Сыр өңірінде «AMANAT» партиясының халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы аясындағы оқу семинарлары аяқталуға жақын. Соған орай партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен жобаны іске асыруға бағытталған аймақтық Жобалық топ кеңесінің отыры өтті. Отырысқа қаржылық сарапшылар, жобаны іске асыру бойынша аймақтық жобалық топ мүшелері болып табылатын қалалық, аудандық әкімдіктер өкілдері мен партияның аумақтық филиалдарының атқарушы хатшылары қатысты.
Жалпы биыл облыс бойынша жоба аясында 11 мың азаматты тегін қаржылық сауаттылық арттыру курсынан өткізу жоспарлаған болатын. Соның ішінде бүгінге дейін 10176 адам қаржылық сауаттылығын арттыру курсынан өтіп, жоспар 92,5 пайызға орындалып отыр. Қалған азаматтар 13 желтоқсанға дейін оқу курсынан өтетін болады.
Жиында партия филиалының төрағасы жоба нәтижесіне тоқталып, жауапты тұлғаларға бірқатар міндеттер жүктеді. Соның ішінде, межені жыл соңына дейін атқару үшін, азаматтардың курстарға қатысу саны мен сапасына мән беру, ақпараттандыру жұмыстары қарқынын жетілдіруді тапсырды.
«Жоба тиімділігін ақпараттандыру бойынша облыс бойынша арнайы Медиа жоспар бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Алайда елді мекендерде жобаны ақпараттандыру бойынша билбордтар орналастыру мен БАҚ пен желілерде әлеуметтік роликтер жариялау жұмыстары әлі де жетілдіруді қажет етеді. Билбордтар орналастыру бойынша алдағы жылдың бюджетіне қаражат қарастыру мәселесін жергілікті жерде тиісті бөлімдер арқылы жоспарлау қажет. Лектор-тренерлер курстардан бос уақыттарында азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізіп, құжаттармен және есептерімен жұмыс жасаулары үшін, жобалық кеңсе-офистер жұмысын тиімді ұйымдастыру қажет», - деді Алмасбек Есмаханов.
Келер жылы жоба аясындағы оқу курстары қаңтар айынан басталады деп жоспарланған. Жаңа жылдан бастап жобанык мазмұнына бірқатар өзгерістер де енгізілмек. Яғни, оқу курстарынан тек 90 күн мерзімі өткен берешегі бар азаматтар ғана оқытылатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстарды «Қарызсыз қоғам» жобасының облыс бойынша менеджері Наталья Мишукова атап өтті.
Жиын соңында алдағы міндеттер пысықталып, ұсыныстарын ортаға салды.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ
Қызылорда облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.