Келесі жылы кезекті сот реформасы өмірге жолдама алады. Ол сот саласы тарихының жаңа бетін ашпақ.
Отандық соттың жаңа тарихы
299
оқылды

Себебі жүйеде түбегейлі өзгеріс жүреді. Мысалы, бұрын әділет қуған азаматтар Жоғарғы сотқа дейін жететін, енді бұған тоқтау салынды. Жоғарғы сот өте сирек жағдайда ұлттық, экономикалық қауіпсіздік сияқты ерекше істерді қарайтын болады. Жүйеде тағы не өзгереді?

Реформаның жаңалығы неде?

2024 жылғы 21 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кейбір заңнамалық актілерге сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Бұл құжатқа Парламенттің бір топ депутаты бастамашы болып, жазып шықты.

«Тарихи бетбұрыс» деуге келетін басты жаңалық – Жоғарғы сот бизнес пен бұқараның қатардағы істерін жаппай қараудан босатылады, ол тек айрықша жағдайларда төрелігін айтады. Жаңа заң бойынша жаңа жылдан бастап, істер Жоғарғы сотта (ЖС) тек ерекше жағдайларда, оның өзінде Жоғарғы сот судьясының ұсынуы немесе Бас прокурордың наразылығы бойынша қайта қарала алады. 

Пікір білдірген сарапшылардың айтуынша, ЖС тек өте сирек жағдайда үкім­ді қайта қараса, онда неге оны істерді қа­рау­дан мүлдем босатпасқа? «Нормативтік-құқықтық актілерді қабылдаумен, заң жобаларын жазумен, сот тәжірибесінің бірыңғайлығын қамтамасыз етумен, сот жүйесін және оның тәуелсіз бюджетін басқа­румен шектелсін» десті сарапшылар. 

Бірақ бастамашы депутаттардың түсіндіруінше, заңда «ЖС мүлдем істерді қарамасын» деп бекітсе, бұл Ата Заңға қайшы. Ондай жағдайда қайтадан Конституцияны өзгертуге тура келеді екен, себебі онда ЖС істерді қарайды деп қадап айтылған. Ата Заңның 81-бабында: «ҚР Жоғарғы соты азаматтық, қылмыстық істер, жергілікті және басқа да соттардың соттылығына жататын өзге де істер бойынша Жоғарғы сот органы болып табылады, заңда көзделген жағдайларда өзінің соттылығына жататын сот істерін қарайды» деп нақты жазылған. 

Жаңа заңның тағы бір тарихи жаңалығы сол, жаңа сот түрі пайда болады. Өңірлерде емес, тек Астанада жұмыс істейтін Қылмыстық, Азаматтық және Әкімшілік істер жөніндегі 3 дербес кассациялық сот құрылады. Аттарынан байқалғандай, оның әрқайсысы өз саласына қатысты төмен тұрған инстанция соттарының шешімдеріне тараптардың шағымдарын қарайды. Сөйтіп, қазір Жоғарғы сот атқарып жатқан жұмыстың жүктемесі солардың иығына түс­пек. Қазақстанда кассациялық соттар 2025 жылдың шілдесінен бастап іске қосылады.

Кассацияға бағытталған істер қазіргідей алдын ала қаралмайды, 3 судьядан тұратын алқаға тікелей түседі. Яғни, азаматтық және қылмыстық істер бойынша кассациялық сатыда істерді алдын ала қарау сатысы алып тасталды. Істерді қарау ұзаққа созылып кетпеуі үшін кассациялық сотта әкімшілік, қылмыстық және азаматтық істерді қайта қарау мерзімі 6 айға дейінгі уақытпен шектелді.

Бұдан былай азаматтар сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат емес, касса­циялық шағым беретін болады. Сот ісін жүр­гізудің барлық түріне кассациялық қада­ғалаудың, қайта қараудың бірыңғай ережелері енгізіліп жатыр. 

Жоғарғы сот сонда немен айналысады?

Жоғарыда айтылғандай, ерекше жағдайларда кассациялық сатыда қаралған кейбір сот актісін ЖС судьясының ұсынуы не Бас прокурордың наразылығы бойынша Жоғарғы сотта қайта қарау тәртібі енгізіледі. 

Жоғарғы соттың (ЖС) судьясы, оның Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріповтің түсіндіруінше, ЖС жаңа модельде жұмыс істей бастағанда оның судьялары сот тәжірибесін қолданудың біркелкілігін қамтамасыз ету мәселесімен шұғылданады.

– Оларға заңды дамыту мәселесімен, қаралған түрлі іс бойынша қорытынды, талдау жасау, нормативтік қаулылар қабылдау мәселесімен айналысу жүктеледі. Осы істерді тексеру барысында ЖС судьясы заңды өрескел бұзған, заң тәжірибесіне қайшы келген істерге жолығуы мүмкін. Сонда ол: «Жоғарғы сотта осы істі қайта қарасақ, әйт­песе бұл заңсыз әрі практикадан ауытқып кеткен іс, адамдардың құқықтарына нұқсан келтіреді» деп өтініш жасайды. Сондай жағдайда барынша күрделі, санаулы іс Жоғар­ғы сотта қайта қаралуы мүмкін, – деді Н.Шәріпов.

Сондай-ақ Бас прокурордан басқа оның орынбасарларына, Бас әскери прокурорға, Бас көлік прокурорына кассациялық сотқа наразылық білдіру құқығы беріледі. Бірақ олар Жоғарғы сотқа жүгіне алмайды. Кассациялық соттағы сот процесі ауызша, тараптарды шақыра отырып жүргізіледі. 

ЖС Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Н.Шәріповтің түсіндіруінше, жалпы, Конституцияға сәйкес ЖС-тің басты міндеті – сот тәжірибесінің біркелкілігін қамтамасыз ету.

– Кассациялық сатыдағы сот іске қо­сылғаннан кейін Жоғарғы соттың рөлі өзгереді. ЖС-тің құзыретінде негізінен нормативтік қаулыларды реттеу, қалпына келтіру және қабылдау, сот практикасын және сот төрелігін жүзеге асыруда заңдылықты сақтау мәселелерін зерделеу әрі қорыту, барлық деңгейдегі соттардың жұмысындағы кемшіліктерді анықтап, дұрыс бағыт-бағдар беру қалады. Жаңа заң аясында енді Жоғарғы сот өз судьясы ұсынған немесе Бас прокурор наразылық білдірген істерді ерекше жағдайда қарайды. Жасыратыны жоқ, бұл істер негізінен, мемлекеттің ұлттық, экономикалық қауіпсіздігіне байланысты болып келеді, – деді Нұрсерік Шәріпов.

Оның айтуынша, ЖС-тің басты бір міндеті  сот тәжірибесінің біркелкілігін сақтау болмақ. Мысалы, төмен тұрған соттар ұқсас жағдайларда, бірдей қылмыстар бойынша әртүрлі, бір-біріне қарама-қайшы шешім шығарса, ЖС бұл жағдайды қарап, жергі­лік­ті соттарға дұрыс бағыт-бағдар беруге міндетті.

– Конституцияның 81-бабында Жоғар­ғы соттың рөлі анық көрсетілген: ол бойын­ша ЖС – қылмыстық, азаматтық және басқа істер бойынша Жоғарғы сот органы. Солай болып бекітілген соң оны істерді қарау мүмкіндігінен мүлдем айырмау керек. Жоғарғы сот бақылау инстанциясына айналмайды, ондайды ережеге біз жазған емеспіз, оны көздеп отырған да жоқпыз. Бірақ өз құзыретімізге сәйкес заңдылықты қамтамасыз ету барысында осындай құзыреттерді, функцияларды заң аясында жүзеге асыруға мүмкіндігі бар деп отырмыз, – деді Жоғарғы соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.

Судьяға талап күшейтілгені жөн

Айта кету керек, биылғы маусымда ел Парламенті қолданыстағы «Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңға түзетулер енгізетін басқа бір жаңа заңды да қабылдады. Оған Президент 2024 жылғы 5 шілдеде қол қойды. Бірақ ол өзгерістер де тек 2025 жылғы 1 шілдеде күшіне енбек. 

Конституциялық заңға түзетулер 3 кассациялық соттың құрылуын заңдастырды, сондай-ақ олардың өкілеттігін, құрылымы мен құрамын бекітті. Мұның сыртында кассациялық соттардың судьяларына қойылатын талаптар белгіленді. Атап айтқанда, осы жаңа соттардың судьясы болғысы келетін үміткерлерден заңгер ретінде кем дегенде 18 жыл жұмыс істеу талап етіледі. Немесе судья ретінде 8 жыл (соның ішінде 3 жыл облыстық сотта) жұмыс істесе, жетеді. 

Кассациялық соттың төрағасы болу үшін кандидат ең кемі 10 жыл судья лауазымын атқаруға тиіс. Соның ішінде 5 жыл облыстық сот судьясы ретінде қызмет етуі керек. 

– Дегенмен судьялардың өзінің заң бұзу жағдайлары жиі кездеседі. Сот істерін қарау кезінде заңсыз сотталғандардың кейбірі ақталады. Оған Қаржы министрлігі салық төлеушілердің есебінен өтемақы төлейді. Біліксіз судьялар ел бюджетіне залал келтіреді. Алайда ақпараттық кеңістікте қате үкім шығарған судьялардың жазаланғаны туралы ақпаратты байқамаймыз. Заңнамаға сәйкес, Қаржы министрлігі судьяның қателіктері үшін өтемақы төлей отырып, оны «кері талап қою–регресс» арқылы судья­дан өндіріп алуға құзырлы. Бірақ ондай бірде-бір факті болмаған, – дейді сенатор Серік Шайдаров. 

Жоғарғы сот кеңесінің мүшесі Нұрия Сисенова Қаржы министрлігінің судьяларға регрессиялық талаптар қоюға құқылы екенін жасырмады.

– Бірақ регрессиялық талаптар қою тәжірибеде болған емес. Неге? Өйткені Азаматтық кодекстің 933-бабына сәйкес, судьяға, анықтау және алдын ала тергеу, прокуратура органдарының лауазымды адамдарына мемлекетке келтiрген зиянын өтеу туралы кері талап қою – оларға қатыс­ты соттың заңды күшiне енген айыптаушы үкімі болса ғана мүмкін болады. Мұндай айыптаушы үкімдер бізде болған жоқ, тиісінше регрессиялық талап қою мысалдары да жоқ, – деді Н.Сисенова.

Жоғарғы сот кеңесінің мүшесі сапасыз шешімдерімен азаматтарға және бизнеске зиян келтіргені үшін қанша судьяның жауап­кершілікке тартылғанын айтып берді. Тарата айтқанда, 2024 жылғы 9 айда нақты сот ісін қарау кезінде өрескел қате жіберіп, заңды бұзғаны үшін 21 судья тәртіптік жаза­ға тартылыпты. Былтырғы жылдың ұқсас кезеңінде небәрі 9 судья ғана жазаланған екен. Заңды өрескел бұзған судьялар саны бір жылда бірден 2,5 еседей өсіп шыға келді.

Жаңа реформаның соңы неге әкеліп соқтыратынын әзірге сарапшылар да жете түсіне алмады. Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан Жоғарғы соттың төрағасы Асламбек Мерғалиевке кассациялық сот өз алдына, бөлек ашылғаннан кейін Жоғарғы соттың немен айналысатынын сұрағанын айтады. ЖС-тің жаңа басшысы оның енді сараптама-талдауға, жалпы бағыт-бағдар беруге күш-жігерін шоғырландыратынын мәлімдепті.

«Бірақ заңда ерекше жағдайларда Жоғарғы сот кассациялық соттың шешімдерін қайта қарауға құқылы болып шықты. Сонда соңғы сөз бәрібір Жоғарғы сотта болып тұр. Салдарынан Жоғарғы сот төртінші инстанцияға айналып кеткен жоқ па? Жалпы, кассациялық сотты ашып отыр­мыз, бірақ оның шешімі бәрібір түпкілікті соңғы болмайды. ЖС өз шешімімен кез келген үкімді өзгертіп тастай алады. Бұл сонда қалай болар екен?!» – деді депутат А.Құспан. Қазір елімізде 3 сатылы сот жүйесі құрылған.

«Кесіп айтайын, Жоғарғы сот 4-ші инс­танция болмайды! 2016 жылғы заң аясында 3 сатылы сот жүйесін құрдық. Алайда қазір қолданыста 5 саты бар. Бұлар – бірінші инс­танция соты. Екінші сатысы – апелляция. Үшінші сатысы – кассацияда алдын ала қаралуы. Сондай-ақ судьяның жеке-дара акт шығаруы, үштікте қаралуы және Бас прокурордың не ЖС төрағасының ұсынысымен істердің қаралуы. Ата Заңымыздың 81-бабына сәйкес, Жоғарғы сот – азаматтық, әкімшілік, қылмыстық істер жөніндегі Жоғарғы сот органы. Жаңа заңда оны инс­танция, саты ретінде қарастырмадық», – дейді Жоғарғы сот өкілі Нұрсерік Шәріпов. 

Бірақ Жоғарғы сот жаңа жағдайда мемлекеттік, ұлттық, экономикалық қауіпсіздік, сайлау заңы, заңға қайшы келген шешімдерді түзету аясында істерді бәрібір қарай алады. Сарапшылар да, Жоғарғы сот өкілдері де 2016 жылы жүргізілген сот реформасын «сәтсіз» деп таныды. Бұл жолғы реформаның ақыры не болатыны әзір белгісіз, тәжірибе көрсетеді.

Айхан ШӘРІП