Астанада адамдарды тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуге қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу қарастырылып жатыр.
Астанада бір пәтерге қанша адам тіркелуі мүмкін?
883
оқылды

Егер заңнамаға өзгеріс қабылданса тіркеуге шектеу қойылмақ, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты Кaz.inform.kz-ке сілтеме жасап. 

Астана қаласы Полиция департаменті Көші-қон басқармасы бастығының орынбасары Қанай Жұмабековтің айтуынша, тұрғылықты жері бойынша тіркеу қағидасында бір пәтерге нақты қанша адамды тіркеуге болатыны заңмен реттелмеген. Сондықтан да үлкен қалаларда бір мекенжайға мыңнан аса адамды тіркеу деректері анықталып отыр.

«Көші-қон заңнамасына тұрғылықты жері бойынша тіркеу мәселесіне қатысты өзгерістер қарастырылып жатыр. Мәселен, пәтерге адамды тіркеу кезінде әр адамға 15 шаршы метр белгіленбек. Бірақ сол үйде тұрып жатқан отбасы мүшелері есепке алынбайды. Демек пәтер иесінің өзі, жұбайы, ата-анасы, балалары есептелмейді. Басқа адамдар ғана есепке алынады. Мысалы, пәтер аумағы 60 шаршы метр болса, онда бөтен 4 адамды ғана тіркеуге тұрғызуы мүмкін», – дейді Қанай Зияханұлы.

Жуырда Мәжілісте Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы таныстырылған болатын. Онда «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның 51-бабы 2-тармағы 1-тармақшасына мынадай мазмұндағы бөлік қосу көзделген:

«Астана аумағында тұрғылықты жері және уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тіркеу Қазақстан Республикасының астана мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес Астананың жергілікті өкілді органы бекітетін Астана аумағында тұрғылықты жері және уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тіркеу нормативтері ескеріле отырып жүзеге асырылады».

Бұл дегеніміз – жергілікті мәслихатқа Астанада тұрақты және уақытша тіркеу мәселелеріне қатысты нормативтер белгілеу өкілеттігін беру дегенді білдіреді.

Әзірше заң жобасы талқылану үстінде.