Мәліметтерге сәйкес, үш айыпталушы да бағалы металдарды заңсыз сатып алу, тасымалдау және сату бойынша кінәсін мойындап, процессуалдық келісімге келген.
Ақмола облысында өтірік алтын сатқандар ұсталды
419
оқылды

Астанада өтірік алтын бұйымдарының үлкен партиясы сатылғаны анықталды, - деп хабарлайды Aykin.kz. 

"Ақмола облысы Бестөбе кеншілер ауылының екі тұрғыны қара кеншілерден алтын сатып алуды ұйымдастырған. Кейіннен тазартылған алтынды белгілі брендке ұқсас зергерлік бұйымдар ретінде жасап отырған шымкенттік тұрғынға жіберіп отырған", - делінген қылмыстық іс материалдарында.

Содан кейін зауыттық жапсырмалары, этикеткалары және 585 маркалы дайын әшекей бұйымдарды Астанадағы сауда үйлерінің біріне сатуға жеткізген. Түпнұсқадан аумайтын зергерлік бұйымдарды сатушылардың да, сатып алушылардың да жіті тексермегені белгілі болды. Шымкенттік зергер заңсыз сатып алып, қайта сатқан асыл металдардың жалпы құны 31 миллион теңгені құрады.

Тінту кезінде ҚМА қызметкерлері курьерден жалпы салмағы 384,79 грамм, құрамы 99,5%, грамының бағасы 29 737 теңге құрайтын үш құйма алтын тапты.

Айыптаушы тарап атап өткендей, Қазақстанда Үкімет бағалы металдарды өндіретін кәсіпорындардың тізбесін бекітті. Олардың қатарында "Казцинк" ЖШС, Kazakhmys Smelting ЖШС, "Тау-Кен Алтын" ЖШС бар.

Мәліметтерге сәйкес, үш айыпталушы да бағалы металдарды заңсыз сатып алу, тасымалдау және сату бойынша кінәсін мойындап, процессуалдық келісімге келген. Сот үкімімен шымкенттік зергер төрт жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Барлық сотталушылар бес жыл уақытқа асыл металдарға қатысты қызметпен айналысу құқығынан айырылады.

Сондай-ақ қылмыс нәтижесінде алынған зергердің көліктері, сақиналары, сырғалары, құймалары, сынықтары тәркіленді. Сақтау, тасымалдау және сатумен айналысқан сыбайласына шетелдік автокөлік, қолма-қол теңге, доллар және ұялы телефондар қайтарылды. Өйткені тергеу барысында олардың қылмыстық жолмен алынғаны анықталмады.