Атырау өңірінде әскери-патриоттық бағытта білім беретін «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының жұмысын бастағанына биыл екінші жыл.
«Сармат» – жас сарбаздар ордасы
526
оқылды

Бір жыл ішінде өзін ерекше жетістіктерімен танытқан мектепте биыл оқушылар саны айтарлықтай өсіп отыр. Бір кездері Шоқан Уәлиханов білім алған әйгілі Сібір-кадет корпусының қазақы, заманауи үлгідегі баламасы деуге болатын «Сарматқа» арнайы барып, әскери-патриоттық мектептің ахуалымен танысып қайттық.

Былтыр мектеп жаңа оқу жылын 136 жас сарбазбен бастаған еді. Биыл мектептегі оқушылар саны 256-ға жеткен. Мектеп-лицей-интернатының директоры Нұрлан Елеуовтің айтуынша, білім ордасына оқушылар 7-сыныптан бастап қабылданады. 

«Батыс өңірлік қолбасшылығы гарнизоны, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті, Атырау облысы полиция департаменті, Шекара дивизионы, «Жас сарбаз» республикалық қозғалысы және Атырау облысы ішкі саясат басқармасымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Мектепке оқушылар арнайы тест арқылы іріктеуден өтіп, қабылданады. Бұл жерде болашақ әскерилер, полицейлер, шекарашылар білім алып жатыр. Біз жас сарбаздардың бойына тәрбие, білім, рухани құндылықтар деп аталатын үш негізгі триаданы сіңіруге тырысамыз», – деді аталған білім ордасының директоры Нұрлан Елеуов.

Нұрасыл Талғатов – «Сармат» мектебінің 9-сыныбында оқып жатқан жас сарбаз. «Қарапайым мектепке қарағанда бұл жерде мүмкіндіктер өте көп. Тәртібім, сабақ үлгерімім жақсарды. Болашақта Ішкі істер саласында еңбек еткім келеді. Мен үшін қазір әр сабағым мазмұнды өтіп жатыр. Мұғалімдердің, тәрбиешілердің оқушылармен қарым-қатынасы ерекше. Осы мектепке келгелі Ақтөбе, Орал қаларынан, Махамбет ауданынан достар таптым. Ажырамас бауырдай болып кеттік. «Сармат» мектебінің шәкірті болғаным үшін өзімді мақтан етемін», – дейді Нұрасыл. 

Наркес Қайырлиев «Сармат» мектебінің 7-сыныбында білім алып жатыр. «Осы оқу орнына түсу үшін бір жыл дайындалдым. Болашақта еліме адал қызмет ететін әскери болғым келеді. Мектепте біздер үшін арнайы тәрбиешілердің бекітілгені қуантады. Тәрбиеші ағай, апайларымыз біздердің ата-анамыздан алыстаған жаңа өмірге бейімделуімізге көмектесіп отыр», – дейді ол. 

Қайсар рух, ерекше ерік-жігер, адалдық пен ер мінез ұранына айналған жас сарбаздардың бірі – Мадияр Серік өз қалауымен әскери мектепке оқуға түсіпті. Мақсаты болашақта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері болу екен.

– Әскери адам болу – арманым. Кешегі арман – бүгін айқын мақсатқа айналып, өз ретімен орындалады деп сенемін. Әскери қызметкердің бойында міндетті түрде ерлік, патриоттық сезім, яғни туған елді қорғау деген сезім болуы керек. «Генерал болуды армандамаған солдат – солдат емес» дегендей, мен де сардар атанып, қызметтің ең биік шыңын бағындырғым келеді , – деді жас сарбаз.

Шетінен сайдың тасындай іріктеуден өткен жас сарбаздар әрісі Шығыс Қазақстан, берісі Батыс Қазақстан, Маңғыс­тау және Атырау облысының шалғай аудан, ауылдарынан келген. Әскери тәртіп, рухани тәрбие және сапалы білімді мақсат етіп қойған мектепте ұстаздардан бөлек, тәрбиешілер де қызмет көрсетеді. Әр сыныпқа бір-бір тәрбиешіден бекітілген. 

Әлихан Жұмахмет мектеп-лицей-интернатының тәрбиешісі болып еңбек етеді. «7-сыныпқа әдетте екі тәрбиеші қызмет етеді. Әйел тәрбиешілер балалардың мектепке бейімделуіне жағдай жасап, жас сарбаздың анасы, апасы ретінде көмек көрсетеді, ұйқыдан тұрғанынан бастап, кешкі сабақтарын орындағанға дейін жауаптымын. Түнгі кезекшілер ауысыммен келіп, балалардың жағдайын қадағалайды. «Сармат» мектебінде биыл 14 сынып бар, барлық сыныпқа тәрбиеші бекітілген. Әскери тәрбиеден бөлек, оқушылар спорттық, қосымша өнер бағыттарында үйірмелерге қатысуда», – дейді ол. 

Қазіргі уақытта «Сарматта» жаратылыс­тану-математика бағытындағы физика, биология, химия, география пәндері тереңдетіліп және әскери-бейіндік пәндер оқытылады. Қосымша спорт, алғашқы әскери дайындық, би, ән, домбыра сынды үйірмелері бар.

Үш қабатты мектептің заманауи үлгіде жабдықталған жатақханасы, асханасы бар. Арнайы форма, киім-кешек, 5 мезгіл тамақпен қамтамасыз етіліп отырған мектепте пәндік сыныптардан бөлек, әскери дайындық үшін арнайы жаттығу алаңы, заманауи зертханалар мен кітапхана қызмет көрсетуде.

Осыдан біраз бұрын Алматы қаласында Кеңес Одағының Батыры, Халық қаhарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағдат Нұрмағанбетовтың 100 жылдығына арналған «Айбын–2024» Х Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өткен болатын. Әзербайжан, Беларусь, Қырғыз­стан, Ресей, Өзбекстан және Қазақстанның аймақтарынан әскери-патриоттық клубтардан 50 команда қатысқан жиында Атырау облысының намысын Хиуаз Доспанова, «Батыс» әскери-патриоттық клубының тәрбиленушілері және «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей интернатының оқушылары қорғады. Аталған әскери-патриоттық жиында «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей интернатының оқушылары жалпы командалық есепте пневматикалық винтовка атудан – ІІ орын, әскерилендірілген эстафетадан І орынды иеленді. Бір Қазақстан ғана емес, әлемнің бірнеше мемлекеті қатысқан бәйгеде топ жарған сарматтықтар жеңісі – Атырау өңіріндегі әскери бағыттағы алғашқы мектептің сан емес, сапа үшін жұмыс істеп жатқан білім ордасы екенін көрсетеді.

«Алғашқы оқу жылы бізге аяққа нық тұруға, сеніммен жаңа бастамаларды іске асыруға мол мүмкіндіктер сыйлаған жыл болды. Оқу жылын 54 пайыз білім көрсеткішімен аяқтап, оқушыларымыздың потенциалын, жалпы мектебіміздің мүмкіндіктерін облысқа жақсы таныттық. Жаңа оқу жылы бұдан да белестерге толы болатынына сенемін, – деді мектеп директоры Нұрлан Елеуов.

Қалай десек те, мұндай әскери бағыттағы мектептерді ұлттық қауіпсіздігімізді нығайтуға бағытталған кешенді бағдарламаның негізгі бөлігі ретінде қарастыра аламыз. Себебі бүгінгі жас ұлан – еліміздің қауіпсіздігін қорғайтын ертеңгі сарбаз.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы