Абай ілімін зерттеп, сөзжұмбақ құрап жүрген Қалибек Алтыбаев ақсақал бес-алты кітабын құшақтап, редакцияға арнайы келіпті. Бұл кісінің таңдаған жолы да, бағыты да қызық: алпыс жыл бір жанрдан ауытқыған емес.
Қалибек Алтыбаев: Абай сөзін кестелеп келемін
725
оқылды

Көкшолақ мініп, қой ізін шаңдатқан уақыттан бастап сөзжұмбақ құраумен келеді. Ол кісі құрастырған жұмбақтың шешімін табу да оңай емес. Бірнеше күн кітап парақтап, ізденуге тура келеді. Ал алпыс жыл бойы сан сөздерді санасына сақтап, күллі әлемнің қырық-қатпарлы дүниесін бір ұяшыққа сыйдыра білген жанның қабілетіне таңғаласың. Кәнігі кроссвордшы, ардагер журналистің бір Абай тақырыбына арнаған жеті кітабы бар. Жеті кітаптың бәрі бір күнде жазыла қоймағаны анық. Кейіпкерімізге қойған сауалымыз да осы еді. 

– Абайды сөзжұмбақ арқылы таныту­ыңыз қызық екен. Бұл ой қалай келді?

– Қойшының баласымын. Кіш­кен­тайымыздан тауда өстік. Әкем соғыстан мүгедек боп орал­ды. Көзі көрмейтін. Бас­тауышты бітірген соң, әкеме көмекші боп бірге қой бағатын едім. Қой бағу­ға шық­қан­да бір күні қолыма кітап, бірде газет-журнал ала кет­е­мін. Осылайша, күнделікті бір кітап оқуды әдетке айналдыр­ып алдым. Бұл 1955-56 жылдар еді. 

Әкем газет-журналдарды жаз­дырып алады. Арасында «Қазақстан әйелдері» деген журнал да бар. Бір күні үйге (қазір аты-жөндерін ұмытып тұрмын) совхоз­дың директоры Мәмбетов, аудандық пар­тия хатшысы Дәулет қонаққа келді. Кешке қой бағып келсем, екеуі сөзжұмбақ шешіп отыр екен. Ол кезде әлі баламын, олармен жақыннан араласым жоқ, амандастым да қойдым. Олар кеткен соң қарасам, «спорт түрі» деген сауалға «теннис» деп жазып қойыпты. Солайша төрт-бесеуін шешіп қойыпты. Оны тығып қойдым да «Қазақ­стан әйелдерінің» келесі санын күттім. Келесі саны шығып, салыстырсам, шын­ын­да әлгілердің жазған жауаптары дұрыс екен. Оны «сөзжұмбақ» деп кейін аудардық қой. Оған дейін «кроссворд» деп жүрдік. 

Сөйтіп, сөзжұмбақ жасауға құштарлық пайда болды. Жасау жолдарын да өзім іздене бастадым. «Кроссвордтың атасы» деп аталатын кітап шығарған Талапты Иманбаев деген кроссвордшы болды. Қазақта сөзжұмбақтан тұратын тұңғыш кітап шығарған кісі. Сол кісі маған үнемі нұс­қаулармен хат жазып отырды. Ұзын сөздің қысқасы, 2-3 жылдың ішінде мен кроссворд жасай алатын деңгейге көтеріл­дім. Талмай іздендім. Кейін қазақша күнтізбе шыға бастады. Күнтізбеге де 2-3 жылдай менің сөзжұмбақтарым жариялан­ып жүрді. Онда 18-ге де толмаған кезім. Одан әскерге кетіп, қол үзіп қал­дым. Бірақ әскерде де сөзжұмбақ құрас­тыруды тастаған жоқпын. Орысша құраған кроссвордтарым орыс газеттеріне шығып жүрді. 

1987 жылы М.Әуезовтің 90 жылдығы болды. 12 жасымнан «Абай жолын» сүйіп оқып өскен адаммын. Сонда Мұхаң туралы сөзжұмбақ жасасам деген ой болды. Ол кезде селолық советтің төрағасы болып қызмет атқарамын. 

– Сонда партия қызметінде жүрсіз ғой. Демек, шығармашылықтан мүлдем бөлек ортада сөзжұмбақ құрастырып жүр­діңіз бе?

– Иә, қызметім мүлде бөлек, партия совет қызметіндемін. Білімім де жоғары, саяси қызметкер. Бірақ сөзжұмбақ жасауды жақсы көргенім соншалық, қолым қалт етсе, құрастырып отырамын. Мұхтар тура­лы сөзжұмбақ жасау ойға келген соң Өс­кеменде шығатын облыстық газетпен сөйлестім. Олармен бұрыннан да байла­нысым жақсы еді. Сөйтіп, тұрақты Мұхтар Әуезов шығармалары туралы сөзжұмбақ жіберіп отырдым. «Әуезов шығарма­лары­ның бәрін оқыдым» деген артық болар, бірақ басты-басты шығармаларын оқыдық. 

1990 жылы бір баламды оқуға алып, Семейге келдім. Семей тобықтының жері деп ойлап жүріппін. Сөйтсем, тіпті олай емес екен. Тіпті, Абайды біле қоятындар аз екен. «Абайдың ұрпақтары бар ма, хакімді танығандар бар ма?» деп сұрап жүрдім. 

– Абай ұрпақтарын білетіндер көп пе екен?

– Оның себебі бар. Хайролла Әріпбаев деген мықты ақын бар еді, өзі – Зайсандікі. Сол жігіт «осында Абайдың жиені бар, таныстырайын» деді. 

Сөйтіп, жиенімен жолықтырды. Абай тақырыбы болғаннан кейін-ақ екеуіміз тез тіл табысып кеттік. Ол кісі «Абай» қорының директоры болып тағайындалған екен. Абайдың 150 жылдық мерейтойына дайын­дық қызу жүріп жатқан кез. Екеуміз отыра қалып, Абай тақырыбын қаузаймыз. Абай­дың өлеңдері ауыр ғой. Жалпы, «Абайды оқып-білдім» деген адамның өзі қателеседі. Мұхаңның өзі айтады: «Абай – дария, мен оны шөмішпен қалқып алдым» деп. Сон­дықтан Абаймен қанша шұғылдан­ғаным­мен, ол өте терең. Ол кісінің филосо­фия­лық өлеңдерін терең зерттеу қажет. 

– Сөйтіп, Абай туралы сөзжұмбақ құрастыра бастадыңыз...

– Абайдың 150 жылдық мерейтойы өтті. 1999 жылы Абай туралы үлкен кітап жазып бітірдім. Одан кейін Алматыда тарихшы досым бар еді. Соған хабарласып, Абай туралы кітап жазғанымды айттым. «Мұны қайда апаруым керек?» дегенімде, ол «сені ешкім керек қылмайды және «Абайды жазды» дегенге ешкім сенбейді. Ол үшін мықты абайтанушыдан алғысөз жаз­дырту керек. Семейде жақсы үш абай­танушы бар. Біреуі – Қайым Мұхамедханов, екіншісі – Төкен Ибрагимов, үшіншісі – Мұздыбай Бейсенбаев. Қайым ақсақал қартайып қалды. Енді ана екеуінің бірінің көңілінен шыға алсаң, дұрыс болар еді», – деді. Содан Абай қорының президенті Балтабек Ерсәлімовке қоңырау шалдым. «Таныстығың бар ма?» – деп сұрадым. Ол «Мен Төкен Ибрагимовке айта аламын. Бірақ ол кісі «мынаны былай жаз, олай жаз» деуге көнбейді. Не бар, соны жазып береді. Сен маған ренжімесең ғана тан­ыстырайын», – деді. Сосын жедел Зайсан­нан Семейге келдім. Балтекең мені Төкен Смайылұлына апарды. Жарқылдаған ақ­көңіл адам екен. «Мынау ақ найман, Абай туралы бір жазғаны бар екен. Пікіріңді сұрап отыр», – деді Төкенге. Ал мен «ақ найман емеспін, төртуыл найман­мын» деп едім, «төртуыл болсаң, «ананы» танисың ба?» дей берді. Мен «Қабдеш Жұмаділовті айтып отырсыз ба?» – дедім. «Мен оны көрмеген адаммын. Бірақ ол кісінің шы­ғар­маларымен өте таныспын», – деп едім, қолын созды. Сөйтсем, Қабдеш екеуі мектепті бірге оқыған екен. Екеуі жақсы дос екен. Содан кітабымды Төкенге тас­тадым. Алты айдай жауап болған жоқ, мен де қоңырау шала алмадым. Арасында Бал­табекке хабарласып, «білдің бе, не болып жатыр екен?» – деп сұрап қоямын. Ол бол­са, «өзің неге хабарласпайсың?» – деп ұрсады. Сөйтіп жүргенде тағы алты ай өтті. Сосын амалсыз Семейге қайта келдім. Келген соң Төкенге бардым. Ол ақжарқын қабылдап, «Мынау керемет еңбек екен, Абай тарихынан мықты-мықты сұрақтар бар екен» деп, жақсы лебізін білдіріп, пікір жазып берді. Сосын Балтабектен: «Қайым­ға апардың ба?» – деп сұрады. «Жоқ» деген жауап естіген соң, «Бірінші Қайымның батасын алуың керек», – деді Төкен маған. Содан Балтекең мені Қайым Мұхамед­хановқа алып барды. Қайым ақсақал қазіргі менің жасымда, яғни 80-нің шама­сында. Қайым ақсақал «Төкен жазса, біліп жазады ғой» деп маған «жолың болсын!» деп батасын берді. Осылайша, жақсы ағалардың батасымен алғашқы кітабымды Тәуелсіздіктің он жылдығында «Абай» қорының қолдауымен шықты. 

– Сонда 2001 жылдан бері Абай туралы сөзжұмбақ құрап келесіз бе?

– Оған дейін «Сан сұраққа саяхат» деген кітабым шыққан. Ал 2001 жылы шыққан, Абайға арнаған кітабым – екінші жинағым. Арасында құрастырған, жазған дүниелерім газет-журналдарға шығып жүрді. Одан кейін «Үш кемелдің шалқары­нан» деген кітап жаздым. Абай, Шәкәрім, Мұхтар туралы бөлек-бөлек. Одан кейін «Абайды оқы, ойлан, тап!» деген кітап жаз­дым. Кейін «Абай әлемі» деген кітап құрас­тырдым. «Абай әлемі» 2018 жылы Қазақ­стан­ның рекордтар кітабына кірді. Одан кейін «Абай» деген журнал шығар­дым. 

– Бұл тақырыпқа баруыңыз үшін Абайды көп зерттеуіңіз керек қой. Кімдерге жолық­тыңыз? Қандай ғалымдардың еңбектеріне сүйендіңіз? Болмаса, қалай іздендіңіз?

– Ізденгісі келген адамға дүние көп. Тіпті, дайын тұр десек те болады. Мысалы, «Абайдың ақын шәкірттері» деген 4 том­дық, «Абай энциклопедиясы», «Абай жолы», содан соң айтайық, Абай туралы ма­қала жазған ғалымдар көп. Абай кімге азық болмады дейсің. Абай тақырыбында қанша адам докторлық қорғады, қаншама адам кандидат болды. Осылардың бірта­лайының еңбегін оқып шықтым. 

– Оларды шалғайда жатып оқыдыңыз ба әлде орталық кітапханаларға, архивке барған кездеріңіз болды ма?

– Кітапханаға көп бардым. Семейдегі абайтанушылармен жиі сөйлестім. «Абай» журналының редакторы Рысхан Мусин деген ақсақал болды. Өте терең адам еді. Ол кісімен де сұхбаттасып, ақыл-кең­есін алдым. Соңғы кезде Риза Молда­шеваның да көп көмегі тиді. Қазір «Семей таңының» редакторы болып отыр. Мені «Семей таңы­на» жұмысқа шақырды. Зей­нетке шыққан­нан кейін 3-3,5 жыл Зайсан ауданындағы меншікті тілші болып, қыз­мет атқардым. Бұл газеттің көп пайдасы тиді. 

Зәки Ахметов, Асқар Егеубаймен жақ­сы араластым. Тұрсын Жұртбай, Ғарифол­ла Есім бар. Олармен жолығып, әңгімелес­тік. Тұрсын «Абай әлемі» кітабының екеуін сатып алыпты. Біреуін үйіне, екіншісін Отырар кітапханасына апарып бергенін айтты. Бірақ осы еңбектің өзі мемлекет та­р­а­пы­нан қолдау таппай отыр. Кроссворд болғаны үшін қабылдамай тастайды. Ай­тайық, жаңағы Абай айтқан толық адам болу үшін Абайды оқып, толық болу мүм­кін емес. Абайдың айналасын білу керек. Абайдың өскен ортасын білу керек. Абай­дың қанша ақын шәкірттері бар, осыларды білу керек. Осыны жас балаларға үйретуіміз керек.

– Жалпы, сөзжұмбақ жасаудағы мақ­сатыңыз қандай? 

– Менің мақсатым – Абайды таныту. Жастар Абай әлеміне бойласа деймін. Мір­жақып: «оның заманынан алыстаған сай­ын рухына жақындай түсеміз» дейді ғой. Ғалымдар зерттеп, мұрасын халыққа жет­кізіп жатыр. Менікі – таза қазақы, сұрақ-жауап ойынымен, тәсілмен жеткізу. 

– Бас-аяғы қанша кроссворд жас­адыңыз? Санап көрдіңіз бе? 

– Санаған жоқпын. Абайға арнағаным – жеті кітап. «Зайсаң өрнектері», «Сан сұраққа саяхат» деген кітап жаздым. Кейін Абай әлеміне бойлап кеткен соң, басқа тақырыпты жылы жауып қойдым. Крос­сворд жасау үшін астрономия, физика, химия, тіпті сан салалы тақырыптарды қамтисың. Әрі ғылымнан хабарың болуы керек. Мұның ең жақсы қасиеті – мида сақ­талып қалады. Бар тамырыңды қуалай­ды ғой кроссворд. Ойыңа әбден сіңеді.

– Қызық жанр екен. Қазір сөзжұмбақ шешетін жастар бар ма? 

– Бұл миды сауықтырады. Сондықтан бұл жас ұрпаққа қажет дүние деп есеп­теймін. Айталық, сауық кеші не болмаса, кездесу бола ма, сонда Абай туралы сұрақ қоя­тын болса, миға жатталып қалады. Бірақ қазір мұндай пікір-талас өткізетін ал­аң­дар азайып барады. Мүмкін өтіп жат­қан шығар, бірақ өз деңгейінде емес деп ойлаймын. 

– Соңғы кітабыңыз қай жылы шықты? 

– Соңғысы 2022 жылы шықты. Онда да демеушілердің арқасында жарық көрді. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен 

Гүлзина БЕКТАС