Орталық Азия мен түркі әлемінің киноиндустрия саласындағы мәдени қазыналарын паш ететін XVII халықаралық «Еуразия» кинофестивалі мәресіне жетті.
Қайта жанданған «Еуразия»
490
оқылды

Іс-шараның фестиваль тарихындағы ерекшелігі де сол, биыл ауқымды жоба қазақ киносының жарық жұлдызы Шәкен Аймановтың 110 жылдығы мен «Қазақфильм» киностудиясының 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, халықаралық байқауға қатысу үшін 100-ден астам өтінім келіп түскен. Комиссияның өтінімдерді сарапқа салуының нәтижесінде, лайық деп танылған 22 картина байқауға қатысуға іріктеліп алынған. Түрлі мәдениет өкілдерінің тоғысатын алаңына айналған кинофестивальдың биылғы маусымына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түркия, сондай-ақ Ресейдің Татарстан және Якутия аймақтарынан келген өкілдер қатысты. 

– Бұл жыл біз үшін ерекше маңызға ие. Себебі «Еуразия» кинофестивалі ұзақ үзілістен кейін қайта жанданып, жаңа белеске қадам басты. Біз биыл Шәкен Аймановтың мәдени мұрасын дәріптеп, қазақ киносының байлығын әлемге танытуды көздейміз. Оның фильмдері жас буынға шабыт берді. «Қазақфильм» киностудиясының қайта жаңғыруы да сөзімізді айқындай түседі. Осындай ауқымды іс-шаралардың өтуі, ең біріншіден, кинемотографтар арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосады. Кәсіби мамандар өзге мемлекеттердің туындыларымен таны­су арқылы тәжірибе алмасады. Кейіннен бір-бірімен серіктестік байланыс орнатып, ортақ жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар, – деді Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы президентінің міндетін атқарушы, фестиваль директоры Айдар Омаров. 

Халықаралық фестивальға ұсынылған тың туындылардың бірі – Польша мемлекетінің атынан сынға түскен «Жоқтың қасы» атты әлеуметтік-психологиялық фильм. Бір қызығы, шағын ғана бюджет қарастырылған фильм небәрі 17 күннің ішінде түсірілген. Ал актерлердің рөлін кішігірім театрдың әртістері алмастырған. Фильм режиссері Гжегож Дебовскийдің сөзінше, картинаның түсірілуіне елдегі шерулер мен наразылық оқиғалары негіз болған. 

– Мен наразылықтарға қатысқан адамдарды бақылап, әр елде өзіне тән әлеуметтік мәселелердің бар екенін түсіндім. Туындаған жағдайдың өмірімізге тигізетін ықпалы бізді ортақтастырады. Нәтижесінде, мен әлеуметтік мәселелерден бастап адам өміріндегі психологиялық өзгерістерге алып келетін оқиғаларды қамтитын туынды түсіргім келді. Фильм сценарийі жас кинематографистер байқауында қаржыландыруға қол жеткізді. Осының арқасында қағаздағы сюжетті экраннан көрсету мүмкіндігі туды, – деді польшалық режиссер Г. Дебовский.

Бір аптаға жалғасқан халықаралық кинофестивальдағы басты оқиғалардың бірі – Шәкен Аймановтың әйгілі «Алдар көсе» фильмінің қалпына келтірілген нұсқасы үлкен экранда көрсетілді. Шәкен Айманов шығармашылығын жаңа сапада тамашалаған көрермен аталған фильм терең мазмұнымен ғана емес, Шәкен Аймановтың режиссер, сценарист әрі актер ретінде өзі түскен рөлімен де қызықты екенін айтады. 

– Қазір менің немерем 9-сыныпта оқиды. Өзі «Алдар көсе» фильмін тамашалағысы келді. Әрине, мен оның бұл таңдауы үшін қуандым. Өйткені артымыздан еріп келе жатқан жас ұрпақ осы шедевр туралы білуге тиіс, – деді фильмді тамашалауға келген көрерменнің бірі Шұрағали Әлжанов. 

Халықаралық іс-шара аясында құрыл­ған іскерлік алаң кино саласында әйелдерде кездесетін қиындықтар, олардың қол жеткізген белестері мен болашақтағы жоспарларын талқылауға мүмкіндік берді. Жиынға қатысқан қазақстандық режиссер Шәрипа Оразбаева әйелдер киносын дамыту мәселесінде мемлекеттік қолдауға үміт артатынын атап өтті.  

– Қазір елімізде әйелдер киносы қарқынды түрде дамып келеді. Көптеген әйел режиссер өз туындыларын көгілдір экран арқылы көрсетіп, жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Бұрын әйелдер негізінен авторлық кино түсірсе, қазір мемлекет қолдау көрсетеді деп үміттенеміз. Қазақ әйелдерінің өмірін, ішкі сезімін, уайымы мен қоғамда туындайтын мәселелерді экран арқылы көрерменге жеткізгіміз келеді, – деді режиссер Ш. Оразбаева. 

Сонымен, халықаралық фестиваль қорытындысы бойынша Орталық Азия және түркі әлемі елдері елдері байқауының «Ең үздік фильм» аталымында «Ақ тырналар билейтін жерде» (Саха Республикасы, Ресей), фильмі жеңіске жетті. Картина салт-дәстүрді сақтай отырып қазіргі заманның сынақтарына төтеп беруге  шақырады. Қырғызстандық «Шекарадағы мәміле» фильмінде басты рөлді сомдаған Абылай Марат «Ең үздік ер адам рөлі» үшін марапатталды. Жүлдеге ие болған триллер жамандық пен жақсылық арасындағы тартыс жайлы баяндайды. Ал «Ең үздік әйел рөлі» аталымы бойынша «Ғашықтар тауы» фильміне (режиссер: Салават Юзеев) түскен татарстандық актриса Эльза Каримова үздіктер қатарынан көрінді. Сондай-ақ Оңтүстік Кореядан келген режиссер О Чжон Миннің күрделі құрылымы мен философиялық ой тереңдігімен ерекшеленген «Жыл маусымдары үйі» фильмі (Оңтүстік Корея) «Үздік режиссура» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылды. Одан бөлек, Орталық Азия мен түркі әлемі елдері арасындағы байқауда қазақстандық режиссер Аруан Анартайдың «Жоқтау» фильмі «Үздік режиссура» аталымын иеленді. Фильм дәстүрлі аза тұту рәсімі арқылы дүниеден озған адамның кейпін мәңгі есте сақтаудың терең мағынасын ашуға бағытталған. 

Айта кетейік, биылғы кинофестивальда қазылар алқасының 70 пайызын Түркия, Қытай, Франция, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Ресей, Швеция, Марокко сынды мемлекеттерден келген сарапшылар толықтырды. Бұл жыл сайын іс-шараға қызығушылық танытушылар санының артып келе жатқанының және фестивальдың халықаралық масштабта маңызды рөлге ие іс-шараға айналғанының айқын көрінісі. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы