Биыл Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмыс істеп келе жатқанына бес жыл, осы уақыт ішінде медицинада түрлі өзгеріс болды.
Емнің де сұрауы бар
коллаж: Елдар ҚАБА
388
оқылды

Пациенттер бейінді мамандарға жедел қаралуға мүмкіндік жоқ десе, Қаржы министрлігі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін (ТМККК) қаржыландыруға қаражат жеткіліксіз дейді.

Гибридті қаржыландыру мо­де­ліне жүйе қатысушыларының көңі­лі толмайды. Дер кезінде ме­ди­циналық көмек ала алмау, ем­ха­надағ­ы жалған қабылдаулар, жүйе­нің оңды-солды қаражат талап етуі, ай сайын жарна төлеп оты­рып, ақылы медициналық тал­дау­лар­ды қолдану, маман жетіс­пеу­шілігі және тағы басқа өзгерістер ме­дициналық сақтандыру сала­сы­на сұрақты көбейтпесе азайтқан жоқ. 

Қазақстандағы денсаулық сақ­тау саласын реформалау бары­сын­да міндетті әлеуметтік меди­ци­на­лық сақтандыруды (МӘМС) енгізу ар­қылы көптеген проблеманы ше­шу көзделген болатын. Тұр­ғын­дардың көпшілігі денсаулығыңды тексер­тіп, қажетті медициналық кө­мек алу күннен-күнге қиындап ба­ра жатқанын айтуда. Оның үс­ті­не, міндетті медициналық сақ­тан­дыру төлемін төлемесең дәрігер қа­былдауына жазыла алмайсың. Мы­салы, көпбалалы ана Рысгүл Ра­мазанованың айтуынша, заң­да­ғы қайшылықтардың кесірінен дек­реттік демалысқа шыққан кә­сіп­кер әйелдер тегін медициналық кө­мектен қағылады. Өйткені бір ай төлем жүргізілмегені үшін емхана медициналық қызмет көрсетуден бас тартады.

Кәсіпкердің құқығы қандай?

– Фотограф болып жұмыс істе­ген­діктен жеке кәсіпкер ретінде тір­келіп, биылдан бастап тұрақты ме­дициналық сақтандыру төлемін жүр­гізе бастадым. Төлем жүргіз­бе­сіңе де қоймайды. Бір ай кешіксең са­лық комитетінен сіздің қары­зы­ңыз бар деп ай сайынғы медицина­лық сақтандыру төлемін жүргіз­бе­ге­нің үшін өсімпұл енгізеді. Осы­­дан 10-15 күн бұрын тіркелген ем­­­ханам сіздің статусыңыз сақ­тандырылмаған деп емге қа­был­да­май қойды. Қыркүйек айына (дек­реттік демалысқа байланысты) ме­дициналық төлем төленбей қал­ғандықтан, мені УЗИ-ге түсі­ру­ден бас тартты. Қолдан келер қай­ран жоқ, амалсыз ақылы қызмет алуға тура келеді, – дейді ол. 

Кәсіпкер ананың бұл шағы­мына Міндетті әлеуметтік ме­дициналық сақтандыру қоры бас­қарма төрағасының орынба­сары Сәуле Тәжібаева былай дейді:

– «Міндетті әлеуметтік меди­ци­­­­налық сақтандыру туралы» заң­ға сәйкес мемлекет тарапынан мін­­­­детті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру (МӘМС) жарналары аталған заңның 26-бабының 1-тар­мағында көзделген тұлға­ларға, соның ішінде жүктілік және босану, жаңа туған баланы асырап алу және үш жасқа дейінгі балаға күтім жасауға байланысты де­ма­лыста жүрген тұлғалар үшін тө­ле­неді. Сондай-ақ «МӘМС туралы» заң­ның 14-бабының 6-тармағына сәй­кес, салық есептілігін тоқ­тат­қан немесе Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының салық заңнамасына сәй­­кес әрекетсіз деп танылған же­­­ке кәсіпкерлер мен жеке прак­тикамен айналысатын адамдардан басқа тұлғалар: біріншіден, ау­дарым­дарды және жарналарды уа­қытылы, толық көлемде тө­леу­ге, сондай-ақ толық төлемегені үшін өсімпұл төлеуге; екіншіден, өз бетінше аударымдар және жар­налар мөлшерін есептеуге немесе қай­та есептеуді жүзеге асыруға мін­детті. Егер тұлғаның қандай да бір кірісі болса, заң оны МӘМС жар­наларын төлеуден босатпайды, – дейді ол.

Өзін-өзі жұмыспен қамтушы отандастарымыз тап болған тағы бір өзекті мәселе бар. Ол – бір тұр­­­­­ғынға екі жерден медициналық сақ­тандыру төлемін алу фактісі. Ас­таналық тұрғын, инженер жо­балау­шы Азамат Сембайұлы жеке компанияда қызмет етеді. Жұмыс беруші тарапынан ай сайын меди­ци­налық төлем жүріп тұр. Одан бө­лек, жеке кәсіпкер ретінде өз қал­тасынан тағы да медициналық тө­лем жасайтынын айтады.

– Жалдамалы жұмысшы ре­тін­де және жеке кәсіпкер ретінде МӘМС-ке ай сайын екі рет жарна тө­леймін. Жас болған соң ба, ем­ха­наға мүлдем бармаймын. Бар­сам өз мекемеміздің жеке сақтан­ды­руы бойынша жеке меншік кли­­никаға қаралып, толықтай тек­серілемін. Бірақ ЖК атынан да, мекеме аты­нан да тұрақты ау­да­рамын. МӘМС ар­қылы соңғы 4 жыл ішінде еш­қан­дай көмек ал­ма­дым. Жиналған ақ­шам қайда ке­тіп жатқаны қы­зық. Меніңше, жұ­мысшының жар­на төлемеуге де құ­қы болу ке­рек, – деп өз ойын айт­ты. 

Яғни, Қазақстан азаматтары осы күнге дейін жиналған ме­ди­циналық төлемдердің қайда ке­тіп жатқанын көру мүмкіндігі бол­са, я болмаса жиналған қар­жы­ны бас­қа да мақсаттарға пай­да­лану мүм­кіндігінің болғанын қа­лайды. Қордаланған мәселенің түйінін анықтау үшін МӘМС өкілі  тар­қатып берді. Оның сөзінше, заң­да мұндай мүмкіндік қарас­ты­рыл­маған. 

Қор басшылығы жүйенің әлеу­­­­­меттік бағытталған және әді­лет­­ті­лік қағидаты бойынша құ­рыл­­ған­ды­ғын алға тартты.

Қолжетімді көмекке мұқтаждар кім?

Медициналық сақтандыру жүйесінің тиімді тұстары көп екенін айта кету керек. Мә­се­лен, өте ауыр дерттерді тегін ем­деу, медициналық бақылаудан те­гін өту, жұмыссыз ретінде тір­кел­се, тегін емделу мүмкіндігі, ЭКО ар­қы­лы жүктілік, отаны тегін жасату сияқты медициналық көмек түр­лерін еліміздегі әртүрлі әлеуметтік тап өкілдері тегін алуда. Жасы 70-тен асқан қария ата-енесін тұ­рақ­ты емдетіп жүрген Ділда ханым бұл ойды растап отыр. 

– Менің 70 жастан асқан ата-енем бар. Жас ұлғайған сайын ау­р­уы да көбейеді, емханаға бару да жиілейді. Атамның көзі өте на­шар көреді, екі көзіне де тегін ота жа­­салды. Әр тоқсан сайын емха­на­­ға жатып, тегін емеділіп, қа­жет­ті дәрі-дәрмегін алады, – дейді ол. 

Ал енесі қант диабетімен есеп­те тұрады екен. Бүйректің нашар жұ­мыс істеуіне байланысты гемо­диа­лизді тегін алыпты.

– 3 ай сайын рецепт бойынша те­гін дәрілерін, қант өлшейтін, қан қысымын өлшейтін құрал­да­рын алып отырамыз. Гемодиализ­дің өзін тегін жасайды, өздері ап­тасына 3 рет үйден өздері алып ке­тіп, алып келеді. Яғни, барлығы жол­ға қойылған, жақсы дәрежеде ат­қарылады. Дәрігерлердің де бі­лі­мі мен деңгейі жоғары екенін атап өткім келеді, – деп қосты Ділдә.

Цифрлық қызметтің қайшылықтары

Елімізде бүгінде кез келген саланы цифрландыру жә­не автоматтандыру процесі қар­қын­ды жүріп жатыр. Осы мақсатта ме­дицина саласындағы ұзынсонар ке­зекті азайту үшін және тұрғын­дар­дың денсаулығына қатысты де­ректерді қолжетімді қылу үшін DAMUMED мобильді қосым­ша­сы іске қосылды. Дәрігерге жа­зы­лу, сараптама қорытындыларын қа­рау, кері байланыс қалдыру мүм­кіндігі қарастырылған қосым­ша арқылы жеке тұлғаның ме­ди­ци­налық көмекке жүгіну барысын мо­ниторинг жасау мүмкіндігі бар. Алай­да тұрғындар осы қосымшаға өз­дерінің медициналық көмекке жү­гінбесе де жүгінгендігі тір­келе­тіндігін байқаған. 

– Осыдан жарты жыл бұрын ба­лама Damumed арқылы қа­был­дау жүргізілгенін көріп таң қал­ған­мын. Өйткені ол кезде дәрі­герге жүгінген жоқпыз. Жалпы, мұн­дай жағдай бірнеше рет қай­та­лан­ды, – дейді декреттегі ана Рыс­гүл Рамазанова. 

Міндетті әлеуметтік медици­на­лық сақтандыру қорының өкілі мұн­дай шағымдар түскен жағ­дай­да, Қор медициналық ұйымға жос­пардан тыс мониторинг жүр­гі­­зетінен айтты. Егер ақпарат рас­талса, экономикалық шаралар қол­данылады.

– Сізге көрсетілмеген меди­ци­на­лық қызметтер туралы, оның ішін­де DAMUMED қосымшасы ар­қылы ақпараттар келсе, онда сіз қор­дың www.msqory.kz сайтында, Telegram арнасы арқылы https://t.me/Saqtandyrybot сілтемесі бойын­ша, Qoldau 24/7 мобильді қо­­­сымшасында немесе 1414 бай­ланыс орталығына қоңырау шалу арқылы шағым қалдыра аласыз. Сон­дай-ақ кері байланыс үшін eOtinish порталы қолжетімді. Со­нымен қатар жалған деректердің ал­дын алу мақсатында қор Ден­сау­лық сақтау министрлігімен бір­лесіп, медициналық қызмет көр­сету фактісін мобильді құрыл­ғылар арқылы QR, FACE-ID және SMS растау жүйесін енгізу мәсе­ле­сін қарастырып жатыр, – дейді Сәуле Тәжібаева.

Медициналық сақтандыру ту­ралы жекеменшік емхана пе­диат­ры Мөлдір Есіркеп тұрғындарға жә­не медицина мамандарына тү­сін­діру жұмыстары дұрыс жүр­гі­зіл­мейтінін айтады.  Есіркеп Мөл­дірдің пікірінше, МӘМС мазмұны қа­ғаз жүзінде бәрі жақсы болғаны­мен, іс жүзінде қызметтік тариф­тер­­дің төмендігінен кедергілер көп болып жатыр. «Дәрігердің же­­­­кеменшік қабылдауы ры­нок­та­ғы құнынан МӘМС құны ша­ма­мен 3 есе төмен. Сәйкесінше, МӘМС-пен жұмыс істейтін ем­ха­на­­ларға түскен қаржымен жаңа құ­рыл­ғылар, жөндеу жұмыстары жә­не басқа да шығандарды еңсеру қиын. Сол себепті бірнеше учас­кені бір терапевтке қарату, оку­лист, кардиолог, невропотолог сияқ­ты жеке салалық маман­дар­дың күн сайын аз сағатқа келуі жә­не сол аз уақытта өте көп адам қа­былдауы да тарифтің азды­ғы­нан», – дейді Мөлдір Есіркеп  

Бүгінде көптеген емханада ақылы зертханаларда кез­де­сетін медициналық талдау түр­лері жоқ. Айына МӘМС қорына ар­найы жарна төлесе де емханадан жо­лдама ала алмай, ақылы анализ тап­сыруға тура келеді. Осыған бай­ланысты қор өкіліне МӘМС жүйе­сі емханалардан стандартты кө­теру жайында талап қоя ала ма де­ген сауал жолдадық. 

– МӘМС жүйесінде көрсе­ті­ле­тін консультациялық-диаг­нос­ти­калық қызметтердің тізімі Ден­сау­лық сақтау министрінің 2022 жыл­ғы 27 сәуірдегі № ҚР ДСМ-37 бұй­рығымен бекітілген амбу­ла­ториялық жағдайда мамандан­ды­рыл­ған медициналық көмек көр­сету қағидаларымен реттеледі. Бұл тізімге 3 000-нан астам кон­суль­та­тивтік-диагностикалық қызметтер кі­реді, оның ішінде 1 000-нан ас­та­мы – зертханалық қызметтер, – дейді С.Тәжібаева.

– Алайда МӘМС жүйесінде көр­сетілетін медициналық қыз­мет­тер тізімі жүйенің кірістері мен ме­дициналық көмек көрсетудегі мін­деттемелерінің теңгерімділігін ес­кере отырып қалыптасатынын тү­сіну маңызды. Шет елдермен са­лыстырғанда жарна мен ау­да­рым мөлшері төмен болғанымен, Қазақ­стандағы МӘМС жүйесі ая­сында медициналық қызмет­тердің кең ауқымы қарастырылған. Жалпы, МӘМС жүйесінің қар­жы­лық мүмкіндіктерін ескере оты­рып, медициналық қызметтер ті­зімін, оның ішінде кон­­­­сультациялық-диа­гностикалық қызметтерді жос­парлы түрде кеңейту мәселесі қарас­тырылып отыр, – деді ол.  

Қымбатшылық қалтаға соғып тұр

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының ұсынысына сәй­кес, дамушы экономикасы бар ел­­­­дерде денсаулық сақтау жүйе­сі­нің тұрақтылығы үшін ЖІӨ-нің 5%-дан 8%-ға дейін, ал дамыған ел­­­дерде кемінде 9%-ын жұмсау қа­жет. Ал 2023 жылы Қазақстанда бұл көрсеткіш 3,8%-ды құрады, бұл ДДСҰ ұсынған көрсеткіштен әлдеқайда аз. 

Басқарма басшысының орын­ба­сары МӘМС жүйесі іске қосыл­ған­ға дейін аударымдар мен жар­на­лар мөлшерлемелерін төмендету туралы шешім қабылданғанын айтты. Бұл бастапқы қаржылық мо­дельден ауытқудың негізгі себебі бол­ды. Сәйкесінше, ол жүйені жет­кіліксіз қаржыландыруға және ме­дициналық көмек шығындары­ның кірістерден асып түсуіне алып келген.

Дегенмен жыл сайын денсау­лық сақтау жүйесінің шығындары өссе де, қаржыландыру тапшы­лы­ғы  болса да басты міндет – ха­лы­қ­ты сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету және қаражатты тиімді жұмсау.  

– Осыған байланысты, ең ал­ды­мен, медициналық қызмет көр­сетушілерге қойылатын талап­тар­ды қатаңдататын және бұзу­шы­лық­тар анықталған жағдайда қаржылық ықпал ету шараларын күшейтетін құқықтық база өзгеруде. Сапалы ме­дициналық көмек көрсететін жет­кізушілермен медициналық қыз­меттерді ұзақ мерзімді сатып алу шарттарын жасау тетігі қолға алы­­нып, қор тарапынан ұсы­ны­ла­тын медициналық қызметтерді 100% қамтитын медициналық қыз­меттерді мониторингтеу жүйе­сін автоматтандыру кезең-кезеңі­мен енгізілуде, – деді Сәуле Тәжі­баева.

Айгүл ДӘДЕН