Ғимарат 4 жыл бұрын ғана қолданысқа берілген.
Петропавлда мектептің төбесі опырылып, үш оқушы зардап шекті
359
оқылды

Петропавлда мектеп төбесінің бір бөлігі опырылып, соның салдарынан жетінші сыныптың үш оқушысы зардап шекті. Оқыс оқиға сабақ үстінде болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz Almaty.tv-ке сілтеме жасап.

Жарақат алған білім ордасының шәкірттері бірден облыстық балалар ауруханасына жеткізіліпті. Кейіннен №6 мектептегі кабинеттердің бірінде кереге сылағының құлағаны анықталған.

Атап өтер жайт, бұл ғимарат 4 жыл бұрын ғана қолданысқа берілген екен.  

"Сынып жетекшісі бірден жедел жәрдемді шақыртыпты. Жедел жәрдем келгенге дейін ата-аналарға хабар беріпті. Ата-аналар да келді. Жедел жәрдем ол балаларға алғашқы көмегін көрсетті. Жаңа ғана емханаға барып, дәрігермен сөйлесіп келдік. Дәрігердің айтуынша, балалар 2-3 күн бақылауда болады. Дегенмен қатты зардап шеккен балалар жоқ", – деді Петропавл қаласы білім бөлімінің басшысы Динара Рақышева.

"Қазір балалардың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Бүгін оларды травматолог, невропатолог қарады. Мидың шайқалуы байқалмады. Біреуіне арқа жарақаты диагнозы қойылған. Екіншісінде де тура сондай диагноз – тері қабаты зақым алған. Үшінші балада бас терісінің көгергені байқалды", – деді Көпсалалы облыстық балалар ауруханасы директорының міндетін атқарушы Александр Гассман.