Google Workspace жақында Z толқынның жасанды интеллектті қолдану аясын білу мақсатында сауалнама жүргізген еді.
Жасанды интеллект – жаңа буын құралы
442
оқылды

Нәтижелерге сәйкес, Z буыны (22-27 жас) арасында жасанды интеллект құралдарын қолдану ерекше жоғары деңгейде екені анықталды. Респонденттердің 93%-ы ChatGPT, DALL-E, Otter.ai сияқты құралдарды аптасына кемінде екі рет пайдаланатынын мойындаған. Орта буын (28-39 жас) арасында бұл көрсеткіш 79%-ға жетеді.

Google Workspace өнімінің вице-пре­зи­денті Юлие Квон Кимнің айтуын­ша, жас қызметкерлер жасанды интеллектті электрондық хаттарды қарап шығу, құжаттар жазу, жиналыс жазбаларын жазу немесе идея­лар ойлап табу үшін жиі қолданады.

– Жаңа буын көшбасшылары бұл тех­но­логияны тек қолданумен шектелмей, оны тиім­ді қарым-қатынас орнату мен страте­гия­лық мәселелерге уақыт бөлу үшін пайда­лану­да, – дейді ол.

Жасанды интелектті қолдану барысында таяу­да Ресейде қызық оқиға болды. Ресей мем­лекеттік гуманитарлық университетінің сту­денті Александр Жданов ChatGPT-ге 15 са­ғатта диплом жұмысын жаздырып, оны 8 са­ғатта өңдеп, барлығы 23 сағатта дайындап, қор­ғап шыққан. Студент ол туралы Twitter же­лісінде жариялады. Мәтін 82 пайызға түп­нұсқа деп танылған. Комиссия мүшелері сту­дентке мәтіндегі тіл сәйкессіздігі мен ой тіз­бегінің дұрыс үйлеспегені үшін ескерту жа­сап, жұмысты «қанағаттанарлық» деп ба­ға­лаған. Кейін біреу ол жұмыстың ChatGPT-де жазылғаны туралы университетке шағым­дан­ған екен. Қазір білім мекемесінің әкім­ші­лігі тексеру жұмыстарын бастаған көрінеді.

– Жасанды интеллект құралдары алғаш ен­гізілген кезде калькулятордың пайда болу тарихы секілді қоғамда үлкен пікірталастар ту­ғызуда. Калькуляторлар алғаш рет пайда бол­ғанда, адамдар олардың математика білі­мін төмендетеді деп алаңдады. Көптеген мұ­­ға­лім оқушылар есептеуді үйренбей, дайын нә­тижелерге сүйеніп, ойлау қабілетін жо­ғал­тады деп қорықты. Бірақ уақыт өте келе, ка­ль­куляторларды дұрыс қолдану тәсілдері анық­­талды. Олар қайталанатын және ұзақ есеп­­терді жеңілдетіп, күрделі мәселелерді ше­­шуге мүмкіндік берді, – дейді IT саласының ма­­маны Ғасыр Құралбайұлы.

Оның сөзінше, ЖИ қоғамға көптеген пай­да әкелгенмен, белгілі бір қауіп­тері де бар. Жасанды интеллект бизнес-про­цес­терді автоматтандырып, өнімділікті арт­тыра­ды. Диагноз қоюда, емдеу әдістерін анық­тауда үлкен көмек көрсетеді. Ал қауіп­ті­­­лігі оны қалай қолданатынымызға бай­ла­ныс­ты. Құралдарды сауатты қолдансақ, қауіп азаяды. 

Chat GPT-ге тыйым керек пе?

Speech Lab компаниясының Data Science то­бының жетекшісі Артём Рычко чат-боттар адамды толығымен алмастыра алмайды, сол үшін де тыйым керек емес деп топшылады. 

– ChatGPT-тің қазіргі нұсқасы адамдарды ал­мастырмайды, бұл сөзсіз. Тарих көр­сет­кен­дей, уақыт өте келе адамдар істейтін кей жұ­мыстарды технологиялар атқара бастайды, бір­ақ бұл жерде ешқандай қауіп жоқ. Ол Google немесе Microsoft Word сияқты жұмы­сы­мызды жақсырақ әрі жылдам орындауға кө­м­ектесетін құрал ғана. Мысалы, мен ChatGPT-дің арқасында жұмысымның бірне­ше сағатын үнемдедім, – деп түсіндірді Артём Рычко.

Дегенмен Sortlist Data Hub жүргізген зерт­теу миллениалдардың 43 пайызы чат-бот­тардың кесірінен жұмыстан айыры­лып қалуы мүмкін екеніне алаңдайтынын көр­­­­сетті. Шын мәнінде, ол негізсіз емес. Өйт­кені Buzzfeed контентінің кей бөлігін ChatGPT-ден алатынын мәлімдеген. Сондай-ақ жұмыс берушілердің 51 пайызы маркетинг жұмыстары үшін чат-боттарды пайдалануы мүмкін екенін айтқан.

The Guardian басылымының деректеріне сәйкес, ChatGPT аудиториясы 2023 жылдың ақ­­пан айында 100 миллион белсенді пайда­лану­шыға жеткен. ChatGPT іске қосылғаннан кейін бес күннен кейін ғана 1 миллион пайда­лану­шыға қол жеткізді. Іске қосылғаннан кейін­гі алғашқы айда чат-ботты 57 миллион адам пайдаланған екен. 

ChatGPT әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан интернет қызметі болып табылады. Са­лыстырмалы түрде әлеуметтік желі Instagram іске қосылғаннан кейін 2,5 айдан кейін ChatGPT-тің қолданушылар санына қол жет­кізе алды, ал Netflix бір миллион қолдану­шы аудиториясына тек 3,5 жылдан кейін қол жеткізді. 

ChatGPT бүкіл әлемде танымал қолданба бо­лып кетті. Әсіресе, АҚШ (15,36%), Үндістан (7,07%), Франция (3,35%) және Германия аза­маттары (4,65%) осы чат-ботты жиі пай­да­ланады екен. OpenAI мәліметтері бойынша, 2023 жылы ChatGPT чат-боты әлемнің 161 елін­де қолжетімді болды. Арасында Ресей, Украи­на, Беларусь, Қытай, Венесуэла, Иран, Ау­ғанс­тан сынды мемлекеттерде бұл қолдан­баға тыйым салынған.

– Менің ойымша, жасанды интеллектке тыйым салуға болмайды. Керісінше, оны қол­да­ныста кеңейтуге күш жұмсауымыз керек. Бұл – атқа отыру секілді дүние. Атпен жүру қауіп­ті, бірақ тақымды қысып, дұрыс отыр­саңыз мүлде қаупі жоқ. Асау атты қолға үйрет­кен­дей, ЖИ-ді де үйреніп алуымыз керек. Оның көпфункциялы мүмкіндіктерінің ар­­қа­сында біз жаңа деңгейге шыға аламыз. Қа­зіргі заманның бір тренді десем де артық емес. Мұндай ЖИ-ге негізделген қолдан­ба­лар, бот­тарды жас ұрпаққа үйрету – мін­дет­теріміздің бірі. Әрине, тек қана қолдан­бай, са­налы ой­лаудың жүзінде пайдалануы­мыз қа­жет, – дей­ді IT саласының маманы Ерболат Мәмен. 

ЖИ-ді пайдалану – бұл тек мүмкіндік қа­на емес, сонымен қатар жауапкершілік. Тыйым салу прогресті тежеуі мүмкін, бірақ оның реттелмеуі де айтарлықтай қауіпті бол­мақ. Сондықтан тиімді шешім ретінде тех­нологияны дамыту мен оны жауапкершілікпен пайдалану арасындағы теңгерімді табуды алға қою керек.

– ЖИ-ге тыйым салу – мәселенің түпкі шешімі емес. Тыйым уақытша кедергі болуы мүм­кін, бірақ бұл технологиялардың кең та­ралуын тоқтату мүмкін емес. Біз ол техно­ло­гия­лық революцияны тоқтата алмаймыз.  Оның орнына, біз ЖИ құралдарын жауапты түр­де пайдалануды үйретіп, олардың ар­тық­шылықтарын қоғамға пайда әкелетіндей қол­дануды үйренеміз. Елімізде саналы ұрпақ тәр­биелеу үшін ЖИ құралдарын қолданудың дұрыс ережелерін орнату керек. ChatGPT сияқ­ты құралдар дұрыс пайдаланыла білсе, бі­лім беру үдерісін байытады және оқушы­лардың дамуына үлкен үлес қосады, – дейді Ғасыр Құралбайұлы.

Жасанды интеллект – заманауи тех­нологиялардың қарқынды дамуы­ның айқын дәлелі. Оның денсаулық сақтау, білім беру, бизнес және өнеркәсіп сияқты са­ла­ларға енгізілуі қоғамның әртүрлі аспек­тілерін түбегейлі өзгертуде. Дегенмен ЖИ-дің артықшылықтарымен қатар, оның қауіп­тері мен этикалық мәселелері де бар. Сон­дықтан бұл технологияны дамытуда тепе-теңдік сақтап, оның қоғамға оң ықпал етуін қамтамасыз ету маңызды.

Әсет ҚАЛИ