Сот үкімі заңды күшіне енді.
Алакөл мемлекеттік қорығының директоры сотталды
215
оқылды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы» РММ директоры сотталғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Антикордың мәліметінше, Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Алакөл мемлекеттік қорығы» РММ директоры Қ. Әбілқасымовқа, оның орынбасары Н. Бейсеновке және бөлім басшысы Р. Шалапановқа сот үкімі шықты.

– Олар қызмет көрсетілетін аумақта заңсыз шөп шабу бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін жергілікті тұрғындардан алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылды, – деп түсіндірді агенттік өкілдері.

Қ.Әбілқасымов пен Р.Шалапановтың әрқайсысына 10,5 млн теңге, ал Бейсеновке 15,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

– Осы үкіммен Алакөл ауданының тұрғындары О. Булгунчинов мен К. Канагатов аталмыш лауазымды тұлғаларға пара бергені үшін сәйкесінше 6 млн теңге және 2,2 млн теңге айыппұлға сотталды. Сонымен қатар сотталғандарға өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға тыйым салынады, – деп мәлімдеді Антикор.

Сот үкімі заңды күшіне енді.