АҚШ праймеризі: байсалды кандидаттың шоқтығы биік
АҚШ праймеризі: байсалды кандидаттың шоқтығы биік
Former Vice President Joe Biden (left) and Vermont Sen. Bernie Sanders (right) emerged as the front-runners for the Democratic presidential nomination after Super Tuesday primaries.
315
оқылды
Дональд Трамптың басты қарсыласын анықтау ақырғы кезеңіне таяды. Барак Обама тұсында вице-президент бол­ған Джо Байден кейінгі прай­ме­­риздерде күтпеген жерден суырылып алға шықты. Ол де­­мократтардың 6 штатта өт­кен сайлауалды алама­нын­да қа­­та­рынан жеңіс­ке жетіп, көш­­бас­­шылық тұғы­рына қай­та қон­ған.  Күні кеше Миссури мен Мис­си­сипи штаттарында сайлау учас­­келері жабыла салысымен-ақ бұ­рынғы вице-президент коман­да­сы жеңісті тойлауға кіріскен. Өйткені Миссисипиде оның 80%, ал Миссуриде шамамен 60% да­уыс жиғаны айқындалды. Ізінше Ми­чиган штаты да осы үміткерді қол­дағаны белгілі болды. Бұл штат­тар президенттік лауазым үшін күресте маңызды. Жалпы, алты штат та «егер Демократиялық пар­тия атынан Джо Байден бәйгеге түссе, соған дауыс беруге дайын» екенін паш етті. Праймериз Бай­ден­ді афроамерикалықтар басым он штаттың алтауы, сондай-ақ ме­га­полистердегі солшыл идеа­ли­зм­­ді жақтырмайтын ауыл-аймақ қызу қолдайтынын аңғартты. «Берни Сандерсте президенттік тақ­қа таласуда мүмкіндік қалған жоқ. Байден барлық жерде жеңіске жетіп жатыр. Телеарналар да Дем­пар­тия атынан жалғыз кандидат ре­тінде соның ұсынылатынын мә­­лім­­­деуде», – деді экс-үміткер Том Стейер шта­бының кеңесшісі Ке­вин Кэйт. Алайда Сандерс жарыс жолынан шы­ғатынын жарияламады. Ол ұзақ уақыт бойы праймериздердің жеңім­па­зы болып келген-тін. Алайда өт­кен аптада бірден 14 штатта және АҚШ-тың Тынық мұхиттағы бо­да­ны Самоада ұйымдастырылған «Суперсейсенбі» (Super Tuesday) нау­қаны тосын нәтиже әкелді: 10 штат сайлаушылары Джо Байден­ді басты үміткер ретінде көргісі келетінін білдірген. Қалған 4 штат Берни Сандерсті таңдады. Осы ап­тада Миссури, Миссисипи, Ми­чи­ган, Солтүстік Дакота, Айдахо және Вашингтон штаттарындағы прай­меризде Байден жеңіс шеруін жал­ғастырды. Айта кетер жайт, коронавирус үл­кен саясатқа да ықпал етуде. Қы­­тай­дан тараған кесел кесірінен Джо Байденге де, Берни Сандерске де бірқатар штаттардағы өз жақтау­шы­ларымен кездесуден бас тар­туы­­на тура келген. Ал індетке шал­­дық­қан алғашқы науқастар тір­­кел­ген Вашингтон штатында сай­­лау­­шыларға сайлау учаскелеріне кел­­меу, дауыстарын пошта арқылы жол­­дау ұсынылды. Осы орайда, кейбір сарапшылар мен Демпартия белсенділері өзге штаттардағы алдын ала сайлауды тоқтатуды ұсынуда. Олар Джо Бай­ден­нің жеңгеніне бек сенімді. «Есеп айқын және түсінікті. Бай­ден президент лауазымына Демо­кратиялық партия атынан ұсы­нылатын басты номинант. Біз биылғы қарашада оның Дональд Трампты шаң қаптыруына қолдан келген барлық көмекті көрсетеміз. Басқалар осы күресте бізді қолдайды де­ген үміттемін», – деп жазды Twit­ter парақшасында Priorities USA Action Саяси белсенділік су­­перко­ми­тетінің (super PAC) бас­шысы Гай Сесил. Түсіндіре кетсек, Америкада осындай супер­­комитеттерге қандай да бір канди­дат үшін шектеусіз кө­лемде қаражат жинау құқығы берілген. Биыл осы топ Д.Трампқа қарсы күрес үшін 150 миллион дол­лардан кем емес қаражат құюға мін­­деттеме алды. Дегенмен партия атынан пре­зи­денттік сайлауға түсетін жал­ғыз кандидат алдағы жазда, Демо­кра­тиялық партияның Ұлттық кон­вен­­циясы жиынында түпкілікті таң­далады. Ұлы құрылтайда жарыс жолында қалған үміткерлердің бірі 3 979 делегаттың 1 991-інің дауысын жи­науы тиіс. Демпартияның Ұлт­тық конвенциясы 2020 жылғы шіл­­­деде Висконсин штатындағы Ми­луо­киде ашылмақ. Осыған дейін аламан жолында Демпартия атынан бес кандидат болған. Бірақ «суперсейсенбі» олар­дың кем дегенде үшеуінің әрі қа­рай додаға қатысуы мәнсіз еке­нін көрсетті. Конгресмен Тулси Габ­бард сайлау қорытындысында аме­рикалық Самоадағы жалғыз ғана делегаттың дауысына ие бо­лып, аутсайдерге айналды. «Қан­дай қиындыққа да шыдаймын, сайыстан қаймықпаймын» деп уәде еткен сенатор Элизабет Уоррен тіпті ту­ған жері Массачуссетс штатында Джо Байденге жол берді. Нью-Йорктің бұрынғы мэрі, өзін-өзі жарнамалауға қалтасынан жар­ты миллиардтан астам доллар шы­ғындаған Майкл Блумберг тек Са­моадағы праймеризде ғана жеңіс тұғырына көтеріле алды. Вир­д­жи­нияда сайлаушылардың бар-жоғы 10%-ы оған ықылас біл­­дірген. Қалған штаттардағы нә­ти­­жесі бұдан да нашар. Ақпарат агент­тіктері оның жарыстан кете­­ті­нін хабарлап та қойды. Әйткен­мен, Блумберг аяғына дейін бара­ты­нын және биылғы сайлауда Трамп­пен жағаласуға ниетті екенін мә­лім­деді. Неге екені белгісіз, муль­ти­­мил­лиардердің сайлауалды шта­­­бының өкілдері АҚШ-тың бір­­неше телеарнасына берген сұх­ба­тында экс-мэрдің шынымен пре­зиденттік доданы тәрк етуі және өзге үміткерлердің біріне қар­­жылай көмек көрсетуі ықтимал еке­нін жеткізді. Мұнысы негізсіз де емес: роликтерде өзін сенімді ұстаған Майкл Блумберг дебаттарда күй­гелек әрі әзіл-қалжыңнан құра­ла­қан жан екенін байқатып алды. Социалист Б.Сандерс АҚШ-тың ауқаты аз тұрғындарының және испантілді америкалықтардың кең қолдауына ие. Бұқара оның жо­ғары білімді және медицинаны тегін етемін деген уәдесіне елтиді. Қар­жыгерлер Құрама Штаттар қазы­насында бұл уәдені орындауға қара­жат жетіспейтінін дәйектеген. Сан­дерс-жомарт қажетті ақшаны бай­лар атаулыға өкіртіп салық салу арқы­лы табатынын хабарлады. Дегенмен саясаттанушылар оның суырып салма популизмі Трамп­тың медиа, бизнес және сая­сат аре­на­ларында әбден шыңдалған тегеурінді популизмнің қолына су құя алмай қалуы мүмкін деп қа­­уіп­­тенеді. New York Times жа­зуын­­­­ша, бұрынғы президент Билл Клин­тон «ескі достарымен» бір­не­ше кез­десулер өткізіп, «егер Сан­дерс Демпартияның кандидаты атан­са, президенттік дода кезінде Трамп оны өз алаңында жермен-жек­сен етеді» деген алаңдаушылық біл­­діріпті. Демократтар әу бастан бай­­­­салдылығымен, ұлттық құнды­лық­­­тарға беріктігімен белгілі. Егер де­магогты беткеұстар етіп, ұтылып қал­са, абыройы аймандай болып, ұзақ жылдарға жеңісті көрмеуі ық­ти­­­мал. Берни Сандерс үнемі төңкеріске шақырады. Енді өзі әжуаға қалды: «Сандерс халыққа революция жа­йын­­­да айтады ма? Оны ол емес, біз бастап жатырмыз!» деді Super Tuesday-дегі сенімді жеңісін атап өт­кен Джо Байден. Сонымен, әзірге Байден – се­­німді жеңімпаз, Сандерс – қаса­рыс­қан аутсайдер. Әйтсе де шілдеде, Демпартия съезінде Джо Байден жиған дауыс саны 1 991-ге жетпей қалса, қызықтың көкесі сонда бо­ла­ды. Екінші кезеңде делегаттар прай­мериз кезінде халық жүктеген мін­деттемеден құтылып, әрқайсысы өз қа­лауынша дауыс бере алады. Олар­ға бұл кезеңде суперделегаттар – сенаторлар, конгресмендер, гу­бер­­наторлар, экс-президенттер мен пар­тия жетекшілері қосылады. Осы қара­құрым халық басты номи­нант­тың атын атамақ.    width=Айхан ШӘРІП