаған мақсат­қа, нәтижеге қол жеткізуің мүмкін. 

Ауылды елді мекендерде нағыз таланттар көп кездеседі

– Ата, өнер әлеміне қадам басқысы келетін, актер болуды армандайтын өскелең ұрпаққа қандай ақыл-кеңесіңізді айтар едіңіз? Актердің бойынан табылуға тиіс ма­ңыз­ды үш қасиетті атап көрсете аласыз ба?

– Бұл мамандықтың тереңдігін бірер сөзбен айтып жеткізе алмайсың. Актерге қажет қасиеттер баланың өне бойында жас кезінен бастап қалыптасады. Ішкі жан дүниесі осы бір өнерге жетелейді. Өкініш­тісі, бойында актерге қажет қабілет пен таланты бар кейбір адамдар өз жолын тап­пай, басқа салаға бет бұрып жатады. Әсіресе, ауылды елді мекендерде нағыз таланттар көп кездеседі. Актерге қажет негізгі үш қасиет: көре білу, ести білу, сезе білу. Көрген сәтте жай ғана қарау емес, адамның ішкі жан дүниесінің сезімін көре білу қажет. Жоғарыда аталған үш сезім актерлік өнерде маңызды орынға ие. Сахнада актерге қажетті тағы бір маңызды үш әрекет бар: сөз әрекеті, ой әрекеті, іс-қимыл әрекеті. Бұл әрекеттерсіз қойылым сәтті жүзеге аспайды.

– Әңгімеңізге рақмет! Ғұмырлы болыңыз! 

Сұхбаттасқан

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ