Коронавирус салған құрық
Коронавирус салған құрық
330
оқылды
Әлем дүргіліп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп жариялады. Яғни, жаһанның едәуір бөлігіне жайылған індет адамзатты әуре­леп тұр. Сондықтан ауқымды іс-шаралар мен спорт дода­ла­ры кейінге қалдырылды. Иә, 13 наурыз күні Нью-Йорк­те коронавирусқа қатыс­ты үлкен дөңгелек үстел жоспарланған-ды. Алайда АҚШ-та 11 наурыз бен 3 сәуір аралығындағы барлық жиын-той кейінге шегерілді. Сөй­тіп, коронавирусқа қарсы жиын коронавирустың кесірінен өтпей қалды. Тек Америка ғана емес, бар әлем қорғаныс дабылын қағып жатыр. Коронавирус мәдениет, спорт пен экономиканың аяғын тұ­сап тұр. Эпидемия салдарынан Қы­тай экономикасы 143 млрд дол­лар жоғалтқан. Ал Венгрия 11 нау­рыз күні елде төтенше жағдай жа­­­риялады. Германия болса 1000-нан астам адам қатысатын ша­ра­ларды өткізуге тыйым салды. Сал­дарынан ел көптен күткен, алдын ала кезекке тұрған айтулы кештер өтпейтін болды.  

АУҚЫМДЫ КӨРМЕЛЕР ӨТПЕЙДІ 

Мұндай көшті 13 ақпанда Бар­селонада өтеді деп мөр бас­қан Бүкіләлемдік мобильді кон­гресс бастады. Бұдан бұрын элек­­троника құралдарының ең үл­кен жәрмеңкесіне Deutsche Tele­kom, Vodafone, BT мен Nokia қа­тыс­паймыз деп хабар жіберген. Ақыры аталған конгресс өтпейтін болды. Өйткені кем дегенде 60 мың адам жиналатын, 140 елден делегация келіп, 1 500-ге жуық компания өнімін ұсынатын кеш­ке COVID-19-дың «қонаққа кел­­месіне» кім кепіл? Артынша Швейцария да 1 000-нан астам адам қатысатын шараға шектеу қойды. Салда­ры­нан әлемдегі ең ірі зергерлік сағат көрмесі өтпейтін болды. Женевалық Watches & Wonders наурыз айының соңына бекіткен шараның өтпейтінін мәлімдеді. Ал Baselworld компаниясы көрмесін кейінге шегерді. Яғни, көрме 2021 жылдың қаңтар айында өте­ді. Ұйымдастырушылардың сө­зін­ше, компания дайындық жұ­мыстарына кіріскен. Өйткені аталған шараның ауқымы кең еке­ні белгілі. Baselworld-тің был­тыр өткен көрмесіне 81 мыңнан астам адам келген. Бастапқыда олар көрмені кейінге қалдырғысы жоқ-ты. Алайда Bulgari, Citizen сияқты атақты фирмалар келмей­міз дегесін компанияның басқа амалы қалмады. Дертке шалдыққандар саны күн санап өскен Италияда атақ­­­ты Венеция карнавалына тоқ­­­тау салып, 29 наурызға жос­­­­парланған Конституция ре­­­­фе­рен­­ду­мы бол­майды. Ал Париж­де өтетін үлкен кітап сало­нын, ән­ші Ма­дон­наның кон­цер­ті мен Ден­­вердегі ғылыми көр­­­ме­ні кү­­тіп жүргендер бара алмай­тын болды. Өйткені аталған ша­ра­лар өтпейді. Сондай-ақ Жа­по­нияның Токио және Осака қа­ла­­сындағы сәуір фестиваліне ко­ро­­навирус тоқтау салды. Бұл саку­раның гүлдеуін көруге жан-жақ­тан жиналатындарға қиын. Оған қоса, елдегі Ұлттық музей нау­­рыздың ортасына дейін, ал Disneyland и DisneySea екі аптаға жа­был­ды. Берлинде өтетін туризм көр­ме­сіне санаулы күндер қалған-ды. Ұйымдастырушылар 160 мыңға жуық келушіні күтіп аламыз деп дәмеленген. Алайда коронавирус қаупінен сақтанып, көрмені кейін­ге шегерді.  

ВИРУС VS СПОР

Түрлі көрме, кеш пен фес­ти­вальді қайта өткізуге болады. Уа­қыты өзгергенмен, мәні мен маңызы жоғалмайды. Бірақ спорт­­тың діттегені бөлек. Бір ғана матч клуб тағдырын шешіп, бір кез­десу спортшы өмірін өз­гер­­те алады. Ал жанкүйер дем бер­ме­се, бәрі бос. Неге жан­­кү­йер­­дің жа­­йын жазып тұрмыз? Өйт­­кені ко­ронавирус әсерінен қол­дау­шы­сы жоқ жарыс тамашалап, ең­сесі түскен спортшыларды кө­ріп жүрміз. Тіпті, Токио Олим­пиа­дасы кейінге қалуы немесе жан­күйерсіз өтуі мүмкін. Спорт шараларын кейінге қал­дыруды Қытай бастады. Фут­бол чемпионатын белгілі бір мер­зімге кейінге қалдырды. Ал Азия­ның чемпиондар ли­га­­­сын шегеру әсте мүмкін емес. Сондықтан лига басқа аймақта өтеді. Футболдан бө­лек, бадминтон мен жеңіл ат­­ле­ти­кадан Азия чемпионаты өт­­пей­тін болды. Хайнань ара­лын­­­да жоспарланған Виктор Пос­­тол мен Хосе Карлос жекпе-жегі ко­ронавирус салдарынан «зар­дап» шекті. Сатылған билет пен өтетін орынның алдын ала тө­ле­мақысы едәуір екені бел­гі­­лі. Қош, бәрінен биатлоннан Қы­тай­дың ұлттық құрамасының халі мүшкіл. Өйткені олардан Әлем чемпионаты алдында елге ора­л­мауды сұрады. Алғашында Хох­фильценде дайындалған құ­ра­ма артынан Рупольдингке барып, Еуропаны біраз «аралап», елдеріне әрең қайтты. УЕФА Чемпиондар лигасы матч­тарын жанкүйерсіз өткі­зу­ге шешім қабылдады. Әрине, Еуро­па­ның бәрінде емес, біразында. Германия, Ита­лия мен Испанияда өтетін ойындарға жанкүйер кір­­­мейді. Қарап тұрсаңыз бұл қып-қызыл шығын. Мәселен, «Бар­­селона» Чемпиондар лига­сы аясында өз алаңында «Напо­лиді» қа­былдайды. Ойын жан­күйер­­сіз өтетіндіктен клуб 6 млн еуро шы­ғын көреді екен. Тіп­ті, Ита­лияға аттап басқысы кел­мей­­тін клубтар бар. Мысалы, «Хе­тафе» ал­дағы «Интермен» бола­тын кез­десуге барудан бас тартты. УЕФА жанкүйер кірмейді деп сен­діргенімен, әміріңе құл­дық дер ис­пандықтар жоқ. Клуб бас­шы­сы мәлімдемесінде «Еуро­па лигасынан шеттетсе де, ойын­шы­ларымның өміріне қауіп төн­дір­гім келмейді» деді.  

ЖАНКҮЙЕРСІЗ СПОРТ ТҰЛ

Әлемнің бірқатар елінде кез­десу жанкүйерсіз өткені былай тұр­сын, тіпті лига ойындары тоқ­­тауы мүмкін. Мәселен, Ита­лия А Сериясын 3 сәуірге дейін тоқ­татты. Англия, Испания мен Гер­манияда футболшы доп теп­кен­мен, біраз уақытқа стадион бос тұрмақ. Мұның алдында теннис турнирлері бірінен соң бірі кейінге қалдырылды. Ал ҰБА маусымды тоқтатты. Өйткені «Юта» ойыншысы Руди Гоберден коронавирус табылған. Оған қоса, италиялық «Интер» футбол матчтарына қатыспайтынын хабарлады. Себебі «Ювентус» ойыншысы Руганиден COVID-19 белгісі бай­қалған. Ал ол 8 нау­рыз күні «Интер» ала­­ңын­да доп тепкен. Оның үстіне Ита­лия­да коронавирустың өр­шіп тұр­ғаны тағы бар. Қазір кез кел­ген спорт жарысында қар­сы­лас ко­ман­да­лар бір-біріне қол беріп аман­дас­пайды. Егер бұлай жал­ға­са берсе Чемпиондар лига­сы тоқтап, футбол­дан Еуропа чем­­пионаты өтпеуі мүмкін. Қазір спорт әлемінің бас ауруы – алдағы Токио Олим­пиа­­дасы. Соңғы жағдайға зер сал­­сақ, олимпиада ойындары ке­йінге шегерілуі мүмкін. Мұны Жа­понияның Олимпиада және Пара­лимпиада ойындары жөнін­дегі министрі Сэйко Хасимото хабарлады. Олар олимпиаданың аяқ алысына 12 млрд доллар жұм­­­сапты. Миллионға жуық би­­лет сатылып, қонақүй брон­да­лып, түрлі компаниямен ке­лі­сімшартқа қол қойған. Егер төрт­жылдықты түйіндер дода өтпесе Жапония 75 млрд дол­лар шығынға ұшырай­ды. Ха­лы­қаралық Олимпиада ко­­­­ми­теті Жапониядан жарыс­ты жан­­­­­күйерсіз өткізуге қалай қарай­ты­­­нын сұраған. Жапониялықтар олим­­­пиаданы жанкүйерсіз өткі­зу­­ден, 1-2 жылға шегеруді құп кө­ріп отыр.   Айбике ЖАНАСЫЛ