Тергеу барысында блогер жариялаған келеңсіз деректердің мүлдем негізсіз екені анықталды.
Түркістан облысында бопсалаумен айналысқан екі блогер сотталды
2,374
оқылды

Түркістан облысында бірнеше рет топтық бопсалаумен айналысты деген айыппен екі блогер сотталды,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Басты айыпталушы 28 жастағы азамат әлеуметтік желідегі бірнеше қоғамдық парақшаларды басқарып, Сайрам ауданындағы бюджеттік ұйымдардың жұмысына қатысты өткір әрі жағымсыз пікірлер жариялаған. Атап айтқанда, көліктері техникалық байқаудан өтпеді деген ауылдық аурухананың жедел жәрдем бөлімі мен жөндеу жұмыстары оқушылардың ата-анасы есебінен жасалды деп екі мектепті сынға алған.

Соттың мәліметінше, бұл айыптаулардың артында мекеме басшыларынан ақша бопсалау әрекеті тұрған. Блогер 54 жастағы сыбайласы, қоғам қайраткерімен бірге компромат жариялау арқылы 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін қаржы талап еткен. Сот құжаттарына сәйкес, осы жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында сыбайластар үш рет бопсалау әрекетін жасаған, олардың құрбандары – төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы мен екі мектеп директоры. 29 мамырда блогерлер 100 доллар мен 10 мың теңге алып жатқан жерінен ұсталды.

Тергеу барысында блогер жариялаған келеңсіз деректердің мүлдем негізсіз екені анықталды. Нәтижесінде, оған алаяқтық жасады деген тағы бір айып тағылды (ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабы 1-бөлігі). Сот екеуін де кінәлі деп тапты. Бопсалаудың бастамашысы баптар жиынтығы үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайласы 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Үкім түпкілікті емес және оған шағымдануға болады.