Бұған ықпал етіп отырған ішкі және сыртқы факторлар сарапталып көрсетілген.
Желтоқсанда доллар тағы өседі – Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы
Фото: afk.kz
2,116
оқылды

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы желтоқсан айында да теңгеге қысым түсетінін болжады, – деп хабарлайды Aikyn.kz kursiv.media-ға сілтеме жасап.

Бұған ықпал етіп отырған ішкі және сыртқы факторлар сарапталып көрсетілген. Қауымдастықтың талдауынша, Ұлттық банктің шетел валютасын сату көлемін азайтуы теңге бағамын тұрақтандыруға қосымша шараларды талап етуі мүмкін.

Валюта нарығы

Ұлттық валюта бұл аптада қатты әлсірей бастады. Дүйсенбі, 2 желтоқсан күні бір доллар 524,79 теңгеге дейін өсті. Сауда көлемі де едәуір ұлғайған. 425,7 млн доллар сатылған.

«Экономика министрі Нұрлан Байназаровтың мәлімдемесіне қарағанда, негізгі себеп – сыртқы факторлар. Оның ішінде рубльдің әлсіреуі, мұнай бағасының түсуі мен АҚШ доллары индексінің өсімі де бар. Десе де, қараша айында ұлттық валюта 5%-ға әлсіреп отыр. Ұлттық банктің 2,4 млрд долларды сатуы да көмектесе алмаған», – делінген қауымдастықтың сараптамасында.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының пайымдауынша, квазимемлекеттік экспорттаушылар міндетті сату туралы норма шеңберінде түскен қаржысын конверсиялаған. Ұлттық банк желтоқсан айында тек 800-900 млн доллар сатпақ. Бұл валюта нарығындағы азуалды тұрақтандырудың қосымша шараларын талап етуі мүмкін.

Ақша нарығы

Ақша нарығының индикативті мөлшерлемесі апта басында, 23 желтоқсан күні төмен түсті. Базалық мөлшерлеме өскен соң, өткен жұма күні күрт секірген.

«TONIA 6 б.п.-ке, 14,90%-ға дейін түскен. SWAP_1D бірден 145 б.п. жоғалтып, 11,50%-ға түскен.  Сауда белсенділігі де азайған. Сауда көлемі 657,8 млрд теңге болды. Жұма күні 787,0 млрд теңге болған еді», – делінген сараптамада.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, кешегі депозит аукционында Ұлттық банк жылдық 15,25%-бен 1,2 трлн теңге тартқан. Ұлттық банктің операциялар бойынша ашық нетто-позициясы нарық алдындағы таза қарызы 6,5 трлн межесінде құбылып тұр.

Қор нарығы

Қауымдастық дерегінше, дүйсенбі күні сауда қорытындысы бойынша KASE индексі тағы да нық өсім көрсетті. 5 562,38 пункт (+0,7%) межесінде бекіді.

«Өсімнің негізгі драйвері «Қазатомөнеркәсіп» акциясы болды. 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, компания өткен аптада күшті қаржылық нәтижесі туралы есеп берді. Оның үстіне, болашақта уранға деген сұраныс өседі деп күтіліп отыр», – делінген сараптамада.  

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының айтуынша, «жасыл аймақта» өкілдік тізімдегі 10 компанияның жетеуі жабылды. Бұл «жергілікті инвесторлардың тәуекел-тәбетін сақтауын» және олардың «инвестициялық қоржынының клибрін қайта өзгертуін» көрсетсе керек.

Мұнай

Brent мұнайының бағасы дүйсенбіде сәл ғана түсті. Барреліне 71,9 доллар (-0,3%) болды. Қазір әлемдік мұнай нарығында сұраныс пен ұсыныстың қалай болары беймәлім. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы бұған әлемдегі геосаяси ахуал әсер етіп отырғанын меңзейді.

Айталық, бір қырынан алғанда, Қытайдың өңдеу өнеркәсібінде PMI индексі қараша айында 50,3 пунктке дейін өскен. Бір ай бұрын 50,1 пунктте тұрған-ды. Бұл осы елдегі іскерлік белсенділіктің қалпына келгенін көрсетеді.

Екінші қырынан алғанда, Таяу Шығыстағы ахуал аумалы-төкпелі. Пентагон Израиль мен Хезболла арасында бітім орнағанын хабарласа, израильдік әскерилер Ливандағы «террорлық нысандарға» соққы жасағанын мәлімдеп жатыр.

«Осы аптада мұнай саудалаушылардың назары ОПЕК+ кездесуінде. Онда әрі қарай құлдырамауы үшін мұнай бағасын ұстап тұруды көздеп, қаңтар айына жоспарланып отырған мұнай өндіруді арттыру мәселесін кейінге қалдыру туралы шешім қабылдануы әбден мүмкін», – деп тұжырым жасалған сараптамада.

Тәуекелді активтер

АҚШ-тың негізгі биржа индекстері дүйсенбіде әртүрлі қарқын көрсетіп отыр. Технологиялық компаниялардың акциялары өсіп, S&P пен Nasdaq 0,2% және 1,0%-ға өссе, Dow  0,3%-ға түсті. Соңғы мәліметтерге қарағанда, электроника саудасының арқасында Қара жұмада америкалықтардың тұтыну шығысы күтілгеннен асып түскен.

Қараша айында АҚШ-тың өндіріс секторындағы іскерлік белсенділік индексі 48,4 пунктке дейін артып отыр. Бір ай бұрын 46,5 пунктте тұрды. Белсенділік тапсырыстың артуы мен шикізат бағасының арзандауының есебінен артып отыр.

«Бұдан бөлек, инвесторлар Федералды резерв басқарма кеңесі мүшесі Кристофера Уоллердің мәлімдемесін жылы қабылдауы мүмкін. Ол АҚШ-та пайыздық мөлшерлемелерді әлі де түсіру қажет екенін, монетарлық саясат шектеулі болып тұрғанын айтқан», – деп түйіндейді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы.

Биыл реттеушінің соңғы отырысы 17-18 желтоқсанда өтпек. Алайда Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының пікірінше, нарық қатысушыларында әлі күнге дейін пайыздық мөлшерлемеге қатысты нақты түсінік жоқ.   

Қорғаныс активтері

Тәуекелді активтердің ішінде 2 желтоқсанда АҚШ долларының индексі (+0,4%) елеулі өзгеріске түсті. Бұған АҚШ президенті Дональд Трамп долларды басқа валютамен ауыстыруды қолдаған БРИКС елдеріне  100-пайыздық тариф салатынын уәде етуі түрткі болып отыр.

«Алтын құны (-0,1%) мен америкалық қазынашылық облигацияларының табысы (+2 б.п.) әлсіз құбылмалық көрсетті. Өйткені инвесторлар Таяу Шығыстағы бітім мен Федералды резервтің пайыздық мөлшерлеме жөніндегі шешімін қадағалап отырған тәрізді», – дейді қауымдастық.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.