Ұлттық әдеби сыйлықтың жалпы жүлде қоры 35 миллион теңгені құрады.
«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздары анықталды
421
оқылды

Алматыда «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған байқау биыл үшінші рет өткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Лауреаттарды құттықтаған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлестері үшін жазушыларға ризашылығын білдірді.

– «Айбоз» әдеби сыйлығы – сөз өнерінің майталмандарын дәріптейтін, олардың шығармашылығын елге танытатын ерекше сыйлық, – деді министр.

Сондай-ақ, ол мемлекет тарапынан руханият саласына ерекше мән беріліп, ұдайы қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.

– Жыл сайын Жазушылар одағы Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп алматылық 400 қаламгерге, Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп астаналық 80 қаламгерге қала әкімдерінің гранттары табысталуда. Министрлік кітап саласында да жүйелі жұмысты жалғастырып келеді. Мәселен, биыл қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу бағдарламасына бойынша 52 авторға қаламақы төленді. Жаңа кітаптар алдағы жылы көпшілік оқырманға жол тартады. Ал қайта басып шығару бағдарламасы бойынша 2023 жыл 134 кітап жарық көрсе, биыл жыл соңына дейін 189 жаңа кітап ел кітапханаларына таратылмақ, – деді Аида Балаева.

Биыл министрлік Қазақстан Жазушылар одағымен «Стратегиялық әріптeстік» орнату бойынша үш жаңа жобаны жүзеге асырды:

Жас қаламгерлер «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы негізінде еліміздің өңірлеріне барып, жаңа шығармалар жазды. Жыл соңына дейін қазақ әдебиетіне жиырма жаңа туынды қосылып, әр жас қаламгер 4 млн теңге көлемінде қаламақы алады;

Жас қаламгерлерге арналған «Жазушылардың шеберлік мектебі» ұйымдастырылып, отандық және шетелдік беделді қаламгерлердің дәрістері мен шеберлік сыныптары өтті;

«ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы ұйымдастырылды.

2024 жылы Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Герольд Бельгер секілді бірқатар қаламгерлердің мерейтойлық даталары кең көлемде атап өтілді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда жаңа мереке – 23 сәуір Ұлттық кітап күні белгіленді. Осыған орай министрлік «Ұлттық кітап» байқауын жариялады.

Министр әдебиет саласын қолдауға арналған бірқатар маңызды бастамаларға назар аударды. «Айбоз» сыйлығынан бөлек, жас қаламгерлерге арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық, Мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайтуға арналған әдебиет саласындағы сыйлық, «Дарын» секілді бірқатар сыйлықтар мен байқаулар ұйымдастырылып келеді.

Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан жас жазушыларға арналған «Алқа» әдеби клубы құрылды. Жас жазушылар Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдығы және Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған әдеби тур өткізді.

– Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Осы орайда, дарынды авторларға қолдау көрсетіп, қоғамдағы еңбек мамандықтарының маңызын ашу мақсаттында жас қаламгерлерге арналған «Ерлік пен еңбек дастаны» байқауы жарияланғанын да айта кеткім келеді. Мұның бәрі ұлт әдебиетін, қаламгерлер қауымын қолдауға бағытталған кешенді жұмыстардың айқын көрінісі деп білеміз, – деп түйіндеді Аида Балаева.

2024 жылы «Айбоз» сыйлығына 7 номинация бойынша 176 шығарма авторлары өтінім берді: «Үздік проза» – 57, «Үздік поэзия» – 37, «Үздік драматургия» – 16, «Үздік әдеби сын» – 13, «Үздік әдеби аударма» – 14, «Үздік балалар әдебиеті» – 31 және «Үздік комикс» – 8 өтінім.

Жасырын дауыс беру нәтижесі бойынша, тәуелсіз қазылар алқасының шешімімен «Махамбеттің өлім жазасы» романының авторы Бекет Қарашин «Үздік проза» номинациясының жеңімпазы атанды, «Үздік поэзия» номинациясында – «Айкөркем» балладасының авторы Маралтай Райымбекұлы жеңімпаз болды. «Үздік драматургия» номинациясында ең көп дауыс Думан Рамазанның «Әзірет Сұлтан» пьесасына берілді. «Үздік әдеби аударма» номинациясы бойынша Рауза Мұсабаева «Таң жұлдызы» жұмысымен жеңімпаз атанды. «Үздік балалар әдебиеті» номинациясында Төкен Әлжантегінің «Қызықтың бәрі ауылда» шығармасы үздік деп танылды. Ал «Үздік әдеби сын» номинациясында Жүсіпбек Қорғасбектің «Сайтанның ойыны» еңбегі марапатқа ие болды. «Үздік комикс» авторы болып Жақсылық Сабитов «Жошы хан» жұмысымен танылды.

Ұлттық әдеби сыйлықтың жалпы жүлде қоры 35 миллион теңгені құрады.

«Айбоз» – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі құрған ұлттық әдеби сыйлық, ол отандық жазушыларды қолдау және ынталандыру мақсатында беріледі.