2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Елде он жылдай бұрын дуальды білім беру енгізілді.
Техникке жарыған елдің болашағы жарқын
379
оқылды

Жауапты шенеуніктер ұзақ дайындалды. Білім министрлігі «Дуальды оқытуды ұйымдастыру қағида­ла­рын» тек 2016 жылы қабылдады. Содан бері бұл жобадан не нәтиже шықты? Осы жүйеде білім алғанның орта есеппен тек 20%-ы өндірістен орын табады. Сарап­шылар бес жылдан кейін елде кәсіптік техникалық мамандар тапшылығы мил­лион­ға жетеді деп отыр. Дуальды білім неге өзін ақтамады? Қайтсе кемеліне келеді?

Дуадай болған дуальды білім

Қазақстанда дуальды білім беру про­­цесі 2012 жылы бас­­талды: сол жы­лы «Қазақстан – 2050» стра­те­гия­­­­сында бел­­­гі­лен­ді. Осы халық­ара­лық озық мо­дель қазақ елін жар­­қын бо­­­­­­­­лашаққа жет­кізетін те­тік­тердің бірі ретінде ұсы­нылды. Бір­ақ ол бір­ден өмірге жолдама алма­ды, оны ен­гізуге мем­ле­кет те, оқу орындары да, кәсіпорын­дар да дайын емес еді. 

Бизнес тарапынан қарсы­лық бай­қалды. Мысалы, Тау-кен өн­ді­ру­­ші және тау-кен металлур­гия­лық кә­сіп­орын­­дар­дың республи­ка­лық қауымдас­ты­ғының ат­­­қару­­шы ди­рек­торы Ни­ко­лай Радостовец ор­та­сының ор­­­тақ пі­кірін білдірді. «Бізде қауіп­­­­­­­­­­­сіздік техникасы бар, ол қа­­таң сақталуы қажет. Қаупі жо­ғары өн­діріс ор­нына жас ба­ла­лар­ды қа­­лай жібереміз, жұмысшы­лар­­­дың аяғына орал­ғы болуы да мүм­­кін», – деп күмән­данды.

Сол кездегі Білім және ғылым ми­нистрі Аслан Сәрінжіпов (2013–2016) «Дуальды оқытуды ұйым­дастыру қағидаларын» өз бұй­рығымен тек 2016 жылғы 21 қаң­тарда бекітті. Содан бері оны да­мыту мәселелері Үкімет оты­ры­сында үнемі талқыланып, тиіс­ті бума-бума құжаттары қа­был­данды. Дуалы сөздей сенім-үміт­пен ауызға алынатын дуальды білім беру бертінде мәнін жоғал­тып, сәнді болудан қалды. 

Салаға арналған қазіргі мем­ле­кеттік бағдарламаның атауын­да, тіпті «дуальды» деген сөз де жоқ. Ел Үкіметінің 2023 жылғы 28 нау­рыздағы №249 қаулысымен «Қазақстан Республикасында мек­тепке дейінгі, орта, техни­ка­лық және кәсіптік білім беруді (ТжКБ) дамытудың 2023–2029 жыл­дарға арналған тұжырым­да­масы» бекітіліп, қолданысқа ен­гі­зілді.

Онда «Дуальды оқыту» деген ша­ғын тарау бар. «Дуальды оқы­туды одан әрі кеңейту және кә­сіп­орындардың ТжКБ ұйымда­ры­на қамқорлығын дамыту үшін жұ­мыс берушілермен өзара іс-қи­мылды нығайту жөніндегі жұмыс жал­ғасады», – деп қысқа қайрыл­ған. Бұрынғыдай басымдық бе­ріп, екпін түсіру жоқ, әйт­кен­мен, одан бас тартылмайтыны байқа­ла­ды. 

Тұжырымдамада бұған қатыс­ты жалғыз ғана көрсеткіш бекі­тіл­ген. Нысаналы 16-шы инди­ка­торға сәйкес, «Дуальды оқытумен қамтылған, мемлекеттік тапсы­рыс бойынша білім алатын тех­ни­калық және кәсіптік білім беру сту­денттерінің үлесі» 2023 жылғы 25%-дан 2024 жыл қоры­тын­ды­сын­да – 28%-ға, ақырғы 2029 жы­лы – 40%-ға дейін жеткізілмек. Оған Үкімет өзін емес, министрді емес, жергілікті әкімдер мен «Ата­мекен» өңірлік палаталарын жауапты етіп белгіледі.

Бұл мақсатқа жету үшін осы екеуі­нің жауапкершілігімен 2 ша­ра­ны жүзеге асыру ғана қарас­ты­рылыпты. Біріншіден, «Маман­дық­тар мен біліктіліктердің бө­лі­нісінде студенттерді дуальды оқытумен қамтуды арттыру үшін ТжКБ ұйымдарының кәсіпорын­дармен ұзақмерзімді әріптесті­гі­нің өзара іс-қимыл спектрін кеңей­ту». Екіншіден, «Дуальды оқы­ту шеңберінде студенттердің кә­сіби практикасын сапалы ұйым­дастыру үшін тәлімгерлік мек­тебін дамыту (педагогикалық дағ­дыларға оқыту)». Осы мақ­сат­та жыл сайын меморандумдар бе­кітіледі, орталыққа есеп жол­да­нады. 

Ұлттық статистика бюро­сы­ның дерегінше, 2023-2024 оқу жы­лының басында (одан жаңа ста­тистика шыққан жоқ) 711 дер­бес техникалық және кәсіптік бі­лім беру ұйымдары және 39 фи­лиалы жұмыс істеді. Онда оқу­шылардың жалпы саны 548 мың­дай (547 994) адамды құрады.

Бұл ретте дуальды оқыту сол 700-ден астам колледждің 558-інде енгізілген. Оларға 8 013 кә­сіп­орын серіктес болды. Сөйтіп, қағаз жүзінде болса да, дуальды бі­лім­мен 72 098 білім алушы қам­ты­лыпты. Іс жүзінде бұл жұмыс­тың үстірт, көзбояушылықпен жүргені жасырын емес. 

Өйткені серіктес компа­ния­лар ТжКБ ұйымдары­ның Қамқоршылық кеңестеріне кіруге, колледж өзіне керекті кадр­ды нақты даярлауы үшін оның оқу бағдарламасын өз қа­жеттіліктеріне бейімдеп қайта құру­ға тиіс еді. Кәсіпкерлер кол­ледж басшыларының бұдан ат-тонын ала қашып, оқу процесінің маңайына жуытпай қойғанына шағымданады. Студенттерді де негізінен колледжде теориялық бі­лім алу, сабаққа қатысу, одан қал­ды кітапханаларда уақыт ке­тіріп, іздену сияқты жұмыстармен жүктеп қояды екен. Дұрысы, шы­найы дуальды оқытуда шәкірттер аптасына 1, әрі кетсе, 2 күнін ғана оқу орнында өткізіп, қалған уа­қы­тының бәрін өндірісте тәжі­ри­бе жинақтауға, еңбек етіп, білік­ті­лік иеленуге жұмсауы қажет. 

 Жүйені жоймай, жетілдірген жөн

Ресми мәлімет бойынша, осы жыл­дары жалпы саны 410 кол­ледж серіктес 498 компания-кә­сіп­орынмен аталған келісім-ме­мо­рандумға қол қойған. Та­рап­тардың ондағы міндеттемелерін сақтау жа­ғы ақсап жатқан көрінеді. Ақыры не болды?

«ТжКБ ұйымдарының эко­но­ми­каның нақты секторымен, биз­неспен және қызмет көрсету са­ла­сымен байланысы тым әлсіз еке­ні байқалады. Бұл кол­ледж­дер­дің бизнес пен жұмысшы кә­сіп­терінің қозғаушы күшіне, қо­лө­нер және кәсіпкерлік орта­лы­ғына айналуы мүмкіндігін шектейді», – деп қорытынды жасады Үкімет.

Сенат депутаты Евгений Бо­ль­герттің пікірінше, дуальды бі­лім беруден бас тартпау керек, оны жалпы емес, нақты бір кәсіп­орындар үшін нысаналы түрде кадр даярлау мақсатына пайда­лан­ған орынды. 

– Озық елдер дәл осы жолды таң­дады. Дуальды оқытуды жап­пай енгізуге Қазақстан талапта­нып көрді. Тиісті заңнама, құ­қық­­тық базасы түзілді. Бірақ бұл мо­дель сол бойы іске қосылмады. Өйт­кені колледждер, жұмыс беру­шілер мен мемлекеттік ор­ган­дардың әрқайсысы өз жағына тар­тады, өзінікін ғана жөн көреді. Мысалы, жыл сайын 274 колледж бір ғана машина жасау өнеркәсібі үшін 11 мыңнан астам маман даяр­лайды. Бұған жыл сайын бюд­жеттен 5 миллиард теңгеден ар­тық қаржы шығындалады. Ақыр соңында түлектердің тек 20%-ы ғана өндірістен орын та­бады. Олардың дайындық деңгейі жұмыс берушілердің көңілінен шықпайды, – деді сенатор. 

Сондықтан бір топ сенатор Үкі­метке ұсыныспен шықты. Олар техникалық және кәсіптік бі­лім беруді (ТжКБ) қаржы­лан­дыру тәсілдерін қайта қарауды, бұл саланы толығымен өндіріске бағ­дарлауды ұсынды. Оқу орын­дары өз қызметіне, оқу процесіне жұмыс берушілерді араластырып, солардың көмегімен студенттері­не практикалық білім мен нақты бі­ліктілік берсе ғана түлектер ең­бек нарығында сұранысқа ие бо­лады.

Ел шетелдік техникке тәуелді болмасын

Сенаторларға жауап хатында Үкімет басшысы Олжас Бектенов өзек­­ті ақпаратын бөлісті. 

– Колледждердің кәсіпорын­дар­мен серіктестігін күшейту, дуа­льды оқытуды ендіру – отан­дық ТжКБ жүйесін дамытудың не­гізгі бағыттарының бірі. Ағым­дағы 2023-2024 оқу жылында рес­публика бойынша дуальды бі­лім 551 колледжде енгізілген. Олар­да 91 021 студент қамтылған, бұл мемлекеттік тапсырыспен оқып жатқан барлық білім алу­шы­­ның 26%. Осы колледждер 9 100 кәсіпорынмен серіктестік құр­ды. Дуальды оқыту аясында кә­­сіпорындар студенттердің өн­ді­рістік практикасының шығы­нын көтереді, оларға жалақы тө­лейді, кейін түлектерді жұмыс­қа орналастыруы керек, – деді О.Бектенов.

Сонымен бірге Еңбек кодек­сіне енгізілген түзетуге сәйкес, дуа­льды оқыту аясында студент­тер­дің практикадан өту кезеңі – 6 ай­дан 1,5 жылға дейінгі мерзімі олар­дың «жұмыс өтілі» болып есеп­теледі. 

Сарапшылардың «мемо­ран­дум-келісімдердегі міндеттемелер орындалмайды, жай көзбояу­шы­лық» деген сын-ескертпесіне үн қат­қан Үкімет техникалық-кә­сіп­тік білім беру жүйесіне егжей-тегжейлі талдау, колледждерге – инвентаризация жүргізіпті. Бұл іске жауапты мемлекеттік орган­дар, әкімдіктер және тәуелсіз са­рапшылар жұмылдырылған. Қо­рытындысында саланы дамы­ту­дың басым бағыттары, қаржы­лан­дыру тиімділігін арттыру тә­сіл­дері тұжырымдалды.

Президент Жолдауындағы тап­сырманы орындау мақсатында Оқу-ағарту министрлігі жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы ТжКБ-ны трансформациялау жө­ніндегі Жол картасын пысықтап жа­тыр. Ведомство дерегінше, ке­лесі жылға жоспарланып жат­қан шаралар аясында жүйені же­тілдіруге екпін түсіріледі. Атап айт­қанда, колледждер салалық акк­редиттеу рәсімінен өтеді, яғни олардың халықаралық, салалық кә­сіби қоғамдастықтардың та­лап­тарына сәйкестігі бағаланады. 

Оқу-ағарту министрлігінің мә­ліметінше, бүгінде санаулы кол­ледж ғана Шотландияның OPITO, Американың ABET, NCCER және басқа халықаралық, са­л­алық стандарттар талаптарына сай кадр даярлайды. Өзгелері де со­лардың қатарына қосылуға тиіс. 

Сондай-ақ әлемнің 70 мем­лекетінде танылған BTEC стандартын елімізде қол­дану мәселесі пысықталады. BTEC (Business and Technology Education Council немесе Бизнес пен технологиялық білім кеңесі) жұмысшы мамандықтарын даяр­лау жүйесі саналады (Кеңес ке­зінде оның баламасы ретінде тех­никумдар желісі дамытылды). Онда бизнестен бастап, инже­не­рия­ға дейінгі мамандықтар бойын­ша біліктілік-квалифи­ка­ция тағайындалады. 

Премьер-министр бір жаңа­лығын жеткізді. 2025 жылғы мау­сымға дейін үш өңірінде дуальды оқыту бойынша 3 пилоттық жоба қолға алынады. Жобалар Қос­та­найдың Автомобиль көлігі кол­лед­жі мен Allur, KamLitKZ кәсіп­орын­дары, Көкшетаудағы Жо­ғар­ғы техникалық колледж бен «Тыныс» кәсіпорны, сондай-ақ СҚО-ның Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжі мен Сlass кәсіпор­ны базасында жүзеге асырылады.

Осы «пилоттар» аясында бі­лім беру бағдарламалары мен кә­сіптік стандарттар өзектілен­дірілу­ге, бизнестің колледждерге қам­қоршылығы (шефство) ұйым­­дастырылуға, ТжКБ ұйым­дары заманауи жабдықтармен жарақтандырылуға тиіс. Мұның сыртында ілкі жобалар өндірістегі мамандарды білім беруге тартуға, машина жасау саласында түлек­тердің біліктілігін тану орталығын құруға, дуальды оқытуды бүкіл Қазақстанда тиімді іске асыру үшін қажетті ұсыныстарды түзуге бағытталады. 

Сондай-ақ Оқу-ағарту ми­нистрлігі жаңа 2025 жылы дуа­ль­ды оқыту аясында жан басына шаққандағы қаржыландыруды ен­гізеді деп күтіледі. ТжКБ ұйым­дарын қаржыландыру тәсілдері қайта қаралады. Маман даярлау шығындарының бір бөлігі жұмыс берушілер мойнына жүктелуі мүмкін. Ведомство осы пилоттық үш колледждің оң жетістіктері бүкіл техникалық-кәсіптік білім беру жүйесіне «трансляцияла­на­ды» деп отыр.

Мемлекеттің болашағы, ел тағ­дыры дуальды оқытудың жақ­сы жолға қойылуына да тәуелді. Өйткені елде қазірден білікті тех­никтер жетіспейді және ол тап­шы­лық тек ушыға түсті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебінше, 2030 жылға қарай Қазақстанға STEM-мамандықтар (science, technology, engineering and mathematics – жара­тылыстану ғылымдары, тех­но­логия, инженерия, мате­ма­ти­ка, техникалық бағыттар үшін жал­пылама термин) бойынша мил­лионға жуық кәсіптік-техни­ка­лық мамандар қажет болады. 

Оның бәрін шетелден тасыса, бір жағынан, елге мигрант қап­тап, қазіргі Еуропадағы сияқты сая­си, әлеуметтік ахуал нашар­лауы мүмкін. Мәселен, былтырғы жылы Қазақстанға техникалық мамандығы бар 3,4 мың миг­рант келген, бұл 2022 жылға қарағанда бірден 76,4% көп! Екінші жағы­нан, мемлекет дамуы үшін ең маңызды мамандықтар бойынша ше­телдік жұмыс күшіне тәуелді болып, ұлттық қауіпсіздікке нұқ­сан келеді. Сондықтан ол тап­шы­лықты отандық мамандарды қар­қынды даярлау арқылы өтеу мем­лекеттік маңызды іске ай­налды. 

Айхан ШӘРІП