Олжас Бектенов NU және НЗМ Жоғары қамқоршылық кеңесінің отырысын өткізіп, университет жанындағы технопарктегі жобалармен танысты.
Озық ғылыми жобалармен танысты
610
оқылды

Премьер-министр Олжас Бектенов NU, НЗМ және «Назарбаев Қоры» Жоғары қамқоршылық кеңесінің отырысын өткізді. Атқарылған жұмыстар туралы есеп тыңдалып, одан әрі даму жоспарлары қаралды.

NU президенті Вакар Ахмад университет Орталық Азия аймағындағы жетекші жоғары білім беру, зерттеу және инновация мекемелерінің бірі екенін айтты. 2011 жылдан бастап 360-қа жуық ғылыми жоба, 9 мыңнан астам жарияланым, 500-ден астам стартап ұсынылды. Адами капиталды дамытуға қосқан үлесі жоғары жұмыспен қамтылуымен сипатталады – 2015 жылдан бастап түлектердің шамамен 95%-ы жақсы жұмысқа орналасады немесе оқуын жалғастырады. Отырыста ТМД елдері арасында үздік 2 және Times Higher World University Rankings үздік 300 рейтингіне кіру мақсатына қол жеткізу үшін NU білім беру сапасы мен тиімділігін арттыру бойынша тәсілдер айтылды.

Орта білім беруді дамыту мәселелері бойынша НЗМ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин сөз сөйледі. Бүгінде «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында НЗМ қолдауымен 135 өңірлік білім беру ұйымы қамтылды, 583 маман даярланды, олар кейіннен ауыл мектептерінің директоры болды. Алдағы жылы ауылдарда тағы 200 тірек мектепті дамыту жоспарлануда.

Қамқоршылық кеңестің төрағасы мен мүшелері ағымдағы күн тәртібін ескере отырып, білім беру сапасын арттыру, әкімшілік және бюджеттік процестерді жетілдіру жөніндегі NU және НЗМ жоспарларына қатысты бірқатар мәселені айтты.

NU университеті жанындағы технопаркке барған кезде Премьер-Министр ЖОО зерттеушілері іске асыратын және ғылыми шешімдерді коммерцияландыруға бағытталған денсаулық сақтау және ЖИ, тау-кен металлургия салаларын дамыту салаларындағы озық ғылыми әзірлемелермен танысты. Олжас Бектеновке бүгінде ауданы 3 мың шаршы метр болатын технопарк аумағында 32 қазақстандық компания жұмыс істейтіні, тәжірибелік-эксперименттік цех, цифрлық прототиптеу зертханасы бар екені, оларға арнайы экономикалық аймақ режимінің мүмкіндіктері берілетіні баяндалды. Ғылыми жобалардың басшылары индустриялық серіктестермен бірлесіп өз өнімдерін көрсетті және Премьер-Министрдің әзірлемелерді коммерцияландыру мен ілгерілету бойынша бұған дейін қойған міндеттерді жүзеге асыру барысы туралы хабарлады.

Әрбір жоба технологиялардың дайындық деңгейі­не сәйкес TRL шкаласы бойынша 0-ден 9-ға дейінгі балмен бағаланады.

Бірқатар әзірлеме барынша бағаланды: Codiplay білім беру IT-жобасы, тау-кен металлургия секторына арналған Smartview Innovation стартапы және IHT Central Asia медициналық бұйымдар жасау кәсіпорны.

Оқушылардың цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған Қазақстандық Codiplay стартап-жобасы қазір Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Түркия, Әзербайжанды қоса алғанда, 10 елдегі 450-ден астам оқу орнын қамтиды. Еліміздің мектептерінде технологияны енгізу бо­йын­ша жұмыс жүргізілуде. Жыл соңына дейін Түр­кістан облысының 10 білім беру ұйымы Codiplay эко­жүйесіне қосылып, кейіннен 2025 жылы тағы 60 мекемеге, оның ішінде Ақтөбе және Қарағанды облыстарында кеңейтілетін болады. Олжас Бектенов Оқу-ағарту министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мектептерде Codiplay әзірлемелерін белсенді енгізуді тапсырды, бұл оқушыларды прототиптер арқылы цифрлық инновацияларға тиімдірек оқытуға мүмкіндік береді. Жоба Ұлттық білім академиясының мақұлдауына ие болды. 

Smartview Innovation ЖШС стартапы пайдалы қазбаларды өндіру тиімділігін арттыруға бағытталған. Жаңа технология жұмыс күшін 90%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді, қызметкерлердің қауіпсіздік шараларын 80%-ға, аппаратшылардың жұмыс тиімділігін 50%-ға арттырады. Премьер-министрге қазіргі уақытта пилоттық жоба Түркістан облысында Central Asia Mining Co-мен бірге жүзеге асырылып жатқаны, қосымша серіктес іздестірілуде екені айтылды. Стартапты Ресей, Канада, Аустралия және АҚШ сияқты халықаралық нарықтарға кеңейту жоспарланып отыр.

Премьер-Министрге тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарды оңалту үшін экзоқаңқалар өндірісін іске қосу, клиникаға дейінгі кезеңде донорлық органды ұзақмерзімді тасымалдау жүйесін, қатерлі ісікке қарсы жаңа препаратты әзірлеу бойынша жобалар таныстырылды. Әзірлемелер клиникалық сынақтың әртүрлі кезеңінде.

Трансплантология саласындағы жоба бойынша Олжас Бектенов ел тұрғындары арасында өсіп келе жатқан қажеттілікті ескере отырып, қазіргі заманғы медицинаның барлық талабына сай болған жағдайда сертификат алу рәсімін жеделдетуді тапсырды. University Medical Center корпоративтік қорының басқарма төрағасы, кардиохирург Юрий Пя әзірлеудің бірегейлігі оқшауланған органды 24 сағаттан астам уақыт бойы сақтап қана қоймай, оның жай-күйін емдеуді, бақылауды жүзеге асыру мүмкіндігіне, атап айтқанда дәрігерлерге ультрадыбыстық, тамырішілік зерттеулер сияқты рәсімдер қолжетімді болатынына тоқталды. 

Су ресурстарын басқаруда жасанды интеллектіні пайдалану, металдарды терең өңдеу саласындағы бірқатар жобалар бойынша бүгінде индустриялық серіктестерді анықтау үшін келіссөз жүргізілуде, өндірістерді дамыту бойынша егжей-тегжейлі жоспарлар әзірленуде. 

Сонымен қатар Премьер-Министрге ақпараттық технологиялар, медицина, робототехника, жасанды интеллект, энергетика, білім беру салаларындағы коммерциялық әлеуеті бар 10 жаңа әзірлеме таныс­тырылды. 

Олжас Бектенов Үкіметтің экономиканы дамытуға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған озық жобаларды қолдайтынын атап өтті. ЖОО басшылығы мен мүдделі мемлекеттік органдар басшыларының алдына ғылым мен өндірісті интеграциялау, өткізу мен экспортқа бағыттау бойынша міндеттер қойылды.