Бұл басқосу «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының әйелдер мен балалардың жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда бірқатар маңызды бастамалар көтеретінін көрсетті.
«AMANAT»: Әйелдер қанатының жиыны өтті
687
оқылды

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жаңа құрамдағы жұмысшы топтың алғашқы отырысы өтті. Олардың қатарында қалалық мәслихат депутаты, құқық қорғау органының қызметкері, БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері бар. Басқосудың басты тақырыбы – гендерлік теңдік қағидаттарын ілгерілету, сондай-ақ, нәзік жандыларды қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларға тарту мәселелері болды.

Жиында Әйелдер қанатының жетекшісі Наргиза Керимбаева жыл басынан бері атқарылған ауқымды жұмыстармен бөлісіп, алдағы уақыттағы жоспарларын жариялады. Ол партия жанындағы Әйелдер қанаты әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған бірнеше маңызды жобаларды жүзеге асырғанын жеткізді.

“Олардың қатарында «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында балалар үйінде жаңажылдық ертеңгілік ұйымдастырылып, балаларға сыйлықтар таратылғаны айтылды. Сонымен қатар, «Кедергісіз келешек» жобасы шеңберінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаңажылдық іс-шаралар өткізілді. Бұл жобалар демеушілердің қолдауы арқасында көптеген балаларға қуаныш сыйлады”, – деді Наргиза Керимбаева.

Наргиза Абайдуллақызы сондай-ақ, «Ғылымдағы әйелдер күніне» орай өткізілген республикалық форум туралы айтып, ғылым саласында гендерлік теңдік мәселелері мен әйелдердің рөлін талқылағанын атап өтті. Бұл шара ғылым мен білім саласында әйелдердің қатысуын арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Денсаулық сақтау және инклюзия салаларында да Әйелдер қанаты белсенді жұмыстар атқаруда. Бұл бағытта бірнеше қалалық емхана мен ауруханаларда мониторинг жүргізіліп, өзекті мәселелер анықталды. Алдағы уақытта бұл салалардағы мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстар жалғасады. Сонымен қатар, инклюзивті білім беру және балалармен отбасыларды қолдау шаралары да атқарылуда.

Жиында сөз алған қатысушылар әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету, олардың мүмкіндіктерін арттыру және өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты ұсыныстарын білдірді. Алдағы уақытта Әйелдер қанаты әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, кәсіби білім беру және жұмысқа орналастыруға бағытталған бірқатар іс-шараларды іске асыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, инклюзивті қажеттіліктері бар балалармен отбасыларды қолдау жұмыстары да жалғасын табады.

Бұл басқосу «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының әйелдер мен балалардың жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда бірқатар маңызды бастамалар көтеретінін көрсетті.