Кеше Астанада халықаралық «Qazaq Tili» қоғамының ұйымдастыруымен Disney студиясының «Моана 2» анимациялық фильмі қазақ тілінде көрерменге жол тартты.
Қазақша сөйлеген Моана: Disney студиясының туындысы
1,834
оқылды

Кеше Астанада халықаралық «Qazaq Tili» қоғамының ұйымдастыруымен Disney студиясының «Моана 2» анимациялық фильмі қазақ тілінде көрерменге жол тартты.

Бұл – «Qazaq Tili» қоғамы бастамасымен Disney студиясының өз қаражатына қазақ тілінде аударылған екінші фильм. Олар әлемдегі ірі халықаралық студиялар өздерінің танымал 30 премьерасын өз қаражатына 30 тілге аударуды көтерген. Соның қатарында қазақ тілі де бар. «Qazaq Tili» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы айтқандай, енді «қатарымыздан қалыс қалмай, алға ғана ұмтыла беруіміз керек».

– Бұған дейін «Ойжұмбақ-2», кейін «Веном. Соңғы би» фильмдері шыққан. Енді жылдың аяғында «Муфаса арыстан патша» және келесі жылдың басында «Ақшақар» фильмдерді көрсету ойымызда бар. Осы үрдісіміз үзілмей, жалғасын тапсын десеңіз бір ғана шарт, ол – қаралым. Сондықтан ортамыз толсын, келіп көріңіздер!,  – дейді Рауан Кенжеханұлы.

 Оның айтуынша, әлемдік анимациялық фильмді қазақ тіліне аударудағы мақсат – ана тілін ұлықтау, балаларды қазақша сөйлеп, ойлауға баулу.

– Қазір әлемде мазмұны терең дүниеге, жаңа идеяға талас жүріп жатыр. Hollywood, Netflix, Disney студиясы секілді өзге де әлемдік ірі компаниялар контент іздеуде. Соңғы 15 жылда үлкен сценарийлердің қайнар көзі комикстер болған. Мысалы, Marvel студиясы, бірақ ол да таусылып, тың идеяның іздеу үстінде. Өйткені көгілдір экран арқылы балаларымыздың сүйікті кейіпкерлерін қазақша сөйлете отырып, ана тіліміздің аясын кеңейтіп, жаңа серпіліске ие боламыз, – деді  ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Disney студиясының кезекті анимациялық фильмі кейіпкерлерін қазақ тілінде сөйлеткендер қатарында Моана – Құралай Өтепованың дауысымен сөйлейді. Ал кино ішіндегі Моананың барлық әнін әнші Назима орындайды. Моана мен Мауиге қатер төндіретін Матангиді актриса Айнұр Болат дыбыстаса, Матангидің әндерін Гауһар Өмірзақова орындады. Ал әртіс Қобыланды Болат жартылай құдай Мауиді дыбыстады. Одан бөлек Бақытжан Әлпейіс күңкілдек бағбан және Моана тобының мүшесі Келені қазақ тілінде сөйлетті.

Дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев фильмнің қазақ тіліндегі трейлерін жарты жыл бұрын дайындағанын айтты.

– Бұл фильмді дыбыстау баршамызға қызық болды. Бүгінгі көрсетілімнің материалдарын біз 3-4 ай бұрын алдық, ал қазақ тіліндегі трейлерді жарты жыл бұрын дайындадық. Алдымен түпнұсқа мәтін қазақ тіліне аударылады. Содан соң кейіпкердің мимикасына қарай үйлестіріледі, оған арнайы маман шақырылады. Осы сәтте басты кейіпкерлерді дубляж жасайтын әртістерге кастинг жарияланады. Әрбір кейіпкерге кем дегенде 4-5 үміткерді ұсынамыз, соңғы шешімді авторлық компания қабылдайды. Фильмді дыбыстау екі аптадай уақыт алады. Егер музыкалық фильм болмаса 10 күннің ішінде аяқтауға болады, ал музыкалық болса 15-20 күн уақыт қажет, – деді Шах-Мұрат Ордабаев.

Айта кетсек, аталған мультфильм қазақ тілінде еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіледі және демалыс күндері қолайлы уақытқа қойылған.

Бұған дейін «Моана 2» анимациялық фильмінің жабық көрсетілімі Алматыда өткен.