Таяуда ғана Disney компаниясының «Моана 2» анимациялық фильмі қазақ тіліне аударылды деп бөркімізді аспанға атқан едік.
Қазақша сеансқа қашан қарық боламыз?
471
оқылды

Әйткенмен әйгілі туындыны балаларына ана тілінде көрсеткісі келген ата-аналар кинотеатрларда қазақша сеанстардың қолайсыз уақытқа қойылғанына және орысша сеанстарға қарағанда азырақ екеніне наразы.

«Моана 2» анимациялық фильмі кө­рер­менмен қауышқан төрт күнде (28 қа­ра­ша – 1 желтоқсан) бірнеше рекорд ор­натып үлгерген. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы бұл нәтижемен тоқтап қалуға болмайды дейді.

– «Моана 2» анимациялық фильмі алғашқы уикендте бірнеше рекорд орнатты! «Моана 2» фильмінің қазақша дубляжының кассалық табыс үлесі алғашқы уикендте (28 қараша – 1 желтоқсан) 31 миллион теңгеден асты. Бұл – қазақ ті­лін­дегі анимациялық фильмдер арасында үздік көрсеткіш, жоғары нәтиже. Ал «Моана 2» қазақ және орыс тілдерінде Қазақстанның бокс-офистер кестесінде алғашқы орынға шықты. Қазақстандағы анимациялық фильмдер тарихында алғашқы күндердің өзінде жаңа рекорд орнатты. 

Дегенмен бұл нәтижемен тоқтап қалуға болмайды. Сондықтан «Моана 2»-ге бара түсейік! Қазақстан кинотеатрларында бүгін (03.12.2024) жалпы саны қазақ тілінде 162 көрсетілім жоспарланған, – деп жазды Рауан Кенжеханұлы Facebook парақшасында.

Әлбетте, «Моана 2»-ның қазақша дубляжының кассалық табыс үлесі алғашқы уикендте-ақ рекордтық деңгейге жеткені  – қазақтілді көрермен үшін, қазақтілді контентті дамытсақ деп талпынған тіл жанашырлары үшін үлкен жеңіс, зор қуаныш. Себебі әдетте кинотеатрларда әлемдік бір киноның премьерасы көрсетіле қалса, прокатындағы тіл мәселесі «көзге шыққан сүйелдей» қазақтілді көрер­меннің мазасын ала бастайтыны бар. Ана тіліндегі әлемдік таңдаулы фильмдерді кеңінен насихаттасам, қазақ дубляжын қолдасам деген алаң көңілмен кинотеатрға бет алған көрермен іздеген фильмнің қолайсыз уақытқа қойылғанына, билеттің жоқ екеніне үнемі шағымданады. Мәселен, журналист Бэлла Орынбетова әлеуметтік желіге 28 қараша күні-ақ кинотеатрларда көрсетілетін «Моана 2» анимациясының прокатындағы қазақтілді сеанстың қолайсыз уақытқа қойылғанын жазды.

– Disney кинокомпаниясының қазақ тіліне (өз есебінен!) дубляждаған «Моана 2» анимациялық фильмі 28 қарашадан бастап кинопрокатта көрсетіледі. Алайда көптен күткен фильмді қызым екеуіміз жұрт қатарлы премьера күні көре алмаймыз. Себебі қазір 28 қараша күні кинотеатрларда Моананың қазақша сеансына жұмыстан кейін өзіміз қалаған уақытта бара алмаймыз. Осы елдің азаматы ретінде ашынбай, шуламай, күреспей, жай ғана тып-тыныш қазақша киноға бара алатын күн туа ма екен? Неге қарапайым адам құ­қымды пайдалану үшін күрескер режимін қосуым керек?! – деді ол. 

Б.Орынбетованың жазуынша, Kino.kz сайтына мультфильмнің үш күнгі (28-30 қараша) кестесін ғана жарыққа шығарған. Дегенмен үш күнде де «Моана 2» анимациялық фильмінің қазақша дубляжына үш сеанс қана берілген. Яғни, Алматыдағы  28 қарашадағы 52 сеанстың үшеуі ғана қазақша дубляжға тиесілі болған.

«Моана 2» көрермен назарына ұсынылған алғашқы күндері Астана кинотеатрларында да осындай жағдай болды. Нақты айтар болсақ, қарашаның 30-ы күнгі 149 сеанстың 16-сы ғана қазақша болса, оның өзі күндізгі сағат 1-2 шамасына қойылса, кешке мүлдем болмады. Ал 3 желтоқсан күні кестеде 92 сеанс бол­са, оның 30-ы қазақ тілінде ұсынылды. Кө­ріп отырғанымыздай, бір-екі күнде қазақ­ша сеанстың саны артты. Кинотеатрларға көптеп ағылған көрермен талабын ескеріп, кинопрокатшылар да райынан қайтқанға ұқсайды.  

Көзіқарақты көрермендердің айтуынша да, фильмнің қазақ тіліндегі сеансына уақыт талғамай барып жатқан адам қарасы көп, әсіресе бір баласын көтеріп, екіншісін жетектеп келетін көрермен саны көбейген. Иә, кинотеарлардағы қазақша сеансқа көрерменнің көп барып жатқаны қуантады.  Дегенмен көрермен талабының ескерілуі үшін Бэлла Қасымқызы айтқандай, әрбір қарапайым қазақ күрескер режимін қосуы керек пе? Айтайық...

«Күрескер режимі» қосылғаны рас...

«Моана 2» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі тұсаукесері болған 28 қараша күні-ақ көрермендердің бірі, журналист Алмас Алтай:

– Моана – картинасының бояуы қанық, баланың қиялын алысқа жетелейтін ғажап фильм. Адамгершілікке, мейірімге, отансүйгіштікке үндейді. Барайық, қазақтар! Қазақшасына барайық! Қазақшасын талап етейік! – деді.

– Қызымды ертіп «Моана 2» фильміне барып келдім. Адам қарасы көп, балалы отбасы көп, қазақша дубляждалған фильмдерге бару дәстүрі қалыптасып келе жатқан сияқты. Қазақша сеанстарды ыңғайсыз уақытқа қоюға тырысып, кестеден ығыстырып тастауға асыққан кинопрокатшылардың әрекетіне қарамастан, қазақшасына баратын дағды қалыптаса бастады. Енді 18 жасқа дейінгі балаларға арналған фильмнің бәрін қазақша дубляж­дауға міндеттеу керек. Биліктен осыны талап етейік, – деп жазды журналист Жалғас Ертай Facebook  парақшасында.

Демек, Алмас Алтай немесе Жалғас Ертай сияқты қазақтілді көрерменнің кез келгені «Барайық, қазақтар! Қазақшасына барайық! Қазақшасын талап етейік!» деп шырылдауға әзір. Өйткені Disney сияқты компаниялардың әлемдік премьераларды қазақтілді көрерменге бейімдеп, қазақша дубляждауға өз тарапынан қаржы бөліп, қолдау көрсетуі – тәуелсіз 30 жылдан ас­там уақытта жеткен жетістіктеріміздің ең абзалы, ең ұтымдысы десек қателес­пейміз.

Биыл халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйытқы болуымен әйгілі ірі студиялар әлемдік премьераларын қазақ тілінде ұсына бастады. Disney мен Pixar студияларының қазақ тілін қолдау бастамасын Sony Pictures компаниясы қоштап өз қаражатына әлемге танымал туындыларды аударып, қазақша дубляждауды қолға алды. Бұған дейін де төрткүл дүние көз тіккен танымал туындылар мемлекеттің қаржысына демеушілердің көмегімен аударылып, көрерменге ұсынылып жүрді. Бірақ дәл бүгінгідей халықаралық студиялардың қаржысына аударылып, дубляждау үрдісі болған жоқ. 

Жалпы фильмдерді түрлі елге бейімдеп, дубляждау  Disney компаниясында бұрыннан бар. Мысалы, Disney, Pixar және  Sony компаниялары жаңа фильм шығарған кезде оны 30 шақты тілге аударып, дүниежүзіне таратады. Биылдан бастап қазақ тілі де Disney, Pixar және  Sony компаниялары таңдаған тілдер қатарына еніп отыр. 

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлының айтуынша, әлемдік студиялардың қазақтілді ортаның қызығушылығын ескеріп, туындыларын өз есебінен аударып, ұсынуы – біз үшін өте жақсы жаңалық.

– Қазақ тіліне аударылып жатқан фильмдерді кеңінен насихаттап, кинотеатрларға барып, қазақ дубляжын қолдау­ға шақырамыз. Әлемдік студиялардың қазақтілді ортаның қызығушылығын ескеріп, туындыларын өз есебінен аударып, ұсынуы  – біз үшін өте жақсы жаңалық. Биылғы әлемдік премьералардың қазақ тіліндегі аудармасы бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіштерге жетті. Қазақша кино қарауға ықыласты қауымның көбейгені анық байқалды. Алдағы уақытта танымал туындыларды қазақ тіліне аудару дәстүрі жалғаса береді. Бұл тіліміздің, әсіресе, балалар мен жастар үшін тартымдылығын арттыруға және кеңінен таратуға бағытталған тиімді тәсіл деп санаймын, – дейді ол.

Мәселені ең алдымен нарық реттейді

Қазір қалаларда қазақтың саны өсті. Қазақша сұраныстың артып келе жатқаны жасырын емес. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, мейрамхана, кафелерде, сауда орындары мен ойын-сауық кешендерінде, кинотеатрларда ана тілінде қызмет көрсетуді талап ететін тұтынушылар саны көбейді. Елімізде Рамиль Мухоряпов сияқты тіл дауына тап болған кәсіпкерлер де бар. Мемлекет тарапынан 2021-2025 жылдарға арналған тілдерді дамыту бағдарламасында қазақ тілінің ұлттық корпусын қалыптастыруға арналған жоба қазақша контентті аяқтан тұрғызу бағытында жұмыс істеп жатыр.

Уақыт озған сайын отандық нарық үшін сапалы контент өндіру, әсіресе қазақтілді контентті өркендету заман талабына айналып келді. Тіпті, басқасын айтпағанда, қазақша дубляждың бизнес көзіне айналып, бюджет есебіне қаржы құю мүмкіндігі зор. Тоқсаныншы жылдардағыдай емес, қазақ баласы театрға барудың ләззатын сезініп, көрермен мә­дениетін жаңа ғасыр талабына сай қалыптастырды. Әсіресе, жастардың көбі кино көруге құштар.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та былтыр қазақтілді контенттің үлесін арттыруды тапсырды. Жақында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да мемлекеттік тілдегі контентке сұраныс бүгінде 80% екенін, соған сәйкес анимациялық фильмдер мен киноларды қазақ тіліне дубляждау процесіне өзгерістер енгізілгенін айтты.

 – Бұл мәселені, ең алдымен, нарық реттейді. Біз, әрине, мүдделіміз, өйткені қазір қазақ тілі сұранысқа ие. Аудиторияның 80%-ы қазақ тіліндегі контентті тұтынады. Кино мен өнерді ең алдымен, қазақ тілінде дамытуға мән беріледі. Нарық осыған бағдарланады және біз осы бағытта жұмыс істейміз, біздің барлық өніміміз қазақ тілінде шығарылады, – деген болатын министр.

Десе де, көрермен сұранысын қанағаттандыруда, әсіресе қазақтілді көрермен құқығын қолдауда жоғарыда айтқанымыздай «күрескер режимі» керек. Өйткені мемлекеттік бюджеттен 2023 және 2024 жылдары 443 млн теңгеден бөлінген қаржыға бірде-бір фильм бюджет есебінен аударылмай, қаражат кері қайтарылғаны өтірік емес. Сондықтан қазақтілді әрбір тұтынушы өз құқығының қорғалуын қырағылықпен қадағаласа, сөге жамандауға асықпаған абзал.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ