ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ведомство басшысының 8 жаңа кәсіби мерекені бекітуді көздейтін бұйрығының жобасын дайындады. Құжат 2024 жылғы 23 желтоқсанға дейін жария талқылау үшін «Ашық НҚА» порталына салынған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Кәсіби мерекелер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 258 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы» ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығының жобасындағы кәсіби мерекелер тізбесін мынадай атаулы күндермен толықтыруды көздейді:
- Қаржы мониторингі жөніндегі органдар күні – 28 қаңтар
- Теңіз және өзен көлігі қызметкерлерінің күні – шілденің бірінші жексенбісі
- Теміржол көлігі қызметкерлері күні – тамыздың бірінші жексенбісі
- Бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика саласындағы қызметкерлер күні – қыркүйектің екінші жексенбісі
- Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлері күні – 2 қазан
- Автомобиль көлігі қызметкерлері күні – қазан айының соңғы жексенбісі
- Бухгалтерлік есеп және аудит саласындағы қызметкерлер күні – 10 қараша
- Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің күні – 13 желтоқсан
Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.