Форум аясында панельдік сессиялары да ұйымдастырылды.
Жетісу облысында Ауыл әкімдерінің форумы қанат жайды
630
оқылды

«AMANAT» партиясының бастамасымен Жетісу облысы Талдықорған қаласында Ауыл әкімдерінің форумы өтті. Мұндағы мақсат – ауыл тұрғындарын толғандырған өзекті мәселелерді ашық талқылап, оларды шешу жолдарын қарастыру.

Алқалы жиынға «AMANAT» партиясы Орталық аппарат басшысы Мәди Оспанов, Мәжіліс депутаты Болат Керімбек, Жетісу облысы әкімінің орынбасарлары Әлібек Жақанбаев және Диас Есдәулетов, басқарма басшылары мен өңірдегі 113 ауылдық округ әкімдері қатысты.

Форум жұмысы партияның сайлауалды бағдарламасын жүйелі жүзеге асыру, ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын дамыту, ауыл әкімдерін сайлау және олардың атқарып жатқан жұмыстарының негізгі мәселелерін талқылау алаңына айналды.

«AMANAT» партиясы Орталық аппарат басшысы Мәди Оспанов жергілікті атқарушы билікке жүктелген жоғары жауапкершілікке, ауыл әкімдері институтының рөліне, елімізде қолға алынып жатқан маңызды реформаларға тоқталды.

«Бүгінде Ауыл әкімдерінің форумы еліміздің барлық аймағында өтуде. Форумда айтылған ұсыныстар мен идеялар, тың бастамалар «AMANAT» партиясы атынан сайланған ауыл әкімдерінің табанды жұмысы мен кәсіби шеберлігіне жаңа серпін береді деп есептеймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесін енгізгеннен бері халық елді мекен басшыларына қатысты өз таңдауын жасап келеді. 2021 жылғы шілдеден бері өңірде 113 ауыл әкімдерінің сайлауы өткізілді. Оның ішінде, партиядан ұсынылған 111 (98%) кандидат жеңіске жетті. Бұл – біздің бағдарламаларымыз бен бастамаларымызға деген халық сенімінің айқын дәлелі», – деді Мәди Оспанов. 

Өз кезегінде, облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаевтың айтуынша, әкімдердің басты міндеті – қоғамдық-саяси тұрақтылықты және орнықты дамуды қамтамасыз ету. 

«Облыс экономикасын одан әрі дамыту және халықтың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Алдағы уақытта да бірлескен, тиімді жұмысымыз арқылы өңірдің әл-ауқатын арттыру жолында алға қойылған мақсаттарға қол жеткізетінімізге сенімдімін», – деді ол.

«AMANAT» партиясы елді мекендердегі кәсіпкерлікті дамытуға, экономикалық ахуалды жақсартуға баса назар аударуда. Осы орайда, форум барысында «Қарызсыз қоғам», «Құқықтық көмек» жобалары және Жол картасы аясында қол жеткізілген жетістіктер талқыланды. 

Мәселен, «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыру мақсатында облыс орталығында жобалық кеңсе ашылып, биыл 5 ақпаннан бастап өңірдегі барлық аудан, қалаларда 7 300 адам оқытылды. 

Биыл өңірдің Жол картасында айқындалған 94 іс-шараның 24%-ы орындалды. Атап айтқанда, биыл 349,3 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып, 8 айда 150,2 мың шаршы метр немесе 43% тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 4 117 үй беріліп, тұрғын үй кезегі 14%-ға төмендейді. Облыста орталықтандырылған сумен қамту деңгейі – 91,1%. Облыстық деңгейдегі 182 шақырым және 54 елді мекеннің ішкі жолдары жөнделіп, Балқаш көліне дейінгі 132 шақырым жолдың 117 шақырымына асфальт төселді. 

«Халықтың партия мен атқарушы билікке деген сенімі сайлауалды уәделердің орындалуымен тікелей байланысты. Оларды уақытылы және сапалы орындау – баршамыздың басты міндетіміз. Бүгінгі форум – баршамыз үшін аса маңызды. Шалғайдағы ауыл әкімдерінің жұмысына түрлі бағыт бойынша әдістемелік қолдау қашанда қажет. Осы жиында жұмысты жүйелі ұйымдастырудың қыр-сырына қанықтым», – деді Панфилов ауданы Үлкенағаш ауылдық округінің әкімі Ермек Нұрахметов. 

Форум аясында панельдік сессиялары да ұйымдастырылды. Онда ауыл әкімдері «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру, партиялық жобаларды ілгерілету, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік сатып алуды іске асыру, агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік қолдаудың қолжетімді тетіктерін қалыптастыру, кәсіпкерлікке қолдау көрсету және инвестиция тарту шаралары, қоғамдық-саяси ахуал және бұқарамен жұмыс істеу секілді түрлі бағыттарда арнайы мамандардан дәріс алды.