Астана қаласының жетекші университеттерінің студенттері «Жастар рухы» алаңында бас қосып, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы Жастар форумының Еуразия аймақтық орталығының (ICYF-ERC) жұмысындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Студенттер жаңартылатын энергия көздеріне көшу және ислам мәдениетінің мұрасын сақтау бойынша ұсыныстар жасады
477
оқылды

Астана қаласының жетекші университеттерінің студенттері «Жастар рухы» алаңында бас қосып, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы Жастар форумының Еуразия аймақтық орталығының (ICYF-ERC) жұмысындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Астана Халықаралық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті және Тұран-Астана университетінің студенттері  Model OIC  ойынында жиналды. Шара Ислам Ынтымақтастық Ұйымы Жастар форумының Еуразия аймақтық орталығымен (ICYF-ERC) бірлесе ұйымдастырылды.

Шара екі бөлімнен тұрды: қатысушылардың тіркелуі және  Model OIC  ойынының ресми ашылуы, сондай-ақ комитеттердің отырыстары (Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан).

Іс-шараның ашылуына «Жастар рухы» төрағасы Ақерке Искандерова, «Жастар рухы» Астана қалалық филиал төрағасы, Астана қаласы мәслихатының депутаты Арсланбек Мағзұм, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар саясаты басқармасының бас сарапшысы Алмагүл Қуанғалиева, «AMANAT» партиясының саяси менеджмент академиясының әдіскер-тренері Ринат Гасимов қатысып, ойынға сарапшылық етті.

«Жастар рухы» төрағасы Ақерке Искандерова  Model OIC  жастарға халықаралық миссияның бір бөлігі болуға мүмкіндік береді, ол әлемдегі бейбітшілікті, ынтымақтастық пен прогресті дамытуға бағытталған деп айтып өтті.

«Жастар қанаты Ислам Ынтымақтастық Ұйымы Жастар форумының Еуразия аймақтық орталығымен (ICYF-ERC) серіктес ретінде жұмыс істейді. ICYF-ERC қолдауымен Қазақстанның түрлі қалаларында үшінші жыл қатарынан пікірталас турнирі өткізіліп келеді. Бұл ынтымақтастық халықаралық жобаларға қатысуға және жастар арасында көшбасшылық қасиеттерін дамытуға бағытталған. Бүгінгі  Model OIC  ойынында талқыланатын тақырыптар ұйымға мүше елдердің қазіргі кездегі басты мәселелері мен басымдықтарын айқындайды», – деді А.Искандерова.

Ойын барысында қатысушылар кәсіби білім беру, жаңартылатын энергия көздеріне көшу және ислам мәдениетінің мұрасын сақтау секілді маңызды мәселелер бойынша бірлескен ұсыныстар жасады. Бұл пікірталас қатысушыларға тек Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің нақты проблемаларын түсінуге ғана емес, сол мәселелерге шешім ұсынуға да мүмкіндік береді.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенті Елдияр Керімбеков өз пікірін білдіріп, ойынның маңыздылығын атап өтті:

«Бүгінгі шарада өзім сияқты студенттер түрлі көзқарастарды ортаға салып, маңызды мәселелерді талқылап жатырмыз. Біздің ИЫҰ моделінде теориялық білімімізді жетілдіріп, дағдыларымызды дамытуға мүмкіндік бар. Мысалы, жалған ақпаратпен күрес және жаңартылатын энергия көздеріне көшу сияқты өзекті тақырыптарда шешімдер ұсыну бізге үлкен тәжірибе береді. Бұл ойын бізге тек білім алуға ғана емес, болашақта халықаралық деңгейде өз идеяларымызды қорғау қабілетімізді арттыруға да септігін тигізеді», – деді Е.Керімбеков.

Іс-шара қорытындысы бойынша, «Үздік делегат» номинациясын Анара Шужен (Астана Халықаралық университеті) мен Аружан Серікова (Тұран-Астана университеті) алса, Айдын Әбутәли (Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті) мен Елдияр Керімбеков (С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті) «Үздік дипломат» номинациясына ие болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ойынның қорытындысы бойынша ұсынылатын резолюциялар ИЫҰ елдерінде жастар саясатын дамытуға және аймақтық ынтымақтастықты күшейтуге зор ықпал ететін болады.

Айта кетейік, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы – әлемдегі екінші ірі үкіметаралық ұйым. Ұйым 57 мемлекеттен тұрады, олардың негізгі бөлігін мұсылман халқы құрайды, жалпы саны 1,5 миллиардқа жуық адамды қамтиды. Ұйымның басты міндеті – ислам елдері арасында ынтымақтастықты дамыту, бірлікті нығайту, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, сондай-ақ гуманитарлық, экономикалық және мәдени мәселелерді шешу.