Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар мемлекетіне жұмыс сапарымен барды.
Ынтымақтастық перспективалары талқыланды
586
оқылды

Жұмыс сапары барысында Мем­лекет басшысы Power International Holding компа­ния­сының иелері Муа­таз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаят­ты қабылдады. Әңгімелесу барысын­да елімізде энергетика, телеком­му­ни­­кация салаларындағы ірі ин­­вес­­ти­циялық жобаларды іске асыру ба­ры­сы қарастырылды.     

Power International Holding (PIH) ком­паниясы Қашағанда газ өңдеу зауыт­­тарын, Бейнеу – Бозой – Шым­­кент газ құбырының екінші же­­­лісін, сондай-ақ жаңа компрессор стан­циясы мен Ақтөбе – Қостанай ма­гистральді газ құбырын салуға қа­тысады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобалар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосатынына назар аударды.

PIH Директорлар кеңесінің тө­ра­ғасы Муатаз Әл-Хаят қазақ та­ра­пы­мен телекоммуникация, энер­ге­тика салаларындағы инвестициялық жобалар бойынша түбегейлі келі­сім­ге келгенін айтып, аталған бағыттағы жұ­мысты жүзеге асыру жоспарын та­ныстырды.

Сонымен қатар компания қазір Қы­зылорда облысында бу-газ қон­дыр­ғысын салу және облысаралық электр желілерін тарту жобалары бойынша келіссөз жүргізіп жатыр.  Бұдан бөлек, Қатар конгломера­ты­ның басшылары жасанды интел­лект  бағытында бірлескен бастама­лар­ды қолға алуға дайын екенін мә­лім-деді.

Мемлекет басшысы Қазақстан Үкі­­меті тарапынан қатарлық инвес­тор­ға қолайлы жағдай жасалатынын растап, барлық жұмысты жоғары стан­дарттарға сай нәтижелі орын­дау­дың маңызын атап өтті.

Сондай-ақ сапар кезінде Мем­лекет басшысы Nebras Power ком­па­ниясы директорлар кеңесінің төра­ға­сы Мұхаммед Нассер Әл-Хаджриді қабылдады. Кездесуде жаңарты­ла­тын энергия көздері саласындағы ин­вестициялық ынтымақтастықтың пер­спективалары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Nebras Power компаниясы мен «Са­мұ­рық-Энерго» акционерлік қоғамы­ның арасында Семей ГЭС-інің құ­ры­­­лысына қатысты келісімге қол қойыл­ғанын құптады. Станция­сы­ның қуаттылығы 300 мегаватт бо­лады. Президент бұл жобаның Аста­на мен Доханың ұзақмерзімді стра­­тегиялық серіктестігін нығай­тудағы рөлін жо­ғары бағалады. Атал­ған баста­маны та­бысты жүзеге асыру үшін Қа­зақ­стан Үкіметінің жан-жақты қолдау көрсететінін рас­тады.

Мемлекет басшысының айтуын­ша, еліміз 2030 жылға қарай энергия балансындағы жаңартылатын қуат көз­дерінің үлесін 15 пайызға дейін арт­тыруға ниетті.

Мұхаммед Нассер Әл-Хаджри Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірлес­кен жо­баны іске асырудың негізгі кезең­дері жөнінде мәлімет беріп, «жасыл» энергетика саласындағы Қазақ­стан­ның әлеуеті зор екенін айтты.