Қалалардың санитарлық жағдайы, әсіресе Астана сияқты қарқынды дамып келе жатқан мегаполистер үшін әрқашан өзекті. Күн сайын мыңдаған қызметкер мен техника елорда көшелері мен алаңдарын таза және жайлы ұстау үшін жұмыс істейді.
Мұнтаздай тазалықты мұрат еткен
282
оқылды

Қала тазалығы қоқыстарды жинаумен ғана шектелмек емес. Сонымен қатар бұл қызмет түрі су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу, қар шығару, сондай-ақ тұрақты экологиялық даму үшін жағдай жасау процестерін қамтиды. Осы бағытта қызмет атқаратын «Астана Тазалық» ұйымы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен іске асырылып отырған «Таза Қазақстан» экобағдарламасының негізі қағидаларын қала ішінде белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Бүгін мақаламызда қала тазалығына жауапты негізгі мекеменің жұмысы қалай ұйымдастырылғанын таразылаймыз. Сонымен бірге елордалық көше қызметкерлерінің қажыр-қайраты арқасында қаламыздың келбеті қалайша жаңара түскеніне тоқталмақпыз.

Көше тазалығының урбанистика сала­сындағы маңызын көптеген халықаралық зерттеу мен бастамалар дәлелдеп отыр. Мә­селен, Дүиежүзілік банк қала тазалығының экономикаға әсері туралы зерттеуінде қала тазалығын басқарудың тиімді жүйесі эко­номикалық шығындарды азайтатыны айтылған. Егер қоқыс уақытылы жиналса, инфрақұрылымға келетін залал азайып, су тасқыны және жолдардың бұзылуы сияқты мәселелердің алдын алады. Бұл бюджеттік ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік беретіні белгілі. Сондай-ақ таза қалалар инвесторлар үшін тартымдырақ болып келеді, өйткені тазалық инфрақұрылымның тиімділігі мен әкімдіктің ұйымдастырушылық қабілетін көрсетеді. Бұл сауда мен туризм салаларының дамуына ықпалын тигізіп, қала экономи­­касына мультипликативті әсер етеді. 

Қазір Астана қаласында көше тазалығын қамтамасыз ету барысында халықаралық тәжірибелер кеңінен қолданылып жатқанын көреміз. Мәселен, Астана көшелерін тазалау үшін заманауи механикалық техникалар қолданыла­т­ы­нын көзбен көріп жүрміз. Скан­динавия елдерінен алын­ған бұл әдіс тиімді әрі эко­логиялық таза­лығымен ерек­ше­ле­нетін техни­ка­лар арқылы жүзеге асы­­рылады. «Ас­тана Та­залық­тың» Өн­ді­рістік техни­ка­лық бө­лім бас­шысы Е­р­жан Айтмахан­ұлы­ның айтуынша, за­­ма­науи техникалар эко­логиялық қауіп­сіз­дікті сақтап, қоғамдық ден­­саулық саласына да орасан зор әсер етеді.

– Мекеме 2008 жылы 1 қазанда құрылған болатын. Оған дейін «АстанаГорКомХоз» барлық коммуналдық мекемелердің басын біріктірген акционерлік қауымдастық ретін­де қызмет еткен. Содан бері 16 жыл өтті. Осы уақыт ішінде мекеме қызметінде көптеген өзгерістер орын алды. Мәселен, 2024 жылы біршама техникалар жаңартылды. Атап айтқанда, Германиядан 5 заман талабына сай ауқымды техникалар әкелінді. Оның ішінде мұз-тайғаққа қарсы тұз себу үшін қолданы­­латын 2 техника сатып алынған болатын. Қа­зіргі таңда бұл құралдар қала ішінде қыз­мет көрсетіп жатыр, соның арқасында қалада құм қоспасын мүлдем қолданбайтын болдық. Бұл – экологиялық тұрғыда қауіпсіз, тұз қоспасы бар сұйық және қатты түрде қолда­­нылатын реагент. Бұл қоспа -35 және -40 градусқа дейін жұмыс істейді, сондықтан қы­сы қатты, аязды-қарлы болып келетін Ас­тана қаласының ауа райына бейімделген. Нәтижесінде, енді көктем мезгілі келгенде қа­ланы таза қалпында сақтау біршама же­ңіл­дейтін бо­ла­ды. Себебі қыс­та себілген құм кейін шаң-тозаң болып қа­ланың көр­­­кін кеті­реді, – дейді ол.  

Астана қала­сы­ның коммуналдық қызмет­те­рінің ресми баянда­ма­ларында, қа­ла­лық инфрақұрылым­ды дамыту және экологиялық тұрақтылықты қамта­ма­сыз ету жөніндегі мемлекеттік бағ­дарлама­ларында қысқы тазалау қызметі Финляндия мен Канада сияқты қысы қатал елдердің тәжірибесін ескере отырып ұйымдастырыл­ғаны айтылады. 

– Қазгидромет ұсынған мәлімет бойын­ша, 1 айлық жауын-шашын нормасы 26 мм болса, 7-13 қараша аралығында жауға жауын-шашын мөлшері 34 мм болды. Бұл – тым жо­ғары көрсеткіш. Сол уақыттары мекеме қыз­меткерлері күшейтілген режимде жұмыс істеді. Мәселен, жол тазалаушылар таңғы са­ғат 6-дан бастап іске кіріседі. Бірінші ауы­­сымда 500-ден астам жұмысшы, 8-ден бастап екінші ауысымда 400-ден астам арнайы тех­­ника көшелерді тазалауға кіріседі. Осы уақыт ішінде біз қала полигондарына 100 мың шар­шы метрден астам қар шы­ғардық. Былтыр осы кезеңмен салыстырсақ, жауған қар кө­лемі бірнеше есе көп. Атап айтқанда, өткен жылы қараша айында 7 200 шаршы метр ғана қар шығарылған екен, – деді Ер­жан Айтмаханұлы.

Жарты жылға жуық жерінен қар кет­пейтін қаламызда қар тасымалдауға арналған арнайы полигондар мен қар жинайтын алаң­дар бар. Қар тазалау жұмыстарында арнайы инфрақұрылымдар мен қаланың сыртында орналасқан полигондар қолданылады, мұнда қар уақытша сақталып, жоюға жіберіледі. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Астананың көшелері мен жаяу жүргіншілер жолында мұз қатудың алдын алу үшін экологиялық таза тұздар мен химиялық құралдар қолда­нылады. Бұл тәжірибе Финляндия мен Ка­на­дадағы сияқты, табиғи ресурстарға зиян кел­тірмейтін, бірақ өте тиімді құралдарды қолдануды көздейді.

Бөлім басшысының сөзінше, қалада осындай жұмыстарды жү­зеге асыратын арнайы қыз­мет­тер бар, олар мұзды жою үшін механикалық және хи­миялық әдістерді қолда­нады. Қар мен мұздың жиналуын болдырмау үшін Аста­на­да жолдар мен тро­­туарл­ардың жағдайы тұ­рақты түр­де тек­­­се­рі­леді, бұл Канада мен Финлян­дияның тәжі­рибесіне ұқсас. 

Қаланың барлық көше қызметтері мен коммунал­дық қызметтер қысқы таза­лықты қамтамасыз ету үшін арнайы жос­парлармен жұмыс істейді, олар тек қарды жинау ғана емес, сонымен қатар көшелер мен жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді шараларды іске асырады. Астана қаласындағы қысқы тазалау жұмыстары қа­лалық инфрақұрылымды қорғап, тұрғын­дардың денсаулығын сақтауға көмектеседі. Қыс мезгілінде қар тазалау жұмыстарының сапасы қаладағы жалпы өмір сапасына ті­келей әсер ететіндіктен, Астана халықаралық тәжі­рибелерді ескере отырып, өз инфрақұ­рылы­мын жетілдіріп келеді. Қала әкімдігі мен ком­муналдық қызметтер бұл жұмыс­тар­ды тиім­ді ұйымдастыру үшін за­манауи технол­о­гиялар мен экологиялық тәсілдерді қолдануды басты назарда ұстайды.

Мысалы, Ержан Айтмаханұлы өз сөзінде Астанадағы алып магистральдар мен жолдар­дың жиегінен жиналған қоқыстар арнайы экополигондарға жеткізілетінін айтты. Ауа райы құрғақ кездері шаңды азайту үшін су шашатын машиналар, жол жиегін және тро­туарларды тазалауға арналған шағын ав­то­маттандырылған құрылғылар қолданылады.

– Қыс мезгілі бітіп көктем шыққанда, көше қоқыстарымен күрес басталып кетеді. Жол жиегінде жиналған қоқыстар мен жаяу жүргіншілер жолындағы урналарды тазарту да біздің міндетке кіреді. Сонымен қатар әр ауысымда жиналған қоқыстарды қалалық экополигонға шығарамыз. Бұл мекемемен келісімшарт негізінде жұмыс істейміз, – дейді ол.

Сондай-ақ мекеме «Таза Қазақстан» эко­бағдарламасы аясында Астана қаласы әкім­дігі ұйымдастырған бүкілқалалық сенбі­ліктерге белсенді түрде атсалысқан. Сонымен қатар көше тазалықшылары қаламызда өтіп жатқан ауқымды іс-шаралардың барлығында қаланың тазалығы үшін аянбай тер төгеді. Атап айтқанда, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті, Дүниежүзілік көш­пенділер ойыны, ҰҚШҰ отырысы секілді халықаралық деңгейдегі маңызды жиындарда белсенді түрде Астанамыздың санитарлық ахуалын аталмыш ұйым қамтамасыз етеді.

«Астана Тазалық» санитарлық тазалау қызметі бойынша Астана қаласы көшелерінің 40 пайызын 454 шақырым ұзындықтағы 227 көше құрайды. 

– Жұмыс істейтін аумақтардың қата­рында қаланың маңызды деп саналатын алып даңғылдары мен көшелері, алаңдар мен жаяу жол жүргіншілері кіреді. Атап айтқанда, жұмысшыларымыз Есіл ауданындағы стратегиялық маңызы бар нысандардың кіреберіс аумақтарында еңбек етеді. Қазір елордамызда 5 аудан болса, сол аудандарға жеке-дара 5 база құру жоспарымызда бар. Бұл орындарда тазалыққа қажетті материал­дар мен техникалар сақталатын арнайы орындар және жұмысшыларға арналған кеңселер орналас­пақ. Мұндай шешімнің бір тиімді тұсы қала кептелісі тазалық жұмыс­тарына кедергі болмайды. Сол арқылы әр ауданның алаңдары мен көшелерін мұнтаз­дай сақтау үшін көп уақыт үнемдейміз, – деген бөлім басшысы болашақтағы жоспар­ларға да тоқталып өтті. 

Сонымен қатар еңбек нарығындағы ма­ңызды көрсеткіштердің бірі болып табыла­тын жұмысшыларының әлеуметтік қорғалуы бойынша да Ержан Айтмұханұлы ұйымның арнайы шараларына тоқталды. 

– Еңбек кодексінде қарастырылған әлеуметтік пакеттен бөлек, егер сіз мекемеде 1 жыл жұмыс істесеңіз, жалақыңызға 1 айлық еңбекақы көлемінде жәрдемақы беріледі. Еңбекақымыз әр айдың 10-на дейін түсіп отырады. Мемлекеттік мерекелерде әрқашан сыйақылар беріледі. Сонымен қатар ерекше көзге түскен жұмысшыларды мекеме мен жергілікті әкімдік тарапынан да марапаттау­лар болады. Коммуналды мекемелер ара­сында өтетін спорттық шараларға да белсенді қатысады. 1 қарашадан бастап жол жұмыс­шылар мен жүргізушілерге 1 мезгіс ыстық тамақ беріледі. Сонымен қатар арнайы киім­дер мен құрал-жабдықтар тегін үлестірілетін атап өтсем деймін, – дейді ол.

Бұл олардың тұрақты жұмыс орындары, лайықты жалақы, медициналық сақтандыру және зейнетақы аударымдары арқылы қам­тамасыз етілгенін көрсетеді. Мұндай қолдау жұмысшылардың өмір сүру сапасын артты­рып, еңбек өнімділігін жақсартады. Әлеу­меттік қорғалған жұмысшылар қоғам­ның әл-ауқатын нығайтуға үлкен үлес қосады.

Сондай-ақ «Астана Тазалық» ұйымы кадр мәселесін шешуде және қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеруде белсенді қадамдар жасап келеді. 2024 жылы қызметкерлер Германия, Италия, Швейцария сияқты ел­дерге екі рет барып, тәжірибе алмасып қайт­ты. Одан бөлек, мекеменің арнайы техника жүргізушілері Еуропа чемпионатына қаты­сып, алғаш Қазақстан атынан өнер көрсетті. Қараша айынан бастап ұйым қызметкерлері үшін күнделікті семинарлар мен тренингтер өткізіліп, олардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Мұның барлығы қыс­қы мерзімде тиімді жұмыс істеу тәжірибесін жетілдіруді көздейді. 

Кәмила ЕРКІН