Кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Жетісуда 166 азаматтың жалақысын басып қалған екі әкім мен мектеп директоры жазаланды
www.istockphoto.com
1,034
оқылды

Жетісу прокурорлары мүгедектігі бар адамдар мен көпбалалы аналардың құқықтарын бұзған лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартты. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.

Жетісу облысының ауылдық округ әкімдері мен мектеп директорлары мүгедектігі бар адамдардың, көпбалалы аналардың, соның ішінде "Алтын алқа", "Күміс алқа", "Ана даңқы" және басқа да марапаттарға ие болған аналардың жалақысынан міндетті төлем сомаларын заңсыз ұстап отырған.

"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заңның талаптарына сәйкес азаматтардың аталған санаты үшін мұндай жарналарды мемлекет төлейтінін жеткізді. Соған қарамастан, кейбір жұмыс берушілер тарапынан қолдауға мұқтаж 166 азаматтың жалақысынан 5,5 миллион теңгеден астам қаржы заңсыз ұсталғаны белгілі болды.  Кінәлі лауазымды тұлғалар, оның ішінде екі ауылдық округтің әкімі мен бір мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды.", - делінген прокуратура хабарламасында.

Жетісу облысы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша аталған азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, заңсыз ұсталған қаржыны қайтару рәсімі басталды.