Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық күніне орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға қатысты. Спикер жиналған қауымды мерекемен құттықтап, достас Әмірліктер халқына бақ-береке тіледі.
Екіжақты ынтымақтастықты тереңдетудің әлеуеті зор
578
оқылды

Ерлан Қошанов өз сөзінде Біріккен Араб Әмірліктері халықаралық қауым­дастық­та беделі зор, экономикасы қарыштап дамыған мемлекеттердің көш басында тұрғанын атап өтті.

Соңғы жылдары баламалы энергетика, жасанды интеллект, туризм мен қаржы саласында ауқымды реформаларды жүзеге асырып, дүниежүзіндегі озық тех­нологиялардың орталығына айналғанына ерекше назар аударды. Осы тұрғыда, Әмір­ліктердің атом энергетикасындағы тарихи жеңісімен, атап айтқанда, «Барака» атом электр стансасының толық іске қосылуымен құттықтады.

– Бүгінде Әмірліктер – Қазақстанның ислам және араб әлеміндегі аса маңызды серіктесі. Біз – рухтас, қанаттас елдерміз. Көшбасшыларымыздың арасындағы берік байланыстың, мызғымас достықтың арқасында екіжақты қарым-қатынасымыз жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми және жұмыс сапармен екі рет бар­ды. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда ынтымақтастыққа тың серпіліс беру тұр­ғысынан бұл сапарлардың тарихи мәні зор, – деді палата Төрағасы. 

Мәжіліс Спикері екіжақты ынтымақтастықты тереңдетудің әлеуеті зор екенін ай­тып, парламентаралық байланысты одан әрі нығайтуға шақырды. 

– Қазіргі уақытта жаңартылатын энергетика, көлік-логистика, жасанды ин­тел­лект пен ақпараттық технологиялар, жылжымайтын мүлік, білім беру және та­ғы да басқа бағыттарда бірлескен серпінді жобалар іске асырылуда. Соның бірі де бірегейі – алыстан көз тартып тұрған «Абу Даби Плаза» кешені Орталық Азия аумағындағы ең биік ғимарат ретінде елорда мақтанышына айналды. Ол – Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы достықтың символы іспетті, – деді Мәжіліс Төрағасы.