Боранбек Қоңыратов шәкіртін жаттықтыру барысында оның өзіне қиындық тудырған мінезі болғанын жасырмады.
«Қарсыласын аяйтын қасиеті бар»: Демеу Жадыраевтың жеке бапкері спортшының мінезі туралы айтты
Фото: видеодан кадр
275
оқылды

Демеу Жадыраевтың жеке бапкері Боранбек Қоңыратов шәкіртінің мінезі туралы сөз қозғады, – деп жазды  Aikyn.kz.   

Ол Париж Олимпиадасында шәкіртінің қасында бола алмаған. Бірақ Демеу Жадыраевты бала кезінен жаттықтырған маман шәкіртімен телефон арқылы байланысып, ақыл-кеңес беріп отырғанын айтты.  Бұл жеңісті бапкер бес олимпиадалық цикл бойы армандап, 20 жыл бойы күткен. Боранбек Қоңыратов шәкіртін жаттықтыру барысында оның өзіне қиындық тудырған мінезі болғанын жасырмады.

«Бірге келе жатқанымызға 17-18 жылдай болды. Демеу жас күнінен қолынан келетін дүние шықпай қалғанда немесе ұрысып айтқанда, «иә» дейді де, істегені басқа болады. Сосын скакалкамен тартып жіберіп, тағы айтамын. Сөйтсем, ол одан сайын қатып қалады екен. Жанында адам тұрғанын көрмей қалады. Сондай мінезі бар. Бұл маған қиындық тудырды. Сосын жан-жақты түсіндіріп, бетін бері қараттық», - дейді бапкер. 

Алайда Боранбек Қоңыратов шәкіртінің жақсы жақтары көп екенін, тіпті ол бозкілемдегі қарсыласын аяп, жеңісті қолдан беретін кезі де болатынын атап өтті.

«Басында түсінісу қиындау болды. Қазір бәрі жақсы. Кезінде қанша ұрыстық, бір-бірімізді көрмей, «болды, бар, кет» деген сәттер де болды. Қайта қосыламыз, қайта кетеміз. Бұл жерде Демеудің шыдамдылығы, менің мінезіме көнгені, бойындағы жақсы қасиеттері, кешірімділігі. Сөйтіп мен де оның мінезінің кілтін тауып алдым. Әдейі қатты болайын деп болған жоқпын. Қатты, жұмсақ, білімді, ақылды боласың. Түрлі әдіс қолданып, кілтін таптым. Менің ойымша, алтынды алмайтын өзі ғой деймін. Қандай жарыс болса да, екінші орын алады. Ұтып тұрғанын алмайды. Қарсыласын аяйтын қасиеті бар. Бұл үшін қанша алыстым. Қарсыласын аяйды. Кеңпейілді. Бойында «Менде ғана емес, қасымдағы адамда да болсыншы. Мен екінші болып жүре берейінші» дейтін жақсы қасиеті бар. Бірақ бұл – спорт», - дейді бапкер журналист Ақырыс Сейітқазыға берген сұхбатында.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.