Алматы қаласындағы Достық үйінде Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысы өтті.
Салық кодексі сарапқа салынды
223
оқылды

Жиында Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, Қоғамдық палата мүшелері, мүдделі мемлекеттік органдардың және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, кәсіпкерлер мен сарапшылар Салық кодексі жобасындағы өзгеріс­терді талқыға салды. 

Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айын­дағы Жолдауында салық заңнамасы мә­се­лелерін Үкімет пен Парламентте жан-жақты сарапқа салып, қажетті ше­шімдер шығаруды тапсырған еді. 

Отырысқа қатысқан Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жаңадан қабылданатын Салық кодексі қоғамда қызу пікірталас туғызғанын, тіпті құжатта депутаттардың пікіріне қарама-қайшы келетін тұстар бар екенін, сондықтан салық мәселесінде жан-жақты тараптың пікірін ескеру арқылы түпкілікті шешімге келу маңызды екенін атап өтті. 

– Салық кодексі – Қазақстандағы әрбір азаматқа тиесілі «сезімтал» сұрақ. Қазіргі уақытта бұл мәселенің аясында сын-пікірлер өте көп. Тіпті, осы мәселеде депутаттардың да келіспейтін тұстары бар. Мәселен, нормалардың кесірінен дәрі-дәрмектердің құны қымбаттауы мүмкін, одан бөлек мұнда бір картадан екінші картаға төленетін қаражаттарға ҚҚС (НДС) салыну, сондай-ақ білім са­ласына қосымша КТС (КПН) салу жө­нінде бастамалар бар. Егер шын мә­нінде аталған бастамалар жүзеге асса, нәтижесінде қарапайым халыққа, зейнеткерлер мен студенттерге, қатардағы азаматтарға ауыртпашылық түсуі мүмкін. Салық кодексін қоғаммен, сарапшылар мен бизнес өкілдерімен ортақ талқыға салып, осыдан кейін ғана нақты шешімге тоқталу қажет. Бүгінде Парламентте жұ­мыс тобының отырыстары өтуде. Біз талқылау­ға барлық тарапты шақырып отырмыз. Расында, қазір Салық кодексі мәселесі тө­ңірегінде үлкен пікірталас жүріп жатыр, – деді Мәжіліс депутаты А.Аймағамбетов.

«Шағын және орта бизнестің ашық болғанын қалаймыз»

Ал Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Салық кодексі мәселесінде ес­керілетін екі бірдей түйткілді мәселені негізге алды. Ол креативті индустрия са­ла­сында еңбек ететін азаматтарға салықтық преференция беру мәселесіне тоқталды. Онымен қоса, депутат салық саясатының ашық жүргізілуі тиіс екенін, әсіресе көлеңкелі бизнес өкілдері салы­ғын ашық төлеуі және мемлекетке түсімдердің түсуі тұрғысынан заңнамалық шешімдер болуы қажет екенін түйреп өтті. 

– Салық кодексі – бұл азаматтардың табысы. Оны қалай жинақтайды және қай салаларға қалай бөледі? Осы мәселенің барлығы ашық әрі әділетті болуға тиіс. Бірінші мәселе – әлеуметтік салаға байланысты. Сонымен қатар креативті индустрия бағыты өте кең көлемді қам­тиды. Көптен бері аталған салаға салықтық преференциялар беру мәселесі айтылып келеді. Бұл қатарда қолөнершілер бар. Біз оларға да салықтық преференция беру мәселесін көтереміз. Азаматтардан түсетін салық көп болған сайын, қазір жоғарыда аталған сала мамандары қиындық көріп отыр. Екінші мәселе – шағын және орта бизнес. Біз шағын және орта бизнестің ашық болғанын және легалды жұмыс істегенін қалаймыз. Қазір олардың алпауыт бизнес өкілдерімен қатар тұрып салық төлегені қаншалықты дұрыс? Біз бүгін Қоғамдық палатада экономистер, сарапшылар, макроэкономистер, сонымен қатар са­лық мамандарын шақырып, негізгі мәселелерді талқылаймыз. Осы уақытқа дейін Парламентте талқылау өтті. Бұл отырыста да көңіліміз толмайтын мәселелерді ортаға салдық. Өйткені шағын бизнеске байланысты салықтық жаңа мазмұнда ешқандай мәселе болмады. Креативті индустрияға қатысты ешқандай ұсынысты көрмедік. Сондықтан бүгінгі талқылауда осы екі мәселені шегелеп тұрып айтқымыз келеді, – деп сөзін қорытындылады Мәжіліс депутаты Ж.Сүлейменова.

«Салықты төлеу оны төлемеуден арзанырақ» болуы қажет

Салық кодексін талқылауға арналған жиынның Алматы қаласында өтуі тегін емес. Себебі мегаполис еліміз бойын­ша барлық деңгейдегі бизнес түрі орналасқан қалалардың қатарында көш бастап тұр. Ranking.kz порталының де­регіне сүйенсек, шағын және орта биз­нес өкілдерінің ең көп үлесі Алматы шаһарында шоғыр­ланған. Нақтырақ айтсақ, қалада 352 мыңнан астам кәсіпкер ісін дөңгелетіп отыр. Талқылау барысында жиынға жетекшілік еткен палата төрағасы Айдос Сарым алда түзету енгізе бермейтін, келешекте тұрақты жұмыс істейтін кодексті қабылдау міндеті тұрғанын алға тартты. Палата төрағасының сөзінше, жаңа Салық кодексі кәсіпкерлердің ашық жұмыс істеуіне ықпал етіп, сондай-ақ салық төлеуге мәжбүрлемей, ынталандыруға тиіс. Маңызды құжаттың басты міндеті «салықты төлеу оны төлемеуден арзанырақ» болуы қажет.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, Басқарма мүшесі Тимур Жәркенов өз сөзінде жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеу және талқылау барысында кәсіпкерлер мен Үкімет ұстанымдарының келіспеген тұс­тарына тоқталды. Онымен қоса, Ти­мур Жәркенов әлеуметтік сала ұйым­дары, медицина, тұрғын үй жылжымайтын мү­лікті бастап­қы сату бойынша құ­ры­лыс салушылар үшін қосымша құн салығынан босату жеңілдіктерін сақтауды ұсынды.

– Салық кодексінің жобасында кез келген нысандағы дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде ғана оларды өндіруге арналған материалдар мен жинақтаушы бұйымдарды сатуды және әкелуді қосымша құн салығын төлеуден босату бойынша шектеулер қарастырылған. Бұл ретте коммерциялық сегментте сатылатын дәрі-дәрмектерге қосымша құн салығы са­лынады. Ұсынылып отырған ереже тұ­ты­нушылар арасындағы теңгерімсіз­дікке, халық шығынының артуына және дәрі-дәрмек тапшылығы қаупіне әкеле­ді, – деді Т.Жәркенов.

Талқылау барысында өздеріне таныс әрі қолайлы нормаларды алып тастауға бағытталған заңнамалық түзетулерге алаңдаған кәсіпкерлердің де пікірі ортаға салынды. «Альянс МарКо» ЖШС директоры Оксана Марченконың сөзінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, салық органы камералық тексеру туралы хабарламаны орындалмаған деп жариялаған кезде тиісті шешім қабылдауға міндетті. Бірақ Салық кодексінің жобасында бұл норманы алып тастау ұсынылды. Ал са­рапшылар мұның тиімсіздігін байқап отыр, себебі салық төлеуші енді камералық бақылау нәтижелері туралы толық әрі сенімді ақпарат ала алмайды және әкімшілік актіге сотта наразылық білдіру мүмкіндігінен айырылады. Қоғамдық палатаның төрағасы айтылған ұсыныс­тар Салық кодексінің жобасы бойынша алдағы жұмыс барысында Мәжілісте қаралатынын айтты.

Шығыстардың 40 пайызы әлеуметтік салаға тиесілі

Сөз соңында Мәжілістің вице-спикері Дания Еспаева қазіргі уақытта Салықты азайту немесе жаңа салықтар енгізуден бас тарту туралы ұсыныстар жасалғанын атап өтті. «Дегенмен күні кеше біз биылғы және алдағы үш жылдық бюджетке өзгерістер мен толықтыруларды қарастырғанымызды ұмытпауымыз тиіс», – дейді ол:

– Қазір қандай тапшылық бар екенін көріп отырмыз. Бюджетті толықтыру әдістерінің бірі – салық базасын ұлғайту. Сондықтан мен қатысушыларды, әсіресе сарапшыларды бюджет кірістерін ұлғайту мәселесінде мемлекеттің ұстанымын ескеруді сұраймын. Өйткені бүгінде шы­­ғыстардың 40 пайызы әлеуметтік са­лаға тиесілі. Бұл дегеніміз – жалақы, зейнетақы, білім беру, денсаулық сақтау бағыты. Олар жыл сайын өсіп келеді, – деді Мәжілістің вице-спикері.

Естеріңізге салайық, биыл маусым айында Қазақстан Ұлттық экономика министрлігі «Ашық НҚА» порталында жаңа Салық кодексінің жобасын жариялаған еді. Құжатта Кодекс салық салудың негіз құраушы қағидаттарын белгілейтіні, Салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді белгілеу, енгізу, өзгерту, олардың күшін жою, есептеу мен төлеу тәртібі жөніндегі билік қатынастарын, сондай-ақ салықтық міндеттемені орындауға байланысты мемлекет пен салық төлеуші арасындағы қатынастарды реттейтіні айтылған.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, 

Алматы қаласы