Сенатта азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне арналған парламенттік тыңдау өтті. Онда қатысушылар саланы дамытуға қатысты өзекті түйткілдерді талқылады. Сондай-ақ олар өздерінің ұсыныстарын білдіріп, мүдделі тараптармен алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттарын белгіледі.
Өнімділікті арттыру – маңызды басымдық
240
оқылды

Тыңдау барысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мем­лекеттің алдында тұрған стратегия­лық міндеттердің бірі екені айтылды. Қазір Қазақстан егістік жерлер мен жайылымдар бойынша әлемде 6-орын алады. Сондай-ақ еліміз би­дай экспорттаушы мемлекеттердің алғашқы ондығына және ұн экс­пор­ты бойынша көшбасшылар қатарына кіреді.

Осы ретте соңғы бес жылда ауыл шаруашылығындағы негізгі капи­талға салынған инвестиция көлемі 2 есеге жуық өскенін атап өткен жөн. Тамақ өнімдерін өндіру саласы да дәйекті түрде дамып келеді. Бұл бағыт өңдеу өнеркәсібінің шамамен 14 пайызын құрайды. Мәулен Әшім­баев атап өткендей, айтарлықтай әлеуетіміз бола тұра еліміздің ауыл шаруашылығы саласында түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2028 жылы елімізде өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін 70 пайызға дейін жеткізуді мін­дет етіп жүктеді. Ауыл шаруа­шылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы аграрлық саланы одан әрі дамытудың стратегиялық бағыттарын да белгі­леп берді. Шын мәнінде, бұл сала­дағы әлеуетіміз зор екені белгілі. Алайда осындай артықшылықтарға қарамастан, бүгінде ауыл шаруа­шылығы секторында бірқатар өзекті мәселе бар», – деді Сенат Төрағасы.

Палата Спикерінің айтуынша, өнімділікті арттыру – аталған саланың маңызды басымдық­тары­ның бірі.

Жалпы, ауыл шаруашылығының дамуына тұсау болып отырған кедер­гілердің қатарында техникалық жаб­дық­таудың жеткіліксіздігі, заманауи инновациялық технологияларды тиісті деңгейде пайдаланбау, тұрақты өткізу нарықтарының болмауы, агроғылымның кенжелеп қалуы сияқты өзекті мәселелер бар. Сон­дықтан проблемаларды оңтайлы шешіп, аграрлық сектордағы жағ­дайды жақсарту үшін мемлекеттің, бизнестің және ғылымның кешенді тәсілі мен бірлескен күш-жігері қажет.

«Мемлекет басшысының тапсыр­ма­ларын орындау аясында ауыл­шаруа­шылық өнімдерін өңдеу саласын субсидиялау және агро­секторды қаржыландырудың тиімді тектіктерін қалыптастыру керек. Сондай-ақ тұрақты өткізу нарық­тарын қамтамасыз ету, дәстүрлі нарықтарымыздағы позициямызды сақтап, оны одан әрі нығайту, азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру және агро­ғылымды дамыту мәселелеріне де баса мән берген жөн. Алдымызда осындай ауқымды міндеттер тұр. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған тың әрі тиімді шешімдер әзірлеудің маңызы зор. Бұл жұмыстар мүдделі тарап­тардың кешенді және бірлескен күш-жігерін талап етеді», – деп, Мәу­лен Әшімбаев Парламент атал­ған бағыттағы жаңа бастамаларға заңнамалық тұрғыдан қолдау көр­сетуді әрі қарай да жалғастыра бере­тінін айтты.

Парламенттік тыңдауда сена­торлар ғалымдармен, сарапшы­лар­мен, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар және бизнес өкілдерімен бірлесіп, қолжетімді азық-түлік жүйесін қалып­тастыруға қатысты мәсе­лелерді талқылады. Қоғамдық та­мақ­тану орындарында, әсіресе мек­теп асханаларында азық-түліктің сапасы мен қауіпсіздігіне, азық-түлік бағасының қолжетімділігіне және жеткізу саласындағы өңірлер­дегі теңгерімсіздіктерді жоюға қа­тысты түйткілдерге де ерекше назар аударылды.

Іс-шараға қатысушылар отандық өнім үлесін ұлғайтудың, импортқа тәуелділікті төмендетудің және жергілікті өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызына айрықша тоқталды. Қазір азық-түлік қауіпсіздігі азық-түліктің физикалық қолжетімділігін ғана емес, оны сатып алудың экономикалық мүм­кін­дігін, жеткізудің тұрақтылығын және тиімді пайдалану мәселелерін де қамтитыны айтылды. Климаттың өзгеруі, экономикалық тұрақсыздық және халық санының өсуі сияқты жаһандық сын-қатерлер жағдайында азық-түлік қауіпсіздігі орнықты даму мен әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі элементіне айналып отыр­ғаны да сөз болды.

Сарапшылар мен мемлекеттік органдардың өкілдері жергілікті өн­дірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды екеніне баса мән берді. Сондай-ақ талқылау кезінде жеке инвестицияларды тарту, ауыл шаруашылығы өндірісін жаңғырту және тұрақты өткізу нарықтарын қамтамасыз ету арқылы ғана азық-түлік қауіпсіздігі сала­сында елеулі табыстарға қол жет­кізуге болатыны айтылды.

Іс-шарада Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, Ауыл шаруашылығы министрі Ай­дарбек Сапаров, Денсаулық сақтау министрлігінің, Сауда және инте­грация министрлігінің өкілдері, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруа­шылығы ұйымының (FAO) Еуропа мен Орталық Азиядағы өңірлік бөлімшесінің азық-түлік қауіпсіздігі және тамақтану жөніндегі сарапшы­сы Анико Немет, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының, KazFoodProducts агроөнеркәсіптік холдингінің басшылық өкілдері және тағы басқа қатысушылар баян­дама жасады. Тыңдау кезінде айтыл­ған барлық ұсыныс зерделеніп, ар­найы әзірленетін ұсынымдарға ен­г­ізіліп, Үкіметке жолданады.

Парламенттік тыңдау аясында ұйымдастырылған көрмеде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және органикалық егіншілік саласындағы озық үлгілер көпшілік назарына ұсынылды. Айта кетейік, бүгінде Ұлттық аграрлық-ғылыми орталық ғылыми шешімдерді енгізу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Қазақстанда 2015 жылдан бастап өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын және қайта өңдеуді қамтитын 686 ғылыми әзірлеме дайындалған. АӨК-ті цифрландыру аясында мал шаруашылығында, егіншілікте, өсімдіктерді қорғау бағыттарында есепке алу, мони­торинг жүргізу және шешім қабылдау жүйесі де әзірленгенін атап өткен жөн.

Мерей ЖАСЫН