Көрменің негізгі мақсаты – тарихи тұлғалардың рухани мұрасын кеңінен насихаттау.
«Тарихи тұлғалар туралы толғам» атты көрме ашылды
407
оқылды

Қазақстан Президенті іс басқармасына қарасты Президенттік орталықта Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері Мұхаметжан Тынышбаев, Мұстафа Шоқай, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұловтың мерейтойларына арналған «Тарихи тұлғалар туралы толғам» көрмесінің ашылуы өтті.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет. Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек» деген болатын. 

Көрменің негізгі мақсаты – тарихи тұлғалардың рухани мұрасын кеңінен насихаттау. Қазақстан Республикасы ПІБ Президенттік орталығының кітапхана және музей  қорларынан экспонаттар мен кітаптар, мемлекет қайраткерлері туралы тарихи құжаттар қойылған. Барлығы 170-ке жуық материал орналастырылды.

«1991 жылы қол жеткізген тәуелсіздік халқымыздың өз бостандығы, ар-намысы, абыройы, бірлігі мен туған жерінің тұтастығы үшін сан ғасырлық күресінің қисынды нәтижесі және лайықты тәжіне айналды.  Биыл мерейтойларын атап өтетін қазақ халқының біртуар перзенттері Мұхаметжан Тынышбаев, Мұстафа Шоқай, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұловтың қызметі де осы шежіренің даңқты парағына айналды. Халқымыздың егемендікке жету жолындағы басты белестерді еске сала отырып, мемлекеттігіміздің қалыптасуы мен дамуында елеулі рөл атқарған Алаш және Түркістан автономияларын еске алу бүгінгі біздің парызымыз. Олар аз уақыт өмір сүрсе де, кейіннен біздің демократияның шыбықтары шыққан дәнді сеуіп үлгерді», – дейді Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов өз сөзінде атап өткендей, халқымыз үлкен тар жол тайғақ кешулерден өтті. Бүгінде сөз етіп отырған тұлғаларымыз қазақ халқының жаңа дәуірде мемлекет болып қалыптасуына тәуелсіздігімізді нығайтуға үлкен еңбек сіңірген тұлғалар. Бүгінгі жастарға сол зиялы қауымның атқарған еңбектерін, жасаған ерлігін терең насихаттауымыз керек.

Ұйымдастыру аясында жүргізілген іздестіру-жинақтау жұмыстарының нәтижесінде жинақталған мазмұнды материалдар көпшілік назарына ұсынылады. Астана қаласының Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясының музейінен алынған М.Шоқайдың 1920-1930 жылдары қолданған жазу машинкасы, «Яш Түркістан» журналын шығару барысында пайдаланған мөрлері, «АЛЖИР» мемориалды мұражай-кешенінен алынған Тұрар Рысқұловтың редакциясымен жарық көрген «Восстание 1916 года в Киргизстане» кітабы, Т.Рысқұловтың жұбайы, «АЛЖИР» тұтқыны Әзиза Рысқұлованың сандығы, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінен алынған «Хашия Радия Мұхтар» кітабы, сия сауыт, күрсі сынды түпнұсқа жәдігерлер көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырары сөзсіз.

Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің, Сәкен Сейфуллин музейі, Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейі, Тұрар Рысқұлов атындағы Түлкібас аудандық тарихи-өлкетану музейі, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейлерінің қорларынан алынған фотосуреттер мен құжаттар тарихи тұлғалардың өмірлері мен қызметтері туралы жан-жақты баяндайды. 

«Бүгінгі шара болашақ ұрпақ үшін өте маңызды. Көрмені тамаша ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіргім келеді.  РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары болып 11 жыл жұмыс істеген, Тұрар Рысқұлов Қазақстан үшін көп еңбек сіңірді. XX ғасырдың 30-жылдары Бүкілодақтық коммунистік партияның орталық комитетіне бұрын-соңды болмаған аштыққа ұшыраған  қазақ халқының тағдыры туралы бірнеше рет үндеулердің арқасында Қазақстанға азық-түлік көмегін көрсету мәселесі шешілген болатын», – деп бөлісті белгілі қайраткер Т.Рысқұлованың немересі Адель Рысқұлова.

Айта кету керек, көрме материалдары келесі тақырыптар аясында жүйеленді:

- «Көрнекті мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, тарихшы-ғалым, тұңғыш теміржол қатынастарының инженері Мұхаметжан Тынышбаевтың туғанына 145 жыл»;

- «Алаш қозғалысының қайраткері, Түркістан автономиясының жетекшісі, публицист Мұстафа Шоқайдың туғанына 134 жыл»;

- «Ақын, жазушы, мемлекет қайраткері, Қазақ АКСР Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы Cәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл»;

- «Мемлекет және қоғам қайраткері, Түркістандағы түркі халықтары ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, ғалым, публицист, тарихшы Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл».

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.