Ол 11 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырған.
Қостанайда әлеуметтік бейімдеу орталығының басшысы сотталды
Ашық дереккөз
183
оқылды

Қостанай облысында әлеуметтік бейімдеу орталығының бұрынғы басшысы сотталды. Бұл туралы облыс соттарының бірыңғай баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды Aykin.kz. 

«2017-2023 жылдар аралығында сотталушы орталыққа төрт азаматты жалған жұмысқа орналастырған. Олар жүргізуші, шаруашылық меңгерушісі, заңгер және санитар қызметтерінде «тіркелген» болып, шын мәнінде жұмыс атқармаған. «Өлі жандардың» атына аударылған қаражатты сотталушы өз пайдасына жымқырған», — деп жазылған хабарламада.

Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жымқырған қаражатты қайтарды. Қостанай қаласы әкімдігінің өкілі сот барысында айыпталушының жаза жеңілдету туралы процессуалдық келісім жасасуына қарсылық білдірмеді.

«Процессуалдық келісімнің барлық шарты орындалған істер бойынша қылмыстық құқықбұзушылық үшін тағайындалатын жаза мерзімі мен мөлшері тиісті бапта көзделген ең қатаң жазаның жартысынан аспауға тиіс», — делінген сот хабарламасында.

Сот үкімі бойынша айыпталушы екі жарым жылға орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сонымен қатар сотталушы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды. Оны сот залында қамауға алды.