Соңғы екі ай теңіз астындағы тіршілік иелері үшін оңай болмай тұр. Тек қазан, қараша айларында Каспий теңізінің Қазақстан территориясына қатысты аумағынан 2 000-ға жуық итбалықтың өлексесі табылды. Олардың өліміне нақты не жағдай себеп болғаны белгісіз.
Итбалықтар қорғауға зәру
202
оқылды

Итбалықтардың өлімі туралы алғаш дабыл қаққандар Маңғыстау облысы Түп­қараған ауданындағы «Жайық–Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруа­шылығы инспекциясының мамандары болды. Олар жағаға лақтырылған 1 155 итбалықтың өлексесін тапты. Кейін бұл көрсеткіш 1989-ға дейін жетті. 

Ресми мәліметтерде әуебарлау жұ­мыстары кезінде Маңғыстау облысының жағалауын – Теңіз, Подгорный, Новый аралдарын, сондай-ақ Қаражанбас және Қаламқас кен орындарының аумағын тек­серу кезінде қосымша 834 итбалық та­былғаны айтылады. Табылған өлексе­лердің ішінде теңіз маржаны атанған бекіре де бар. 

Ғалымдар, экологтармен бірге, қа­рапайым азаматтардың алаңдаушылығын туғызған мәселеге байланысты жағдайды зерттеуге Гидробиология және экология институты, Итбалықтарды зерттеу және оңалту орталығы және Микробиология және вирусология ғылыми зерттеу инс­титуты мамандары жұмылып жатыр. Олардың қатарында итбалықтар өлімінің басқа ықтимал факторларын анықтау үшін балық инспекциясы Каспий теңізінің акваториясы мен аумақтық суларына да мониторинг жүргізуде. Сонымен итбалық­тар өлімі туралы мамандар не дейді?

Балық шаруашылығы комитетінің алдын ала болжамы бойынша, итбалықтар өліміне табиғи құбылыстар, соның ішінде су астындағы жер сілкінісі салдарынан табиғи газдардың бөлінуі себеп болуы мүмкін. Құзырлы орган нақты тұжырым­дардың 3-4 айға созылатын зерттеулер толық аяқталғаннан кейін ғана жасалаты­нын хабарлады. Дегенмен зерттеуші ға­лымдардың барлығы бірдей «итбалықтар өліміне табиғи газдардың бөлінуі себеп болды» деген болжаммен келіспей отыр. 

Зерттеуші ғалым Тариэль Абатовтың пікірінше, итбалықтардың өліміне тікелей себепші – Каспий теңізінің ластануы. Оның айтуынша, Ресей мен Әзербайжан территориясындағы өзен-сулардан гек­сахлоран мен басқа да ауылшаруашылық пестицидтерінің жоғары деңгейі анықталып отыр. Бұл химиялық заттар итбалықтардың майында жиналып және олар оңтүстікке қоныс аударған кезде әлгі заттар улы концентрацияға айналады екен. 

«Итбалықтар әдетте тері ас­тында май жинайды, оның қалыңдығы 15 сантиметрге жетуі мүмкін. Бұл майдың құрамында ластанған сулардан сіңірілген зиянды токсиндер де болады. Ұрғашы итбалықтар көбею үшін қоныс аударған уақытта бұл май үш айлық ашығу кезеңінде қорек рөлін атқарады. Нәтижесінде, олардың ағзасындағы ток­синдердің деңгейі күрт артып, бедеулік пен сәтсіз жүктілікке әкеледі. Демек, ит­балықтардың жаппай қырылуына теңіздің улы заттармен лас­тануы тікелей себеп болуы мүмкін», – дейді ол.

Маңғыстау облыстық балық шаруа­шылығы және аквамәдениет қауымдас­тығының басшысы Данияр Әкімжанов итбалықтар өлімінің себебі әлі күнге дейін анықталмай жатқанын айтады. 

– Итбалықтардың өлімі жыл сайын күз және көктем айларында қайталанады. Біздің балықшылар жылына 12 ай Каспий теңізіне тор қояды. Олардың торлары тәу­лігіне 24 сағат су астында болады. Бі­­рақ бір түсініксіз жағдай сол, итбалықтар күзде және көктемде ғана өледі. Сондықтан итбалықтар өлімінің себебін басқа бағыттар бойынша іздеу керек деп ойлаймын, – дейді Данияр Әкімжанов.

Итбалықтар өліміне Әзербайжан да алаңдаулы. Әзербайжан ғалымдарының пікірінше, ондаған жыл бойы мұнай бар­лау, өнеркәсіптік ластану және шамадан тыс балық аулау жағдайлары Каспий эко­жүйесіне зиян келтіріп, 1970 жылдардан бері итбалықтар санын бірнеше есеге азайтты. ХХ ғасырдың басында итбалықтар саны 1,2 миллионға жетсе, бүгінде 75 000-270 000-ға дейін азайып қалған. Жыл сайын дауылдан кейін Каспийдің солтүстік жа­ға­лауына Әзербайжан тарапынан 2 000-ға жуық итбалық шығарылады. Атап айтқанда, 2000 жылы сол тұстан 6 000-ға жуық өлі итбалық табылды, ал Қазақстан 10 000-нан астам итбалық өлімін тіркеді. Яғни, осыдан 24 жыл бұрын Каспий аймағы 30 000 итбалықтан айрылды. Сол уақыттан бері жағдай ушықпаса, тұрақ­танбай келеді.

ECOJER қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы, Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақов Үкіметке ар­найы комиссия құрып, тергеу жүргізіп, кінәлілерге шығынды өтетуді ұсынуда. Спикер мәселенің экологиялық қана емес, экономикалық зардабына да тоқталды.

«Бір итбалықтың кұны – 193 АЕК немесе 712 556 теңге. Енді соны 2 мыңға көбейтсек — 1 425 112 000 теңге. Қазіргі жағдайда 2 000 итбалық қырылды. Бұл үл­кен бір трагедия деп айтуға болады. Демек, қылмыстық іс қозғалуы керек. Бұл қылмыстық іс болғаннан кейін жаза­сын да қатты күшейту керек деп ойлаймын. Үкімет арнайы комиссия құрып, тергеу жүргізіп, кінәлілерді анықтап, келтірілген шығынды өтетіп, жазалау керек», – дейді Әділбек Қозыбақов.

Итбалықтар қазір құрып бара жатқан жануарлар тізімі жазылатын «Қызыл кітапқа» да енді. Мұнай мен газдың жыл сайын үлкен көлемде өндірілуі, теңізге тасталатын қалдықтар, браконьерліктен бөлек, Каспий итбалықтарының популя­циясына кері әсер етіп отырған тағы бір қорқынышты факт бар: ол – Каспий ит­балық­тары аналықтарының көп бөлігінің күшіктей алмауы. Қазақстандық ғалымдар бұл жағдайдың соңғы 10 жылдан астам уақыттан бері жалғасып келе жатқанын айтып дабыл қағуда. 

«Түрлі ластаушы зат теңіз мақұлығының денесіне жиналып, соңы оның түрлі аурудан өлуіне әкеліп отыр. Теңіз астын­дағы экологиялық жағдайдың нашарлауы­нан итбалықтар күшіктей алмайды. Бұл – өткен ғасырдың 60-70-жылдарынан басталған құбылыс. Сол кездің өзінде бұл көрсеткіш Каспий популяциясының 70%-ын құраған болса, қазір тіпті 90%-ға дейін жетіп жығылуы мүмкін. Теңіздегі химиялық заттар, соның ішінде полиуре­тандар аналық жұмыртқаның дамуына қатты кедергі келтіреді», – дейді Гидробио­ло­гия және экология институтының дирек-торы Мірғали Баймұқанов.

Қазақстандық ғалымдардың пайым­дауынша, Каспий итбалығы популяция­сының нашарлауына, жалпы итбалықтар­дың қырылуына жаһандық жылынудың да әсері болуы мүмкін. 

«Жаһандық жылыну теңізге кері әсер етіп, жыл сайын мұз жа-бынының көлемі қысқарып келеді. Ал ол – итбалықтардың «пер­зентханасы». Оның үстіне, қысы жылы боп келетін жылдар да жиілеп барады. Итбалықтардың көбеюіне кесірін тигізіп тұрған тағы бір жайт – мұз жарғыш кемелердің көп жүретіні. Олар сонысымен итбалықтардың мекендейтін, дамылдайтын, күшіктейтін ареалын бұзады. Тіпті, олардың өздерін жаншып кетіп жататын да кездер аз емес.  Сондықтан бірінші кезекте итбалықтардың көбейетін және дамылдайтын жерлерінде ерекше қорғалатын аумақтар құру керек. Ол дегеніміз – мұзды аумақтар. Мұндай ареалдарда ешқандай да кеме жүргізуге болмайды», – дейді Мірғали Баймұқанов.

Қалай десек те, итбалықтар өлімі кешенді зерттеуді және нақты қорғау шараларын қолға алуды қажет етеді. Әйтпесе, онсыз да тұқымдау қабілетінен айрылып жатқан итбалықтардың алдағы отыз жылда орнын сипап қалуымыз мүмкін.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы