2025 жылдан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш 6,5 пайызға ұлғайып, 3932 теңге, ал ең төмен күнкөріс деңгейі 46 228 теңге болады.
2025 жылы АЕК, ең төмен күнкөріс деңгейі және зейнетақы өседі
9,589
оқылды

2025 жылдан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш 6,5 пайызға ұлғайып, 3932 теңге, ал ең төмен күнкөріс деңгейі 46 228 теңге болады,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға қол қойды. Құжат "Егемен Қазақстан" газетінде бүгін жарияланды. 

АЕК ұлғаяды

Заңның 9-бабында 2025 жылы жалақының ең төмен мөлшері өзгермейтіні, бұрынғыша 85 мың теңге болып қалатыны жазылған.

Ал енді айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2024 жылмен салыстырғанда 6,5 пайызға ұлғайып, 3692 теңгеден 3932 теңге болды.

Ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы да осынша пайызға өсіп, 43 407 теңгеден 46 228 теңге болды.

Осы екеуінің көмегімен әлеуметтік төлемдер есептелетінін ескерсек, олардың көлемі де ұлғайды. Бұған қоса, айлық есептік көрсеткіш көлемі айыппұлдар мен мемлекеттік салықтардың көлеміне әсер етеді. Енді олар да 6,5 пайызға ұлғаяды.

Зейнетақы ұлғаяды

Ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшері ұлғайғандықтан, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері де өсті. Бұрын 28 215 теңге болса, қазір 32 360 теңге. Мұндағы өсім 14,7 пайыз болды. Себебі базалық зейнетақының төмен мөлшері 2024 жылы күнкөріс мөлшерінің 65 пайызы деп алынса, 2025 жылы 70 пайызы деп белгіленген.

Сонымен бірге зейнетақының ең төмен мөлшері 8,5 пайызға өсіп, 62 771 теңге болды. Бұрын 57 853 теңге болған. Айта кетерлік жайт, мұндай зейнетақыны жұмыс өтілі 1998 жылға дейін көп болған азаматтар алады. Мысалы, әйелдер үшін 20 жыл, ер азаматтар үшін 25 жыл.

Осылайша, 2025 жылы есептеу көрсеткіштері және соның көмегімен есептелетін әлеуметтік төлемдер, бұған қоса қазақстандықтардың зейнетақысы ұлғаяды. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.