Тәуелсіздік күні қарсаңында «AMANAT» партиясының қолдауымен Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өтті. «Төрлет, еңбек адамы» тақырыбындағы дәстүрлі дода биыл еңбек адамын ұлық­тауға арналды.
«Алтын домбыра» – Мейірбекте
502
оқылды

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партия­сының Төрағасы Ерлан Қошанов Прези­денттің төл мәдениетімізге қамқорлық та­нытып, ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. 

«Мемлекет басшысы айтысты, ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық спортымызды барынша қолдап келеді. Өткенде ғана Дүниежүзілік көшпенділер ойыны жоғары деңгейде өтті. Бұдан бөлек, биылдың өзінде руханиятқа еңбегі сіңген біраз ұлы қайрат­керлеріміздің мерейтойларын атап өттік. Солардың бәріне Президентіміз ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы әлемдік саясатта, жаһандық деңгейде ұлтымыздың рухын асқақтатып, мемлеке­тіміздің мүддесін, халқымыздың намысын қорғап жүр», – деді Е.Қошанов. 

Мәжіліс Спикері қазіргі уақытта қоғамда Президенттің «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидасы орныға бастағанына назар аударды. Бүгінгі аламан айтыстың да тақырыбы осыған арналып отыр. 

«Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Қай уақытта да ақындар ерлік пен еңбекті жырлаған. Шын мәнінде, мем­лекеттің ырыс-құтын, елдің береке-бірлігін шашау шығармай ұстап тұрған қарапайым еңбек адамдары ғой. Олар туралы қанша мәрте жырласақ та көптік етпейді деп ой­лаймын. Сондықтан бүгінгі төріміз де, сө­зіміз де еңбек адамдарына арналмақ», – деді Е.Қошанов.

Өз кезегінде, айтыс тізгінін ұстаған көрнекті ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай дүбірлі доданың мәні мен маңызына тоқталып, қазылар алқасының құрамы мен ақындар қауымын таныстырды.

«Айтыс – бабадан қалған байрақты өнер. Ғасырлар қойнауынан жеткен қастерлі қазынамызды ұлықтау, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ қастерлі парыз. Бүгін алдарыңызда бағы мен бабы келіскен шын жүйріктер сынға түседі. Төл өнеріміз төрге оза берсін», – деді ол.

Сонымен қатар «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт­тық өнерімізге әркез қолдау көрсетіп келе жатқанын жеткізді.

«Өздеріңіз білетіндей, ел Президенті келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған болатын. Сондықтан «Төрлет, еңбек адамы» тақырыбында ұйымдастырылған бұл айтыстың басты мақсаты – адал еңбек иелерін дәріптеу, төрге шығару және насихаттау. Міне, екі күн бойы ерке Есілдің бойында – Астана төрінде аламан айтыстың куәсі болдық. Елдің айызын қандырған, айбарын асырған дода болды деген ойдамын. Баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін», – деді партияның Атқарушы хатшысы.

Осы орайда Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы, белгілі ақын Жүрсін Ерман айтыс өнерінің мәні мен маңызына тоқталды.

«Бүгінгі айтыс – қазақ жырының тойы, жыр жәрмеңкесі. Мұндай айтысты көрген де бар, көрмеген де бар. Айтыс – киелі өнер. Оны әрдайым қолдап, қорғаштай білу қажет», – деді ол.

Ал Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова жиналған көпшілікті өнер мерекесімен құттықтап, ақындар қауымына алғысын білдірді. 

«Қашанда қазақ халқы үшін еңбек адамының мәртебесі биік. Сондықтан бүгінгі айтыстың тақырыбы кездейсоқтық емес. Айтыс – халқымыздың биік өнері. Айтыс – атадан балаға мирас болған мұра. Ал ақындарымыз халықтың мұң-мұқтажын жырлап, әркез еліміздің сенім үдесінен шығып келеді. Төл өнеріміз төрге оза бер­сін», – деді вице-министр.

Осылайша, екі күнге созылған жыр аламанында қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан иеленді. Оған «Алтын домбыра» және автокөлік табысталды. 

Жүлделі 1-орын және «Айтыс ақтаңгері» атағы ақтөбелік Нұрбол Жауынбаевқа, 2-орын жетісулық Айым Асылбекқызына бұйырды. 3-орынды қарағандылық Дидар Қамиев, павлодарлық Аспанбек Шұғатаев және ұлытаулық Өміржан Көпбосын өзара бөлісті.

Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысынан келген Жансая Мусинаға «Көрермен көзайымы» жүлдесі мен «Айтыс ақтаңгері» атағы беріліп, темір тұлпардың кілті табысталды. Ал арнайы жүлдені алматылық Қазірет Бердіхан және Шұғайып Сезімхан, шымкенттік Біржан Байтуов, астаналық Әсем Ережеқызы иеленді.

Сайысқа түскен барша ақынға сый-сияпат жасалды.

Ә.САМАТҰЛЫ