Ішкі істер министрлігі құқықтық тәртіпті және кез келген заңбұзушылық үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету шараларын күшейтті.
Көлік полицейлері жыл басынан бері 80 мыңнан астам құқық бұзушыны анықтады
261
оқылды

 Көлік полицейлері жыл басынан бері 80 мыңнан астам құқық бұзушыны анықтады, деп хабарлайды Aikyn.kz.  

«Баршамызға мәлім, Ішкі істер министрлігі құқықтық тәртіпті және кез келген заңбұзушылық үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету шараларын күшейтті. Біздің міндетіміз қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайта отырып, әр азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», деді Көліктегі полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Мадияр Айтуғанов.

Оның айтуынша, биылғы жылдың 11 айында еліміздің әуе және теміржол көлігі объектілерінде түрлі әкімшілік құқықбұзушылықтар жасағаны үшін 80 813 құқық бұзушы жауапқа тартылған. Оның ішінде, жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін 7 565, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін 6 360, белгіленбеген орындарда сауда жасағаны үшін 2 374, темекі шегуге тыйым салуды бұзғаны үшін 2 234, ұсақ бұзақылық үшін 677, әуекемесіндегі мінез-құлық ережелерін бұзғаны үшін 83 адам және т. б.

Сондай-ақ ол «Мәскеу-Алматы» бағытындағы әуе рейсі  ұшып келгеннен кейін әуежайдың көлік полицейлері Ресей Федерациясының 30 жастағы азаматшасын анықтап, ұстағанын хабарлады.

Тексеру барысында жолаушы әйелдің ұшу кезінде өзін дөрекі ұстап, балағат сөздер айтқаны, ескертулерге құлақ аспай, ұшақ экипажының талаптарын орындамағаны анықталды.

«Құқық бұзушы ұсақ бұзақылық жасағаны және әуекемесіндегі тәртіп ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 25 АЕК (92 300 теңге) айыппұл салынды",  деді полиция полковнигі.

 Естеріңізге сала кетейік, Көліктегі ПД қызметкерлері кез келген құқықбұзушылыққа төзбеушілік қағидаты бойынша профилактикалық  шараларды тұрақты негізде жүргізеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.