Науқас қазір ауруханада жатыр.
Атырауда бір адамнан сібір жарасы анықталды
578
оқылды

Қатерлі инфекция  сібір жарасын жұқтырған адам  «Асыл Агро» мал базарында қасапшы болып жұмыс істеген,  деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.

Онымен қоса, ауру малдың тасымалымен айналысқан тағы 16 адам дәрігерлердің бақылауында.

«Зертханалық талдау нәтижелері бойынша мал сою пунктінің бір жұмысшысынан тері сібір жарасы диагнозы расталды. Науқас ауруханада жатыр. Оған бекітілген медициналық хаттамаға сәйкес емдеу жүргізу қолға алынды. Қазір оның жағдайы тұрақты. Өзге адамдардан аурудың белгілері байқалмады», — деп хабарлады Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев.

Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің айтуынша, «Асыл-Агро» шаруа қожалығының мал сою пункті аумағында 20 қарашада карантин енгізілді. Оған өлген сиырдан сібір жарасының анықталғаны себеп болған.

Қазіргі уақытта инфекция ошағында санитарлық және ветеринариялық нормаларға сәйкес жұмыстарды жүргізу жалғасып жатыр.

«Ветеринариялық бақылау мамандары карантиндік аумақта тұрған малдың барлығын толық вакцинациялауды аяқтады. Бұл аумақта дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сібір жарасы ауруының анықталуына байланысты Атырау облысына ірі қара мал әкелуді бақылау үшін төрт полиция және ветеринарлық бақылау бекеті орнатылды. Мал әкелушілерден егу жүргізілгенін растайтын құжаттар тексеріліп, малдың жағдайы тексеріліп, термометрия жүргізілуде. Санитарлық қауіпсіздік мақсатында осындай шаралар Атырау қаласындағы мал сою пункттерінде де ұйымдастырылды. Ветеринариялық құжаттарсыз малды тасымалдауға және союға қатаң тыйым салынды», — деп нақтылады спикер Руслан Жұмағазиев.

Баян Жанұзақова