Қазақтың кең даласын әнге бөлеген алты алаштың ардақты серісі, даңқты композитор, ел еркесі атанған – Ақан сері Қорамсаұлының аты аталғанда Ақтоқтының да есімі еріксіз ойға оралады.
Ақтоқтының  жүзігі
1,678
оқылды

Өйткені олар бүгінгі ұрпаққа дейін жеткен Арқа төсіндегі ғашықтықтың мәңгілік символына айналған адамдар. Қос тарихи тұлғаның ұлы махаббаты жайлы талай ақын-жазушылардың қалам тербеп,  ақық жырларын арнағаны да ақиқат. Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» драмасы, Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэ- масы, Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері» романы, сондай-ақ Сыдық Мұхамеджановтың «Ақан сері – Ақтоқты» тарихи операсы боямасыз трагедиялы ғашықтық оқиғасын дәлме-дәл суреттейді. Бүгін тақырыбымыз – Ақан серінің Ақтоқтыға сыйға тартқан жүзігінің тарихына арналып отыр.

Ақтоқтыға арнап талай ән шы­ғарған Ақан серінің оған сыйға тартқан жүзігінің күні бү­гін­ге дейін көненің көзіндей асыл дү­ние ретінде сақталып, ұрпақтан-ұр­паққа мұраға беріліп келе жат­қа­нын біреу білсе, біреу білмейді. Ақан серінің Ақтоқтыға сыйға тарт­қан жүзігін бүгінде өзі де ар­дақ­ты әже болып отырған Ақтоқ­ты­ның жиен немересі – Орын­ба­сар Төкенова көзінің қа­ра­шығындай сақ­тап отыр. Ғашықтық оқиғаның үнсіз куәгері әрі серінің қолының табы қалған жүзіктің  тарихы да аса қызық. 

Бүгінде Көкше өңірінде тұ­ра­тын Орынбасар апа жү­зікті сақтаудың өзі оңайға соқ­па­ғанын, талай адам қолқалап, тіп­ті са­тып алмақ болса да көн­бе­ге­нін ай­тады.  Жүзікті Орынбасар апай­ға анасы Қанипа, яғни Ақтоқты­ның туған қызы әшекей бұйымдар сияқ­ты құнды заттарымен бірге сый­лапты. Нағашы апасынан жет­кен тарихы құнды жәдігер жү­зік Кеңес үкіметінің қолдан ұйым­дастырған ұжымдастыру,  кәмпескелеу кезінде «Шаш ал десе бас алатын» шолақ бел­сенділердің қолына түсіп, жо­ғалып кетпес үшін жерге де кө­мі­ліпті. 

– Анам бұл жүзікті төрде тұра­тын сандығында әшекей бұйым­дар­мен бірге көзінің қарашы­ғын­дай ұқыптап сақтады. Бала-шағаға мүл­де ұстатпайтын. Нағашы әже­міз – Ақтоқты бай-бағландарды кәм­пескелеу кезінде құндыз жаға­лы тондар, әшекей бұйымдар, іс ті­гетін мәшінкелерімен бірге Ақан сері сыйға тартқан осы жү­зік­ті де теріге орап, жерге көміп тас­тапты. Сол кездері үй-үйді тін­тіп, ақ­та­рып-төңкерген шолақ бел­сенділер дәулеті мол, бақуатты адам­дардың үйіндегі бар дүние-мүліктерінен бас­тап, барлық ер-тұрман, пәуес­ке­леріне дейін түгін қал­дырмай ар­тып әкеткен көрі­не­ді. Анамның айтуынша, төрде әке­сінің қайыс­тан сәндеп өрген қам­шысы ілулі тұра­ды екен. Тін­ту­­шілер оны алуға ба­тылдары бар­мапты, – дейді Орын­басар Тө­ке­нова. 

Бейқам жатқан қазақтың кең да­­ласына ауыр қайғы әкеп, зо­ба­лаң салған «Қызылдар қырғыны» Жал­мұқан мен Ақтоқтының шаңы­рағын да қиындыққа душар етіп, бар мыңғырған малы мен дү­ние-мүлкінен айырады. Бір кез­дері берекелі тірлігі мен сән-сал­танатты өмірі енді тек асқақ ар­ман­ға айналған отбасы сол кездері  азапты күндерді бастан өт­керіпті. Дегенмен арада бірша­ма уақыт өтіп, ел іші тынышталған кез­де жүзікпен бірге Ақтоқтының бар­лық дүниелері жерден қайта қа­зылып алынады. 

– Иә, аумалы-төкпелі заман өтіп, ел ішін алатайдай бүлдірген қыр­ғын саябырлаған шақта Тоқан де­ген нағашы атамыз Ақтоқты ана­мыз көміп кеткен барлық бұйым­ды қазып алыпты. Бір ғажа­бы теріге ораған әлгі бұйымдардың бәрі сол күйі еш өңін де бермей сақ­талған екен. Анамда сол за­ман­да мықты зергерлер мен ше­бер­лер күмістен әдіптеп соққан шол­пылар, сақиналар мен мон­шақ­тар көп болатын. Ұзатылған ша­ғымда уыстап тұрып таратқаны әлі есімде. Қәзір тарихтан сыр шер­тетін құнды жәдігерлерге ай­нал­ған шолпылар мен сақи­на­лар­ды  «қартайған кезіңде тағарсың» деп, ортасында тасы бар қаптыр­ма­ларын да ұсынды. Дәл осы­лар­дың ішінде ең қастерлі әрі құн­ды­сы осы жүзік болатын. «Мұны се­нен талайлар сұрайды. Бірақ еш­кімге беруші болма! Бұл Ақан се­рінің нағашы апаң Ақтоқтыға сый­лаған жүзігі» деп аманаттап тап­сырды. Содан бері көздің қа­ра­шығындай сақтап келемін, – дейді Орынбасар апа. 

Елдің еркесі әрі жігіттің төре­сі болған Ақан серінің ға­шығы Ақтоқтымен арасындағы баян­сыз махаббат дастаны күні бү­гінге дейін ұрпақтан-ұрпаққа жал­ғасып, боямасыз тарихымен ха­лықтың жүрегінде өшпес мұра бо­­лып сақталып келеді. Сол ға­шық­тық хикаяның бір сәттерінде осы жүзіктің тұрмысқа шығып кет­кен Ақтоқтыға Ақан серінің қа­лай сыйға тартқаны  да арагідік айтылып жатады. 

– Ақан серінің әніне арқау бол­ған Ақтоқты анамыз аса сұлу бол­са керек. Жалмұқан атамыз да Ақан серімен арадағы жағдайды біл­генімен, ол елдің  еркесі бол­ғандықтан шынайы құрмет көр­сетіп, ерекше сыйлапты. Ақан сері Қы­зылағашта орын тепкен Жал­мұ­қанның шаңырағында талай қо­нақ болған екен. Сері домбыра­сын шертіп таңды-таңға ұрып әнін әуелеткен күндердің бірінде нәрестелі болып, шымылдықтың ар жағында отырған Ақтоқты ана­мызға ешкімге сездірместен ора­мал­ға түйілген түйіншекті тастап ке­тіпті. Анамыз Ақан серіден еке­нін іштей сезіп, бесіктің асты­на бірден жасыра қояды. Ора­мал­дағы түйіншекті содан үш күн өт­кен соң барып ашады. Сонда­ғы­сы дәл осы жүзік екен, – дейді Орынбасар апай.

Орынбасар апайдың ай­туын­ша, Ақан сері сый­лаған сол жү­зік­ті Ақтоқты ­талай қиын­дықтарды бастан өткерсе де, өмі­рінің соңына дейін сақтаған. Оның ұлт тұлғасынан қалған мұра екенін түсінген. Бірақ жүре­гінің түкпірінде жатқан сырын жан баласына айтпаған. 

– Иә, жұрттың бәрінің кө­кейін­дегі жалғыз сұрақ – біреу. Егер бір-біріне қатты ғашық бол­са, Ақан сері мен Ақтоқты неге қо­сылмаған? Бұл сауалды мен де ана­ма талай қойдым. «Ақан сері­дей жігіттің сұлтанын кім сүй­мей­ді? Бірақ сол заманда осылай бол­ды ғой. Несін айтасың» дейтін де қоятын. Анам екі жылдай төсек тар­тып, ауырып жатты. Ол уа­қыт­та мен тұрмыстамын. «Көкшетау прав­дасы» газетінде қызмет іс­тейтінмін. Анам ауру әбден қа­жы­тып, тым қатты меңдеп кеткен шақ­та мені әдейі шақыртып алды. Төр алдындағы оюлы сандығын аш­тырып, орамалға түйілген күйі әше­кей бұйымдардың арасында тұр­ған осы жүзікті алып шықты. Жүзікті қолына алған анам «Бұл – Ақан серінің менің анам, сенің әжең  Ақтоқтыға сыйлаған жүзігі. Анам­ның аманатын өмірімнің соңы­на дейін сақтап келемін. Енді өзіңе аманаттап отырмын. Мұ­ны Ақтоқты әжеңнің көзіндей көр. Ешқашан сата көрме! Еш­теңе­ге айырбастауға болмайтын зат. Көзіңнің қарашығындай сақта! Бұл анаңның көзі ғана емес, Ақан серіден қалған жәдігер» деп кө­зіне жас алған. Айтқаны айдай ке­ліп, жүзікті қоярда қоймай қы­зы­ғып «Маған сат!» деп қолқа­ла­ған­дар көп болды. «Жассың бәрі­бір қолыңа тақпайсың. Одан да қол­дан соғылған екі бірдей сом ал­тын сақинаға айырбаста» деді бір апайым. Анамның қадап тап­сырған аманаты болған соң бере ал­майтынымды айттым. Одан кейін де талай сұрағандарға бер­ме­дім. Сол күйі сақтап келемін, – дей­ді Орынбасар апай. 

Ақан серінің 150 жылдық ме­рейтойында Сәкен сері Жү­ні­сов те дәл осы жүзіктің тарихын естіп, Орын­басар апайды арнайы ал­дыр­­тыпты. Орынбасар апай жү­зік­ті өзімен бірге ала барған. Жи­­­налған жұрттың бәрі таң-тама­ша болады. Қаламгер жүзікті қо­лы­на алып тағып көріп, музейге тап­сыру туралы ақыл қосқан екен. Бір­ақ Орынбасар апай бұған да көн­бепті. 

– «Үйіңде сандықта жат­қа­ны­нан не пайда? Музейде қанша ел кө­реді. Жалмұқан мен Ақан сері­нің арасындағы ел аузында жайы­лып жүрген жаңсақ-жалған сөз де сап тыйылады. Серіден қалған жә­дігерді елдің бәрі көргені жөн» де­ді. Бергім келгенімен, анамның ал­дында уәде еткен аманатқа қия­нат жасауға қолым бармады. Өз қолымда сақтауды жөн көрдім, –  дейді Орынбасар апай. 

Сәкен серінің айтуымен, Ақ­­тоқтыдан қалған тігін мәшінкесінен бастап әшекей бұйым­дар сияқты басқа жәді­гер­лерді жергілікті музейге өт­кіз­ге­ні­мен, аманат болған жүзікті өзіне алып қалған. Қазір жүзіктің кө­шір­месі облыстық музей көр­ме­сіне орналасқан. Ақан серінің ма­хаббатының сертіне айналып, та­рихы тереңге кеткен, күні бүгін­ге дейін еш сызат та түспеген күйі жүзік сақтаулы. Орынбасар апай жү­зікті енді өз немересіне өсиет­теп табыстамақ ниетте. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы