eQyzmet: мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі іске қосылды

Аталған мемлекеттік органдардың бос лауазымдарына орналасуға арналған конкурсқа қатысу үшін өтінішті үміткерлер «eqyzmet.gov.kz» сайтында электрондық түрде әлемнің кез келген нүктесінен 24/7 бере алады.

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қызметі бұқаралық ақпарат өкілдерін жинап, баспасөз турын өткізді. Кездесу барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбай мекеменің басты бағыттары мен отандық мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа тұжырымдамасын іске асыру мәселелерін ортаға салды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, «Әділетті Қазақстанды құруға атсалысу – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті. Олардың адал, жаңашыл әрі жасампаз болуы аса маңызды». Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін шыңдау ісін жетілдіріп, оны жаңа деңгейге көтеру, отаншыл әрі кәсіби мамандар даярлау – біздің міндетіміз. Осыған орай Агенттік сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру және мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын арттыру мақсатында бюрократиялық кедергілерді азайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді Дархан Медеғалиұлы.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының 2022 жылғы сәуірдегі «Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы» Жарлығы қабылданған сәттен бастап, Агенттік 4 циклден тұратын мониторинг және талдау жұмысты қолға алған. Нәтижесінде, 715 ұсыныс әзірленіп, оның ішінде бүгінгі күні 114-і іске асырылды. Бұл ұсыныстар адамның қажеттіліктеріне барынша бағдарланған сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға, бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған.

Биылдың өзінде мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша МҚІА қызметінің нәтижелері бойынша мемлекеттік қатысы бар 200-ден астам ұйымды тарату, қайта құру немесе бәсекелестік ортаға беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Мысалы, жарғылық капиталына мемлекеттің 100 пайыз қатысуымен Үкіметтің қаулысын орындау үшін құрылған «Мемлекеттік аннуитеттік компания «Өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ назарын өзіне аударады. Енді олар сақтандыру ұйымдарынан азаматтардың зейнетақымен қамсыздандыруға құқықтарын қамтамасыз ету және «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» заңды іске асыруға жәрдемдеседі. Сонымен қатар жоғарыда аталған міндеттерді қазіргі уақытта сақтандыру нарығында кемінде 8 жеке өмірді сақтандыру компаниясы орындайды.

– Мемлекеттік органдардың басқару қызметі мен ұйымдық құрылымы талданып, нәтижесінде 50-ден астам басшылық лауазымды орындаушылық лауазымға ауыстырылды. Сондай-ақ ұқсас функциялары бар 15 құрылымдық бөлімшені біріктіру арқылы оңтайландыру жүргізу ұсынылды. Үшіншіден, 80-нен астам әкімшілік рәсімдер мен мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру тәсілдері әзірленді. Төртіншіден, құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды жою, құқықтық реттеуді жетілдіру бойынша 50-ден астам ұсыныс енгізілді. Бесіншіден, мемлекеттік органдардың 300 функциясын оңтайландыру, яғни оларды алып тастап, басқа органдарға, ұйымдарға беру немесе аутсорсингке не бәсекелестік ортаға тапсыру бойынша ұсыныстар дайындалды, – дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай.

Бүгінде  44 мемлекеттік органда eQyzmet жүйесінің сыртқы порталы арқылы мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі іске қосылды. 2025 жылдың соңына дейін жаңа форматтағы іріктеу жүйесін кезең-кезеңмен барлық мемлекеттік органдарда енгізу жоспарланып отыр. Аталған мемлекеттік органдардың бос лауазымдарына орналасуға арналған конкурсқа қатысу үшін өтінішті үміткерлер eqyzmet.gov.kz сайтында электронды түрде әлемнің кез келген нүктесінен 24/7 бере алады.

Агенттік басшысының айтуынша, Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен жүргізілген интеграцияның нәтижесінде үміткер туралы деректер мемлекеттік органдардың автоматтандырылған дерекқорларынан жинақталады. Үміткер жеке деректерін толтырып, біліктілік талаптарына сәйкес жұмыс орны мен өтілі көрсетілгеннен және еңбек қызметін растайтын құжаттардың көшірмесі жүктелгеннен кейін сайттағы конкурсқа жіберілгені не жіберілмегені туралы хабарлама алады.

– Пилоттық жобада адами факторды болдырмау үшін мемлекеттік лауазымға үміткерлердің  деректері ID нөмірлер беру арқылы беймәлім болады. Заңнаманы білу, жеке құзыреттерін бағалау және мәтіндік-сандық тестілеу толығымен автоматтандырылған. Жүйе нәтижелерді шығарып, қатысушыларға хабарламалар жібереді. Соңғы қорытынды кезеңге – сұхбатқа қатысу үшін ең үздік үш үміткерді таңдайды. Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған үміткер жеңімпаз атанады. Конкурстарға қатысудың онлайн кезеңдері үшін прокторинг жүйесі қолданылады. Үміткерлер тарапынан тестілеу ережелерінің кез келген бұзушылықтары: қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын, құлаққаптарды пайдалану, бөгде адамдардың көмегіне жүгіну жағдайлары тіркеледі және үміткерлер шектетіледі, – дейді Дархан Жазықбай.

Онлайн жүйе бойынша бір орынға қатысушылардың саны екі есеге артты. Мысалы, бүгінгі күні мемлекеттік қызметтің «Б» корпусының бос лауазымдарына орналасуға 7 850 конкурс өткізілді. Оған қатысуға ниет білдірген үміткер 30 346 болса, соның – 2898-і жеңімпаз.

Агенттік уәкілетті орган ретінде қызмет алушылардың құқықтарын қорғау және сапалы мемлекеттік қызмет көрсету бағытында кешенді жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, Агенттік бастамасымен қызмет берушілердің тиісті ақпараттық жүйелеріне қол жеткізу арқылы азаматтардың құқықтарының бұзылуын анықтауға және тиісті шағымдарды күтпей-ақ олардың құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған қашықтықтан мониторинг жүргізу жаңа тәсілі тәжірибеге енгізілді. Биылдың өзінде мониторинг нәтижесінде 85 мыңнан астам бұзушылық анықталды. Қызметті берушінің 364 лауазымды тұлға әкімшілік және 1212 тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сөйтіп, 673 қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді. Жалпы, бақылау шаралары бойынша қызмет алушылардың құқықтарын қалпына келтірудің басым бөлігі – Қостанай (166), Ақмола (147), Жетісу (68) және Ұлытау (43) облыстарында жүзеге асқан.

Сонымен қатар Агенттік мемлекеттік қызметшілерде мансап пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін бірқатар шара қабылдады. Мәселен, мемлекеттік қызметшілер үшін қашықтықтан жұмыс істеу, аралас қашықтықтан жұмыс істеу, икемді жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеу қағидалары бекітілді. Мәселен, Агенттікпен орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда жүргізілген жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг нәтижелері бойынша жалпы 2 365 мемлекеттік қызметшінің құқығы қорғалды. Оның ішінде 2 186 мемлекеттік қызметшіге қосымша тынығу сағаттары берілді, 61-не өтемақы төленді, деді мекеме басшысы.

Агенттік мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы дайындалып, еліміздегі мемлекеттік аппаратты жан-жақты жаңарады деп күтуде.  Оның ережелері қолданыстағы жүйені институционалды түрде қайта қарауға,  инновациялық HR құралдарын енгізуге және мемлекеттік құрылымдардың тұрақтылығын арттыруға бағытталған. Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беретін қызмет көрсету қабілеттілігін арттыру және адамға бағдарлану шараларына ерекше назар алынған.

 

Бүгінде Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кіру кезіндегі артық кедергілерді жою жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметке қабылдау процесін жеңілдетуге бағытталған бірқатар заңнамалық бастамаланы іске асырды. Енді Жоғары оқу орындарын мемлекеттік грантпен және жақсы көрсеткішпен бітірген (GPA 3.33-тен жоғары) түлектер үшін аудандық пен ауылдық жерлердегі төменгі және басшылық емес лауазымдарға, ал Мемлекетттік басқару академиясының түлектеріне – жергілікті органдарда (Астана мен облыс орталықтарынан басқа) «Б» корпусының лауазымдарына конкурстық іріктеусіз орналасу мүмкіндігі берілді. Бүгінде 454 түлек мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз тағайындалды. Оның 29 – Мемлекеттік басқару академиясының түлектері және 425 – жоғары оқу орындарының түлектері.