«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған марапаттау рәсімі басталғанға дейін заманауи би, халық биі, ұлттық аспаптарда ойнау және вокал сияқты номинациялар бойынша байқаулар өтті. Аталмыш іс-шараға елордалық ЖОО студенттері белсене қатысты.
«Мұндай іс-шаралар жастардың өзара қарым-қатынасын нығайтып, нетуоркинг орнатуына және көшбасшылық қасиеттерін танытуына ықпал етеді. Сондай-ақ олардың спортқа, белсенді өмір салтына деген қызығушылығы артатын болады. Осылайша, тұрақты негізде ұйымдастырылатын іс-шаралар арқылы елордалық жастарға жиі бас қосып, жаңа идеяларды ортаға тастап, оны жүзеге асыруда бірлесе іс-әрекет істеуге, солайша дами түсуге жол ашылмақ», – деді Астана қаласының мәслихат депутаты Арсланбек Мағзұм.
Шығармашылық байқаулар аяқталған соң жеңімпаздарды салтанатты марапаттау сәті басталды.
«Іс-шараның негізгі мақсаты – Астана жастарын біріктіру. Мұнда елордалық студенттер өздерін танытып қана қоймайды, сонымен бірге оқу орындарының абыройын асқақтатуға үлес қосады. Марапаттау рәсімі өз деңгейінде өтті деп ойлаймын. Барлық жеңімпаз алғысхаттар мен қаржылай сыйлықтар, ал спортшылар кубоктар мен медальдарға ие болды»,– деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының қызметкері Камилла Мұқатаева.
Жеңімпаздарды атап айтсақ, футболдан және волейболдан APEMS командасы, теннистен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, баскетболдан С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті студенттері 1-орынды жеңіп алды. Ал аспаптарда ойнау мен вокал бойынша Қазақ ұлттық өнер университеті, заманауи биден Esil University, халық биінен Astana international university студенттері 1-орынды иеленді.