Астанада тәуелсіз сарапшылар Мемлекет басшысының экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы Жарлығын іске асыру барысын талқылады.
Жарлық жеке секторға дем берсе дейміз...
829
оқылды

Биыл мамырда жарияланған құжат елдің экономикалық әлеуетін кеңейтуге және бизнес ахуалын жақсартуға бағытталған. Сондай-ақ құрылымдық экономикалық және құқықтық реформаларды жеделдету мақсатында дайындалған еді. Шараға қатысқан сарапшылар бұл маңызды құжат экономиканы одан әрі ырықтандырудың негізгі бағыттарын белгілеп бергенін атап өтті. 

Бірінші бағыт – жекешелендіруге жол ашып, мемлекеттік кәсіпорындардың өсуіне жол бермеу арқылы экономикадағы мем­лекеттік сектордың үлесін қысқарту. Екін­шіден, «Самұрық-Қазынадағы» корпора­тивтік басқаруды жетілдіру және нарықтың барлық субъектілеріне тең жағдай жасау. Одан бөлек, қаржы нарықтарында адал бәсе­келестікті қамтамасыз етіп, кәсіпкерлік ер­кін­діктің негізгі қағидаттарын жүзеге асыру.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агент­тігінің (БҚДА) төрағасы Марат Омаровтың айтуынша, әділ бәсекелестіктің дамуына негізгі кедергілердің бірі – мемлекеттің экономикаға шамадан тыс араласуы және мемлекеттік органдардың іс-әрекетінен туындайтын тосқауылдар болып табылады. Яғни, мемлекет жеке кәсіпкерлікке қолайсыз жағдай туындату және орынсыз тексерістер арқылы бәсекелестікке кері әсерін тигізуде. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелер кә­сіпкерлерге артық бюрократиялық талаптар немесе күрделі рәсімдер енгізу арқылы қолдан кедергі келтіріп, кәсіпкерліктің дамуына және әділ нарықтық қатынастың қалыптасуына тосқауыл болуда. Оларды шешу үшін жекешелендіруді жеделдету қажет. Осы мақсатта биылғы жылдың мау­сым айында агенттік жанынан Жекешелен­діру жөніндегі Ұлттық кеңсе құрылған болатын. 

Бүгінде агенттікке қарасты осы кеңсе тарапынан тауар нарықтарына бастапқы талдау жүргізіліп, нәтижесінде 500-ге жуық кәсіпорын алдын ала іріктелгені белгілі болды. Спикердің сөзінше, жекешелендіру үшін жобаларды іріктеу бойынша жаңа әдістеме әзірленген. Бұрын бұл процесті әртүрлі мемлекеттік органдар қарап, шешім қабылдау ұзақ уақыт алса, енді БҚДА тізімді бірден Реформалар жөніндегі жоғары ке­ңеске жібереді. Сол жерде Мемлекет басшы­сы деңгейінде соңғы шешім қабылданады. Бұл өзгеріс жекешелендіру процесін тездетіп, оңайлатады және артық қағазбастылықты болдырмайды. Мұндай жаңалық процесті едәуір жеңілдетуге, бұрын басқа мемлекеттік органдар құрған бюрократиялық кедергі­лерден жедел өтуге мүмкіндік бермек. Ендігі жерде жекешелендіруге өтінім беру қағидаты енгізілген соң жеке сектордағы объектілер өздері өтінім беруге мүмкіндік алады. Сонымен қатар 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізілді. 

Тағы бір айта кетерлік іс – заңнамалық түзетулер. Бұл монополияға қарсы органға жа­ңа­дан құрылып жатқан мемлекеттік кәсіпорындардың ғана емес, бұрыннан бар кәсіпорындардың қызметін бәсекелестік қағидаттарын бұзу тұрғысынан қарауға мүмкіндік береді. 

Талқылау барысында бірқатар сыни пікірлер де айтылды. Атап айтқанда, жеке­шелендіру қарқыны соңғы кезде айтарлықтай төмендеген. Сарапшылар арасында бұл үл­кен алаңдаушылық туғызды. Мамандардың пікірінше, активтерді жеке сектордан мем­лекетке қайтару («заңсыз активтерді қайтару бойынша») және «Самұрық-Қазына» мен оның еншілес компанияларының энергети­калық жобаларға белсенді қатысуы мемле­кеттің экономикадағы рөлін күшейтеді, ал бұл ырықтандыру идеясына қайшы. Екібас­тұз ЖЭО сияқты нысандардың қайтарылуы жеке секторды әлсіретеді. Бұл Жарлықта көз­делген мақсаттар мен нақты экономика­лық саясат арасында диссонанс тудыратын мемлекеттік бақылаудың кеңейіп жатқа­нының көрінісі. Нәтижесінде, мемлекеттің экономикадағы үлесі жоғары болып қала бермек, ал мемлекеттік құрылымдарды басқаруға берілген активтер өсе береді. Үкімет Жарлықтың орындалуы туралы есеп бермесе, бұл көңілге күдік ұялатады.

Сонымен қатар «Алтыншы антимоно­полиялық пакет» Жаңа заң жобасы антимо­но­полиялық органға (БҚДА) тек жаңа құры­латын мемлекеттік кәсіпорындардың ғана емес, сонымен қатар бұрыннан бар мемле­кеттік кәсіпорындардың да әрекеттерін тек­серуге мүмкіндік беріп отыр. Яғни, бұл ұйым­дардың бәсекелестік ережелеріне сай жұ­мыс істеп жатқанын анықтау үшін олар­дың қызметіне талдау жүргізеді.

Жарлықтың басқа бағыттары бойынша агенттік төрағасы мынадай өзгерістерді атап өтті. Баға төрелігін және осыған байланысты нарықта туындайтын теңгерімсіздіктерді болдырмау үшін жанар-жағармай шекті ба­ғаларын жою жөніндегі норма пысықталды. Агенттік өкілінің пікірінше, бұл бағаны реттеуден аулақ болу үшін сигнал. Дәл осын­дай өзгерістер қазір фармацевтикалық на­рық­та қарастырылуда. 

Бұдан әрі «Самұрық-Қазына» қорының даму және жекешелендіру жөніндегі бас­қару­­шы директоры Салтанат Сатжан жеке­ше­лендіру және корпоративтік басқару бойын­ша шараларға талдау жүргізді. Сөз барысында қор агенттікпен бірлесіп 2025 жылы Жеке­шелендіру жөніндегі кешенді жоспарды жү­зеге асыратыны белгілі болды. Алайда та­риф бағасының төмен болуы сал­дарынан қордың ірі активтерін жекеше­лен­діру жеке сектор үшін тиімсіз болып отыр. Қор өкілінің пікірінше, инфляция мен қыз­мет тұтыну­шылар шығынының күрт өсіп кетпеуі үшін және әлеуметтік наразылықты туындамасын десек, тарифтер құнын біртін­деп арттыру қажет. 

Дөңгелек үстелге қатысушылардың көп­шілігі бұл пікірге қарсы екенін жеткізді. Сарапшылар тарифтерді бірден нарық құнына теңестіру керек деп санайды, өйткені баға өзгермесе жеке инвесторлар бұл нарыққа қаражат тартуға құлықсыз болмақ. Мемлекет өз кезегінде халықтың әлеуметтік осал топта­рына тариф құнымен барабар қолдау көрсету жолдарын қарастыруы тиіс. 

Halyk Finance Басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірхановтың пікірінше, соңғы онжылдықтарда елде «мемлекеттік капитализм» моделі қалыптасқан. Мемлекет экономикада соның ішінде мұнай сияқты табиғи ресурстардан түсетін кірістерді басқару мен бөлуде маңызды рөл атқарады. Бұл еркін бәсекелестікке негізделген толық­қанды нарықтық экономиканың дамуына кедергі келтіреді. Сондықтан Жарлықты орындау – адал және еркін нарықтық экономиканы дамыту барысындағы басты міндетке айналып отыр. Сарапшы өз сөзінде қазір Жарлық шараларын орындау үшін жеткілікті күш жұмсалмай отырғанын айта келе, мынадай негізгі мәселелерге тоқталды:

«Осыған дейін Жарлық бойынша бірде-бір Үкімет отырысы өткізілмеді, сондай-ақ баспасөзге, сарапшыларға және жалпы жұрт­шылыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілген жоқ. 2029 жылға дейінгі жаңартылған Ұлттық даму жоспары Жарлықта көзделгендей мемлекеттің экономикадағы рөлін едәуір және жеделдетіп төмендету үшін шаралар ұсынады деп күткен едік. Алайда 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту және эконо­миканы ырықтандыруға байланысты нақты көрсеткіштер болмай шықты. Сонымен қатар жүзеге асыру мерзімі 2024 жылдың 18 қазанында аяқталатын Жарлықта қарасты­рылған бірқатар шаралардың орындалуы туралы мәліметтер жеткіліксіз», – деп түйіндеді М.Темірханов.

Пікірталас барысында мамандар бүгінде негізгі проблема Жарлық шараларын жүзеге асыру үшін біртұтас тәсілдің жоқтығы деген тоқтамға келді. Әсіресе, сарапшылар активтердің құнын арттырудың орнына инвестициялық компанияларға тән емес міндеттерді (Әлеуметтік, бюджеттік және тағы басқа) орындағаны үшін «Самұрық-Қазынаның» қызметін сынға алды. Премьер-Министрдің Қордың директорлар кеңесін басқаруы мүдделер қақтығысын күшейте түсті, себебі бұл Экономикалық ынтымақтас­тық және даму ұйымының корпоративтік басқару стандарттарына қайшы келеді. Қор қаражаты Үкіметке дивиденд ретінде төленудің орнына мемлекеттің әлеуметтік жобаларына, мысалы, жайлы мектептер мен спорттық орталықтар салуға жұмсалуда. Егер қаражат Үкіметке берілсе, бюджет бекіту барысында Үкімет белгілі бір есеп берер еді. Қазіргі жағдайда сатып алулардың қалай жүргізілетіні түсініксіз әрі депутаттар ал­дында да ешқандай есеп берілмейді.

Екі тараптың ортақ мәмілеге келген тұ­сы – инвестициялық жобалардың тартым­дылы­ғын арттыру үшін тарифтерді көтеру қажеттігі болды. Алайда тарифтерді көтеру­ден түскен қосымша кірістер қалай пайда­ланылады деген сұрақ жауапсыз қалып отыр. Тәуелсіз сарапшы, қаржыгер Андрей Че­ботарев бұл туралы өзінің эксперттік пара­қ­шасында инфрақұрылымды жаңғыртуға ұзақмерзімді инвестициялар мен әділ әрі ашық корпоративтік басқару қажеттігіне назар аударды. Әйтпесе, инфрақұрылым эксплуатациясының жай-күйі уақыт өткен сайын нашарлай түспек. 

«Мәселен, ҚТЖ жағдайын еске алсақ, соңғы екі жылда тарифтер 24%-ға өскеніне қарамастан, компанияның орасан зор қа­рыздары әрі қарай да арта түскенін көреміз. «Кедентранссервис» және ҚТЖ-Экспресс сынды ҚТЖ-ның еншілес компаниялары жеке сектордың жұмысын қайталап, Yellow Pages (мемлекеттік кәсіпорындардың жеке сектормен арақатынасы – ред.) ережелерін бұзып отыр. Сондықтан бұл компанияларды жекеменшікке өткізуге ерекше назар ауда­рылуда. Бұл қадам олардың бәсекелестік ор­тада дербес жұмыс істеуіне және мемле­кеттік араласуды азайтуға мүмкіндік бере­ді», – дейді ол.

Сонымен қатар сарапшы тарифтік сая­сатты реформалау кезінде атаулы әлеуметтік қолдаудың маңыздылығын ескерген жөн дейді. Әсіресе, нарықтық тетіктерге қарама-қайшы келетін «әмбебап субсидиялардың» орнына мұндай әлеуметтік көмек халықтың осал топтарына бағытталуы керек. Сондай-ақ экономиканы либералдандыру үшін реттеуші нормаларды жеңілдеткен абзал.

Қорытындылай айтсақ, экономиканы ырықтандыру туралы Жарлықта көрсетілген межеге қол жеткізу үшін елімізде шешуші реформалар қабылдап, мемлекеттің эконо­микадағы үлесін қысқарту, корпоративтік басқаруды жақсарту және тарифтік кірістерді ашық бөлу қажет. Бұл шаралар жүзеге аспаған жағдайда, өршіл жоспарларға қара­мастан экономикалық мақсаттардың жүзеге аспай қалу қаупі жоғары.

Кәмила ЕРКІН