Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Құзырлы орган басшысына пара ұсынған директорға 195 миллион теңге айыппұл салынды
Ашық дереккөз
288
оқылды

Шымкент қаласының тұрғыны пара беруге оқталғаны үшін 195 млн теңге айыппұл арқалады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Шымкент соттарының Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап.

- Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушы Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 367-бабының 2-бөлігі («Лауазымды адамға айтарлықтай мөлшерде пара беруге оқталу») бойынша айып тағылған, – делінген хабарламада.

Сот мәліметінше, азамат серіктестік директоры қызметін атқарып жүріп, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өзіне спирт өндіру, сақтау және өткізудегі заңсыз әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғағанын білген. Ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмау мақсатында мамыр айында департаменттің 1-басқармасы басшысына 20 мың АҚШ доллары (ресми бағаммен 8 788 000 теңге) және 1 млн теңге пара бермек болған.

Прокурор сотталушыға айыппұл жазасын тағайындауды сұраған.

- Жаза тағайындау барысында сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Т. Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 367-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 20 еселенген мөлшерінде 195 641 856 теңге айыппұл жазасы тағайындалды, – делінген сот хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.