Бұл орталық – облыста партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында ашылған алғашқы орталық.
Жамбыл облысында Отбасын қолдау орталығы ашылды – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы
626
оқылды

Қиындыққа тап болған және отбасылық зорлық-зомбылықтың зардабын тартқан әйелдер мен олардың балаларына арналған қолдау орталықтарын ашу «AMANAT» партиясының басым бағыттарының бірі. Байзақ ауданынан ашылған Отбасын қолдау орталығы осы мақсат аясында қолданысқа беріліп отыр. 

Салтанатты шараға Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов, аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағымбеков пен тұрғындар қатысты.   

«Әр отбасы – қоғамның маңызды бөлігі. Әр шаңырақтың өз тағдыры, өз тарихы бар. Кейбір отбасылар қиындықсыз өмір сүріп жатса, өкінішке қарай, кейбіреулері тұрмыстық және әлеуметтік қиындықтарға тап болып, қолдауға мұқтаж. Әсіресе, моральдық тұрғыдан қиындық көріп, жан жылуына зәру болып отырған отбасыларға қоғам болып көмек беру – бәріміздің ортақ міндетіміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр отбасының бақытты өмір сүруі үшін жағдай жасау туралы үнемі айтып келеді. Бұл бағытта берілген тапсырмалар – өмірімізге бағдар болуы тиіс. Осы мақсатта бүгін ауданда «Отбасын қолдау орталығы» ашылмақ», – деді Еркін Келесов. 

Алдағы уақытта орталықта заңгер, психолог, әлеуметтік қызмет жөніндегі маман, 2 әлеуметтік қызметкер, бухгалтер жұмыс атқаратын болады. Сондай-ақ жаңа ғимаратта психолог және әлеуметтік қызмет көрсету бөлмесі, асхана, уақытша 15 адамға 1 жатын бөлме, тынығу бөлмесі, қызмет көрсету бөлмесімен жабдықталған. Бұл қызмет көрсету бөлмелерінің барлығы талапқа сай қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген.

Айта кетейік, бұл орталық облыста партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында ашылған алғашқы орталық. 2027 жылға дейін өңірдің әр аудан орталығында осындай орталықтар ашылатын болады.