Қарағанды қаласында өткен ENBEK. BOLASHAQ. DAMU жастар слетінде «Еңбек адамы» концепциясын жүзеге асырудағы және Әділетті Қазақстанды құрудағы жастардың рөлі мен орны талқыланды.
Жұмысшы мамандықтары – қоғамның негізі
524
оқылды

Бұл іс-шараға 500-ден астам делегат қатысты. Іс-шараға «Жастар Рухы» жастар қанаты мен «AMANAT» партиясының облыстық филиалы, Қарағанды облысының әкімдігі қолдау көрсетті.

Партияның сайлауалды бағдарламасында 2029 жылға дейін 2,3 миллион жас адамды жұмысқа орналастыру міндеті қойылғаны белгілі. Сондықтан «Жастар Рухы» 100 мыңнан астам қазақстандық жасты біріктіріп, жастарды жұмыспен қамту және оларды еңбек нарығына тиімді енгізу мәселелерімен жүйелі түрде айналысуда. «Жастар Рухы» төрағасы Ақерке Искандерова атап өткендей, осындай слеттердің негізгі мақсаты – жастарға мемлекет ұсынатын мүмкіндіктерді жеткізу, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығы мен мәртебесін айқындау, «ашық микрофон» форматында өзекті сұрақтарға жауап беру және жастардың әлеуеті мен талантын ашу.

«Бүгінгі алаңда жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды, соның ішінде жұмыспен қамту мәселелерін талқылап жатырмыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың еңбекқорлығын қолдаудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті және өзінің Жолдауында 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Жұмысшы мамандықтары – қазіргі қоғамның негізі екенін түсіну маңызды. Негізгі назар кәсіби өсу мен даму үшін жағдай жасауға аударылады. Бұл бағытта «Жастар Рухы» «Жастарға жұмыс» жобасын жүзеге асырып, 30 мың жасқа жұмысқа орналасуға жолдама берді, 5 мыңнан астам жұмыс берушімен меморандумдар жасады», – деді ол.

Ақерке Искандерова атап өткеніндей, екі жыл ішінде Қазақстан бойынша «Жастарға жұмыс» жәрмеңкелеріне 160 мыңнан астам адам қатысты, ал тағы 30 мыңға жуық жас кәсіпкерлік үшін 2,5% жеңілдетілген несиелеу туралы консультациялар алды.

Жастар слетіне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та қатысып, аймақта жастарды қолдау мен дамыту бойынша атқарылып жатқан маңызды жұмыстарды атап өтті. Сонымен қатар ол оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсарту мен кәсіби бағдар беру бағдарламаларын енгізуге ерекше назар аударды. Жастарға арналған жеңілдетілген ипотека туралы да айтылды, бұл жас мамандарға тұрғын үй мәселелерін шешуге көмектеседі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – талантты жастардың елі. Ертең сіздер елімізді әлемге танытасыздар. Ал бүгін біз сіздердің дамуларыңыз үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет», – деді. Бұл тек сөздер емес, бұл біздің бірге жүзеге асыратын жоспар. Біздің облысымыз жұмыс күшін тартуға белсенді қатысуда, басқа аймақтардан мамандар келуде. Бізде Қарағандыда Саран мен «Сарыарқа» индустриал­ды аймағы бар. Жұмыс істеуден қорықпаңыз­дар, ең бастысы, ниет болуы керек, бізде жұмыс орындары көп», – деп атап өтті ол.

«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков Қарағанды облысының индустриалды аймақ екеніне, мұнда жұмысшы мамандықтары мен инженерлік салалардың маңызы зор екеніне тоқталды.

 «Осы салаларда өздеріңізді көрсете аласыздар және еліміздің экономикалық дамуына үлес қосасыздар. Біз сіздерге көмектесу үшін жеңілдіктер бағдарламасын дамытуды, жаңа жобалар әзірлеуді және әлеуеттеріңізді жүзеге асыруға жағдай жасауды жалғастырамыз. Бірақ ұмытпаңыздар, табыс – тек нәтиже емес, әр күнгі еңбек және қиындықтарға қарамастан алға жылжу. Сіздер – біздің өңіріміздің, еліміздің болашағысыздар. Біз сіздерге сенеміз және әрқашан қолдауға, бағыттауға және көмектесуге дайын екенімізді біліп жүргендеріңізді қалаймын», – деді ол.

Слет делегаттары «Кәсіби бағдарлау – табыс­ты болашаққа қадам»; «Адал адам – адал еңбек, адал табыс»; «Нашақорлықпен күрес»; «Кибер-­алаяқтық: қауіпсіздік қағидаты» тақырыптары бойынша оқу сессияларына қатысты.

Сонымен қатар слет аясында Саран индус­триалды аймағына экскурсия ұйымдастырылды. Делегаттар автобус және арнайы техникалар шығаратын QazTehna, KamaTyresKz автокөлік дөңгелектері зауытымен, Silk Road Electronics тұрмыстық техника зауытымен танысып, болашақ мамандығын таңдау бойынша өздеріне шешім қабылдауға мүмкіндік алды.

Karaganda Buketov University студенті Диана Мұстафина жастардың жұмыс іздеуі  кейде қиындық тудыратынын айтты, өйткені түлектердің көбінде еңбек өтілі жоқ, сол себепті мұндай шаралар жастар үшін өте пайдалы.

«Мен осындай ірі кәсіпорындар туралы қажетті ақпарат білмеген едім. Сонымен қатар шара аясында көптеген қызықты адаммен таныстым. Мұндай слеттер өте маңызды, себебі жастар қолдауды сезініп, дамуға мүмкіндіктерін көреді», – деді ол.

Іс-шара соңында Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Жастар кеңесінің төрағасы Асқар Оразбеков өңірдегі ең белсенді жастар көшбасшыларына 100 мың теңге көлеміндегі арнайы сыйақыларды табыс етті.

Слет қорытындысы бойынша өңірдегі жастар саясатының дамуына арналған негізгі бағыттар анықталған резолюция қабылданды.

М.ІЛТИПАТҚЫЗЫ