Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бір топ депутатпен бірге жұмыс сапарымен Португалия Республикасына келді. Сапар аясында Палата Спикері Португалия Ассамблеясының төрағасы Жозе Педро Агиар-Бранкумен кездесті.
Мәулен Әшімбаев Португалия парламентінің төрағасымен кездесті
Фото: Нұрсұлтан Байбулин
578
оқылды

Онда тараптар парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылап, алдағы бірлескен жұмыстың маңызды міндеттерін белгіледі.

Мәулен Әшімбаев Ассамблея Төрағасымен кездесуде екі елдің көпжоспарлы ынтымақтастығының мәніне назар аударды. Сондай-ақ ол парламентаралық байланыс екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың маңызды тетігі екенін айтты. Бүгінде бұл бағыттағы қарым-қатынасты арттыруға ең жоғары деңгейде ерекше көңіл бөлініп отыр.

Сенат Спикері былтыр БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Португалия президенті Марсело Ребело де Соузаның кездескенін тілге тиек етті. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, бұл кездесу екі елдің де саяси және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін білдіреді. Сонымен бірге ол Парламентаралық Одақ және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы сияқты халықаралық парламенттік ұйымдар аясында да жүйелі жұмыс жүргізуге дайын екенін жеткізді.

«Парламентаралық ынтымақтастық Қазақстан мен Португалия арасындағы екіжақты қарым-қатынастың ажырамас бір бөлшегі. Сондықтан достық топтарына мүше депутаттардың өзара сапарларын ұйымдастыру және Сенат пен Ассамблеяның салалық комитеттері арасында байланыс орнату айрықша мәнге ие. Мұндай қадам парламентаралық ынтымақтастықтың дамуына айтарлықтай үлес қосады. Осы орайда біз Португалияның заң шығару қызметіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуды құқықтық тұрғыдан қолдау және парламенттік бақылауды қамтамасыз ету бағыттарындағы тәжірибесіне қызығушылық танытамыз. Сондай-ақ португалиялық әріптестерімізбен Парламентаралық Одақ және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы сияқты халықаралық парламенттік ұйымдар аясында ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз. Бүгінгі кездесу Қазақстан Парламенті мен Португалия Ассамблеясы арасындағы байланыстарды одан әрі дамытуға тың серпін береді деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларда жүргізіліп жатқан кешенді өзгерістерге тоқталды. Нақты айтқанда, ел Конституциясына түзетулер енгізу жөніндегі референдумның қорытындылары, Парламент және мәслихаттар сайлауының нәтижелері туралы сөз болды.

«Былтыр Парламент және Қазақстанның жергілікті өкілді органдарының сайлауы өтті. Нәтижесінде негізгі мемлекеттік институттар, оның ішінде республикалық деңгейде өңірлердің мүдделерін қорғайтын Парламент Сенаты кешенді түрде жаңғырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында жаңа экономикалық үлгінің негізгі қағидаттарын белгілеп берді. Сол арқылы өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, мұнай химиясы, көлік және логистика, туризм, ауыл шаруашылығы сияқты секторларға басымдық бере отырып, ұлттық экономиканы одан әрі әртараптандыруға арналған нақты міндеттер жүктеді. Осыған байланысты алдағы уақытта аталған салаларға шетелдік инвестиция тартуға мүдделіміз. Сондықтан біз инвесторлардың жұмысы үшін тиісті заңнамалық ахуал қалыптастыруды көздеп отырмыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сұхбат кезінде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланысты кеңейту мәселелері де талқыланды. Бұл ретте «жасыл» экономика, инфрақұрылым, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, ғылыми-технологиялық қызмет сияқты салаларда бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ тараптар білім беру, туризм және цифрландыру бағыттарындағы серіктестікті одан әрі кеңейтуге қатысты пікір алмасты.

«Португалия жасыл энергетика бойынша Еуропа елдері арасында көшбасшы екені белгілі. Біз сіздердің жаңартылатын энергия көздеріне қатысты тәжірибелеріңізге ерекше қызығушылық танытып отырмыз. Қазақстан Метан жөніндегі жаһандық келісімге қосылды. Сондай-ақ 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді көздеп отыр. Португалия бұл межеге 2045 жылға қарай жетуді мақсат тұтып отырғанын білеміз. Біз үшін осы саладағы заңнамалық тәжірибелеріңіздің маңызы зор. Алдағы уақытта екі ел де басымдық беріп отырған аталған бағытта нәтижелі ынтымақтастық орнатамыз деп үміттенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде Жозе Педро Агиар-Бранку Португалия Парламенті көпжақты қатынастарды дамытуға мүдделі екенін айтты және Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси өзгерістердің тиімділігіне назар аударды.

Айта кетейік, Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев бастаған Қазақстан делегациясы Португалия Республикасына жұмыс сапары аясында 25-27 қараша күндері Кашкайш қаласында өтетін БҰҰ Өркениеттер альянсының Жаһандық форумына қатысады. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаевтың БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришпен және БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен кездесуі жоспарланған.