Цифрлық теңгеде қарыз күліп қайтады

2024 жыл «цифрлық теңгені» енгізуде серпін жасалған жыл ретінде тарихта қалуы мүмкін. Оны енгізу ұзақ жыл жыр болды.

2021 жылы Ұлттық банк қаржы нарығы қатысушыларымен бірге «Цифрлық теңге» пилоттық жобасын жүзеге асырып көрді. Алайда жұртшылық кілең саннан тұратын ұлттық валютаны сол бойы көрмеді. Ал биыл мемлекет ың-шыңсыз, тып-тыныш қана цифрлық теңгені енгізіп отыр. Ол алдымен Үкіметтің қосылған құн салығы бойынша отандық экспорттаушылар алдындағы көп миллиардтық қарызын өтеуге қызмет етпек.

Ұлттық валютаның «кенжесі»

Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі–цифрлық транс­­формация жетекшісі Бинұр Жаленовтің түсіндіруінше, циф­р­лық теңге – қолма-қол (банк­нот­тар) және қолма-қолсыз (элек­трон­ды ақша) төлем құралдарына қо­сымша, ақшаның үшінші түрі. Ол алдыңғы екеуінің қасиет-қа­бі­леттерін өз бойына жиды, сондай-ақ төл, қайталанбас, бірегей қа­сиет­теріне ие. 

Қолма-қол ақша сияқты циф­р­лық теңге де Ұлттық банктің мін­деттемесіне жатады, оны тек сол эмиссиялай алады. Одан басқа еш­кімге цифрлық теңге шығару құ­қығы берілмеген. Электронды ақ­шадан айырмашылығы, тіпті ин­тернет желісі қолжетімсіз болса да цифрлық теңгемен есеп айы­ры­суға болады. Өзге төлем құрал­дары сияқты оны дүкенде, банк қосымшаларында, мәміле жасас­қанда, жалпы барлық жерде ақша ретінде пайдалануға болады. 

Бірақ бірінші кезекте, әзірше ол қосылған құн салығын (ҚҚС) қай­тару үшін қажетке жара­тыл­мақ. Түсіндіре кететін жайт, өз өні­мін шетелге экспорттайтын отан­дық кәсіпкерлер мен кәсіп­орын­дарды қолдау үшін олардың бюджетке төленген дәл осы са­лығы кері қайтарылады. 

Бұл мәселе күн тәртібінде күйіп тұр. Биылғы 7 ақпанда Үкі­меттің кеңейтілген отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемле­кет­тің бизнес алдындағы ҚҚС бойын­ша қарызы орасан зор көлемге жеткеніне назар аудартты. Бұған қоса, бюджеттің жыртығын жамау үшін шенеуніктер жаман әдетке бой ұрған: олар бизнестен келесі жылы төленуге тиіс қосылған құн салығын аванспен биыл төлеуді талап етеді. Мәселен, Қаржы ми­нистрлігі былтырғы табыс жос­парын алдын ала төленген осы жыл­­дың салықтары есебінен орын­­даған. Сондай-ақ экспорт­тау­шыларға 600 миллиард теңге қо­сылған құн салығын қайтармай қой­ған. Осы арқылы бюджет проб­­лемаларын бизнестің айна­лым­дағы қаражаты есебінен шешті.

Қаржы министрі Мәди Та­киев­тің мәлімдеуінше, Президент сы­нынан кейін елімізде экс­порт­таушыларға ҚҚС қайтару рә­сім­дері қайта қаралды. Қосылған құн салығын жедел қайтаруға мүм­кін­дік беретін талдамалық жүйе әзір­ленді. Бұл отандық тауар өн­діру­ші­лерге елеулі қолдау болады. Нә­­тижесінде, министрлік экс­порт­­таушыларға ҚҚС бойынша бере­шегінің жалпы сомасының шамамен жартысын бюджеттен қайтара алыпты. Күрмеулі мә­се­ленің түйткілі толық шешілуі үшін бизнес алдындағы берешек толық өтелуі керек. Бірақ жүздеген мил­лиард теңгені бюджеттен алып қой­са, мемлекеттің әлеуметтік жә­не басқа міндеттемелерін орын­дау мұңға айналмақ.

Бұл мәселеде Үкіметке ци­фр­­лық теңге көмекке келеді. Кейбір сарапшының сендіруінше, қолма-қол және қолма-қолсыз қаржыдан ар­тықшылығы сол, сандағы ұлт­тық валютаны көптеп шығару ел­дегі инфляцияның аспандауына түрт­кі болмауы мүмкін. Қалай бол­ғанда, қосылған құн салығын цифрлық теңгемен қайтарудың қанатқақты жобасы «Цифрлық ҚҚС» бағдарламасы аясында қол­ға алынып отыр. 

– Цифрлық теңге – ұлттық валю­тамыздың қолма-қол және қолма-қолсыз төлем құралдарын толықтыратын жаңа түрі ғана емес, сондай-ақ қаржы ағындарын ба­қылауға арналған құрал болып есептеледі. Бұған озық цифрлық технологияларды қолдану, соның ішін­де цифрлық теңгені то­ке­ни­зациялау есебінен қол жет­кізіп отыр­мыз. Бұл ақшаны нақты бағ­дар­ламалауға, инновациялық қар­жы сервистерін құруға жол аша­ды, – деді Мемлекеттік кіріс­тер комитетінің Аудит департа­мен­тінің директоры Қадыр Исма­ғұлов.

Жалған фирмаларға жойқын соққы

МКК өкілдерінің түсіндіруін­ше, цифрлық теңгені ҚҚС-ны қай­­таруға пайдалану осы мем­ле­кеттік қызметті жаңғыртып, же­тіл­діруге де бағытталған. Шығыс Қа­зақстан облысы бойынша Мем­­лекеттік кірістер депар­та­мен­ті­нің Жанама салықтарды әкім­шілендіру басқармасының бас­шысы Асхат Жибитаев пилоттық жобаның міндетті-мәжбүрлеу емес, ерікті негізде жүргізілетініне на­зар аудартты.

– Бастапқы кезеңде цифрлық тең­ге экспорттаушыларға арна­ла­ды. Яғни, соның көмегімен ҚҚС қай­тарылады. Өзге төлем түрлері­не қарағанда, цифрлық теңге қо­сыл­ған құн салығын қайтаруды же­делдетеді. Бұл 55 күннен үш ай­ға дейін созылатын. Енді бұған 15 жұмыс күні жеткілікті болады және салықтық тексеру жүр­гі­зіл­мей­ді. Жобаға қатысушылар банк­тер арқылы Ұлттық банктен «ҚҚС» деп таңбаланған цифрлық тең­гелерді алады. Бұл цифрлық тең­­гелерді тек электронды шот-фак­­туралар бойынша өнім жет­кізу­шілерімен есеп айырысуға, сон­дай-ақ мемлекетке ҚҚС-ті тө­леуге ғана пайдалануға болады, – деді А.Жибитаев.

Сөйтіп, бұл цифрлық теңгені жұм­сау бағыттары шектеледі. Ма­манның түсіндіруінше, ҚҚС таң­басы бар цифрлық теңгені басқа мақсаттарға жұмсауға немесе қол­ма-қол ақшаға айналдыруға тыйым салынады. Ақыр соңында қо­сылған құн салығының төлемі тү­рінде қазынашылық шотқа түс­кен­нен кейін Қаржы ми­нистр­лі­гі­нің Қазынашылық комитеті Ұлт­тық банк арқылы цифрлық тең­геден ҚҚС таңбасын алып тас­тайды («размаркировка»). Содан соң оны бірыңғай қазынашылық шотқа, яғни бюджетке аударады. 

А.Жибитаевтың пікірінше, бұл ҚҚС төлеуден жалтару үшін түрлі арамза схеманы қолданатын адал емес салық төлеушілердің са­нын қысқарту үшін жасалып отыр. Өз кезегінде кәсіпкерлер цифр­лық теңгені негізінен қол­дап­ты. Бизнестің басты бір көз­де­гені де мемлекеттен қаражатын қай­тару болатын. Берешек цифр­лық теңгемен төленсе де, өтелгені жақсы. 

Мемлекеттік кірістер ко­ми­тетінің төрағасы Жан­дос Дүйсембиев журналистер­ге цифрлық теңге қолданылатын «Цифр­лық ҚҚС» ілкі жобасы туралы айтып берді. Мемлекеттік кіріс­тер комитеті Ұлттық банкпен бірлесіп, бұл жобаны 2024 жылғы 7 қазанда іске қосқан екен. Ол қо­сылған құн салығын бюджеттен са­лық төлеушіге қайтару рәсім­де­рін модернизациялауға бағыттал­ған. 

Объективті себептерге орай дәс­түрлі қаржы құралдары есебі­нен мұны жүзеге асыру қиын бо­лыпты. Жобаға цифрлық теңгенің жұ­мылдырылуы жаңа көкжиек­тер­ді ашып, мемлекеттің маневр өрісін күрт кеңейткен екен. Бұл сондай-ақ бизнестің салық ор­ган­дарымен өзара іс-қимылын жеңіл­детеді. 

Отандық өндірушілер өз өні­мін шетелге экспорттағанда ҚҚС төлемейтіні белгілі. Сонымен бір­ге, экспорттаушылар жаһандық нарыққа жеткізу үшін отандық өндірушіден немесе сатушыдан тауар не шикізат сатып алғанда аталған салықты төлейді, алайда ар­тынша оны бюджеттен кері өн­ді­ріп алуға құқылы. Бюджеттен ҚҚС үшін төленген қаржының қайт­пай қалуынан зәрезап болған биз­нес оны төлемеу үшін түрлі амал-шарғыға барады. 

Мысалы, Мемлекеттік кіріс­тер комитеті мамандарының мә­лі­метінше, осы мақсатта ҚҚС-ті «бір күндік өмірі бар фирмалар» ар­қылы есептейтін сұр схемалар жол­ға қойылған. Мұндай ком­па­ния­лардың ұзын тізбегі тауар­лар­ды ішкі нарықта қолдан қолға өт­кізіп, қайта сатуға бағдарланған бір­неше операцияны іске асыру үшін құрылады. Соның нә­ти­же­сін­де тауарлар қозғалысының бас­тауын жасырады және түпкі ақ­ша алушыларды бүркемелейді. Тауардың қайдан шыққаны, ол үшін қаражаттың кімге төленгені бел­гісіз қалады. Жалған фир­ма­лар­дың «өмірлік» циклі шолақ: үш-алты ай өткенде, тоқсандық есеп тапсыратын кез жеткенде, са­лық төлеушілер «жойылып» ке­теді. 

Пилоттық жоба міндетті жүйе­ге айналса, бір күн­дік жал­ған фирмалар салықтан жал­тару схемаларын ілгерілету мақ­сатында көзбояу шот-фак­тура­ларын сата алмайды. Өйткені цифрлық теңгедегі ҚҚС таңба­ланған күйде болады. 

Ал арнайы бағдарлама арқа­сын­да цифрлық теңгенің бүкіл «жү­ріс-тұрысы» туралы ақпарат ағы­ны жүйеде сақталады. Өз кезе­гін­де цифрлық теңгемен жасалған барлық транзакция туралы ақ­па­раттар, сондай-ақ өнім жет­кізу­ші­лер бойынша ҚҚС-тің қозғалысы тура­лы мәліметтер мемлекеттік кі­ріс­тер органына беріледі. Бұл те­тіктің арқасында салықшылар еш­қандай салықтық тексеруін жүр­гізбей-ақ, ҚҚС-ті жедел қай­тару үшін қажетті бүкіл ақпаратқа қол жеткізеді. 

Бизнеске майдай жағатын жүйе

Мемлекеттік кірістер ко­ми­тетінің төрағасы Жан­дос Дүйсембиев «салық пен цифрлық теңге одағының» ар­тық­шылығын атады. Біріншіден, ол биз­неске пайдалы. Кәсіпкер ҚҚС-ін жедел қайтара алады. Сол ар­қылы айналым қаражатын кө­бейтеді, бюджеттен тез оралған мил­лиардтарын қайта бизнеске салып, теңгеден теңге тудырады, та­бы­сын ұлғайтады. Осының бәрі биз­несінің орнықтылығын арт­ты­ра­ды, мүмкіндігін кеңейтеді, ел экспортын дамытуға ықпал етеді. 

ҚҚС-ті қайтару мерзімдерінің нақ­тылығы кәсіпкерлерге бизнес-процестерін барынша дәл жос­пар­лауға, контрагенттерімен уа­қы­тылы есептесуге, мемлекеттік қар­жы институттары, банктер мен микроқаржы ұйымдары алдын­дағы кредиттік міндеттемелерін дер кезінде орындауына мүмкіндік береді.  

Айтқандай, цифрлық теңгеге не­гізделген ҚҚС-ті қайтару жүйе­сін­де салықтық тексерулердің жүр­гізілмейтіні бизнеске жаса­ла­тын қысым мен стресті төмен­де­те­ді. Салықшылар сұрататын қо­рап-қорап құжатты жинап, дайын­­­­­дауға кететін уақытын, адами ресурс­та­рын үнемдейді. Мы­салы, 2024 жыл­ғы 9 айда са­лық­шылар 3 325 тек­серу жүргі­зіп­ті. 

Екіншіден, жоба шенеуніктер ара­сындағы сыбайлас жем­қор­лық­пен, бюджет қаржысын мақ­са­тынан тыс жерге жұмсауымен жә­не бизнестің көлеңкелі схе­ма­ла­рымен күрестің жойқын қаруы­ның біріне айналуға тиіс. Комитет бас­шысының сендіруінше, ар­найы бағдарламалау нәтижесінде ҚҚС таңбалы цифрлық теңгені сұр схемаларға қолдану, қолма-қол ақшаға айналдыру мүмкін бол­май қалатын көрінеді. 

Биылғы жылдың салалық басты бір жаңалығына ай­налған пилоттық жоба сондай-ақ са­лықтық әкімшілендіруді жеңіл­дету­ге, әкімшілік шығыстарды азай­туға мүмкіндік береді. Себебі, бұл процеске мемлекеттік ор­ган­дардың мейлінше аз тартылуын қам­тамасыз етпек. Бұдан мем­ле­кеттік қызметтегі жұмыс қолы бо­сайды. Бұдан бөлек, жаңа жүйе елі­міздің инвестициялық тар­тым­дылығын арттырып, жаһандық рей­тингтердегі тұғырын биікте­те­ді деп күтіледі. Бизнес үшін ба­рын­ша айқын әрі тиімді салықтық ор­таны түзе отырып, респуб­ли­ка­ның экспорттық әлеуетін өріс­тетеді. 

Мамандардың тұжырым­дауын­­ша, цифрлық теңге бұл жо­бада тиімділігін көрсете алса, ол ел өмірінің басқа салаларына, би­лік, бизнес пен бұқараның ық­палдастығының өзге бағыттарына тез-ақ кең тарала бастайды. 

Айхан ШӘРІП