Су тасқыны кезінде Атбасардағы 200 отбасын көшіруге бөлінген 300 млн теңге қаражат қолды болған.
Су тасқынына бөлінген 300 миллион теңгені жымқырған
www.istockphoto.com
278
оқылды

Су тасқынына қарсы шараларға бөлінген қаражатты ұрлағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлайды.

Ақмола облысының арнайы прокурорлары Атбасар ауданының әкімдігіне қарасты құрылыс бөлімі, «Престиж Строй 7» және «Фундаменталь» ЖШС-ның басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Олар 300 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін айыпталды. 

Аталған қаражат 2021 жылы Үкімет резервінен Атбасар ауданында су тасқыны аймағында тұратын 200 отбасын көшіру үшін екі бөлмелі 100 пәтерлі үй салуға бөлінген. Күдіктілердің әрекеттері аса ірі көлемде жымқыру, талан-таражға салу, яғни Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі бойынша сараланды. Көрсетілген бап бойынша мүлкін тәркілеумен қоса, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Екі күдікті сот санкциясымен күзетпен ұсталса, олардың үшінші серіктесі үйқамаққа алынды,  делінген ведомство хабарламасында.